Батыс дербиінде "Каспийдің" асығы алшысынан түсті

1209

Қазақстан Премьер-лигасының 21-туры аясында төрт кездесу өтіп, елордалық "Астана" көш басына шықты.

Батыс дербиінде "Каспийдің" асығы алшысынан түсті

Қазақстан Премьер-лигасының 21-турында "Каспий" мен "Атырау" клубтары күш сынасты. Ақтаудағы "Жас Қанат" стадионында өткен матч 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Кездесудің 58-минутында "Каспийдің" жартылай қорғаушысы Ненад Гаврич өзінің Премьер-лигадағы дебюттік голын соқты. Бірақ 66-минутта Жиан Мартинс пенальтиді сәтті орындап, есепті теңестірді. 70-минутта жеңісті гол да он бір метрлік айып добынан салынды. Бұл жолы "Каспийдің" жартылай қорғаушысы Аслан Дарабаев мүлт кетпеді. Бұл ойыннан кейін ақтаулық клуб 27 ұпаймен жетінші орынға көтерілді. "Атырау" 26 ұпаймен бір саты төменде тұр.

Сонымен қатар "Тұран" Қазақстан Премьер-лигасының 21-туры аясында шымкенттік "Ордабасыны" қабылдады. "Түркістан Аренада" өткен "Оңтүстік дербиі" 1:1 есебімен аяқталды. Матчтың 35-минутында Стефан Живкович пенальтиден гол соқты. 66-минутта алаң иелері тағы да он бір метрлік айып добын тебуге мүмкіндік алды. Нүктеге келген Живеович қақпаның сол жақ бұрышын көздеген еді, Бекхан Шайзада сейв жасады. Ал 95-минутта алаңға тыңнан шыққан Мұхамаджон Рахимов Абдуллай Диакатенің пасынан кейін таразы басын тең қылды. Бұл ойыннан кейін қос клуб та турнирлік кестедегі позицияларын өзгертпеді. Түркістандық клуб 20 ұпаймен он екінші орында қалса, шымкенттік ұжым 31 ұпаймен бесінші орынын сақтап қалды.  

"Астана" Қазақстан Премьер-лигасының 21-туры қарсаңында "Ақтөбені" қабылдады. Матч "Астана Арена" стадионында өтіп, 2:1 есебімен аяқталды. Ойынның небәрі 4-минутында Марин Томасовтың айып добынан асырған пасын Фатос Бечирай өз пайдасына жаратты. 13-минутта Максим Федин пенальтиден гол соға алмады. Ал екі минуттан кейін Марин Томасов "Астананың" екінші голын соқты. 19-минутта Дмитрий Коркишко "Астана" қақпашысын сан соқтырды. Осылайша, бұл кездесуде Бечирай мен Коркишко дебюттік голдарын соқты. "Астана" бұл жеңістен кейін 47-ұпаймен көш басына шықты. Владимир Мұханов шәкірттері 24 ұпаймен оныншы орында қалды.

"Жетісу" Olimpbet-Қазақстан чемпионатының 21-турында "Ақжайықпен" кездесті. Талдықорғандағы "Жетісу" стадионында өткен матч 2:2 есебімен аяқталды. Ойындағы алғашқы гол екінші таймда соғылды. 57-минутта "Жетісу" шабуылшысы Айбар Жақсыоықов есеп ашты. Жеті минут өткен соң Евгений Козлов қақпаның алыс бұрышын дәл көздеп, таразы басын теңестірді. Ал 74-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Рауль Джалилов баспен гол соғып, алаң иелерін алға шығарды. Бұған жауапты 80-минутта Еркін Тапалов берді. "Ақжайықтың" жартылай қорғаушысы оң қапталдан асырылған пасты басымен қақпаға дәл бағыттап, командасына бір ұпай сыйлады.

Бір ұпайды қанағат еткен "Ақжайық" бесінші орынын сақтап қалса (29 ұпай), талдықорғандық ұжым соңғы орыннан көтеріле алмады (12 ұпай).

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу