Батыс Қазақстан облысында 245 шақырым автожолды жөндеу жұмыстары аяқталды

210

Облыс орталығына баратын уақыт екі еседен астам қысқарды.

Батыс Қазақстан облысында 245 шақырым автожолды жөндеу жұмыстары аяқталды Фото: Үкімет

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында облысаралық және ауданаралық автожолдарды кең ауқымда жөндеу жөнінде қойған міндеттері шеңберінде Батыс Қазақстан облысында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын, жалпы ұзындығы 245 шақырым жолға жүргізілген реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары 100% аяқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Атап айтқанда, жұмыстар ұзындығы 142 шақырым "Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы" автожолында, сондай-ақ ұзындығы 103 шақырым "Өнеге – Бисен – Сайқын" автожолында жүргізілді. Бұл автожолдарды жаңғыртуға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 81,7 млрд теңгені құрады.

Жаңартылған жолдар аудандардың облыс орталығымен тұрақты байланысын және Ресеймен мемлекеттік шекараға шығуды қамтамасыз етеді. Осы бағыттар бойындағы елді мекендерде тұратын 54 мың адам үшін Орал қаласына және басқа бағыттарға күнделікті қатынау жеңілдеді. Тауарлар мен жүк тасымалы артып, арнайы көлік қозғалысы жиілей түседі. Барлық учаскелерде алғаш рет асфальт төселді, бұл қозғалыс жағдайларын жақсартып, шалғайдағы елді мекендермен көлік қатынасын жақсартады.

Облыс орталығына баратын уақыт екі еседен астамға – 12-14 сағаттан 5-6 сағатқа дейін қысқарды.

Көлік министрлігінің мәліметінше, соңғы 6 жылда Қазақстанда 31 мың шақырым автомобиль жолы, оның ішінде 12,5 мың шақырым республикалық және 18,5 мың шақырым жергілікті желі реконструкцияланып, жөнделді. Нәтижесінде, республикалық желінің нормативтік жай-күйі 89%-дан 93%-ға, жергілікті желінің көрсеткіші 71%-дан 91%-ға дейін жеткізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу