2018 жылдың қараша айында қазандағы көрсеткішпен салыстырғанда баспана саудасы 23,9 пайызға артып, баспанамен байланысты 23 460 сауда-саттық жасалған.
Статистика комитетінің мәліметінше, баспана саудасы қарқынды көбейген өңірлердің қатарында Маңғыстау облысы (71,3 пайыз), Ақтөбе облысы (30 пайыз) бен Қызылорда облысы (24,6 пайыз) бар.
Ал кері динамика СҚО (-10 пайыз) мен Астанада (-12,9 пайыз) және Алматыда (-13,6 пайыз) байқалады.
Жалпы, жыл басынан бері елде баспана саудасы бойынша 242 790 келісімшарт жасалған. Айлық динамикаға көз жүгіртер болсақ, қазан айымен салыстырғанда қарашада сауда 14 пайызға төмендеген екен. Соның ішінде ең бәсең өңірлер Алматы (-26,8 пайыз), Маңғыстау облысы (-19,8 пайыз) және Жамбыл облысы (-18,4 пайыз).
Дегенмен, сауда көлеміне тоқталар болсақ, Алматы бәрібір бірінші орында тұр. Оңтүстік астананада бір айда 3 787 сауда операциясы жасалса, екінші орындағы Астана қаласында бұл көрсеткіш 2 958. Ал үшінші орындағы Қарағандыда бір айда 2 310 келісімшарт жасалған.
Аутсайдерлер ішінде бірінші орында Қызылорда облысы (426 келісімшарт), СҚО (619) және Түркістан облысы (622).
Айта кетерлігі, саудаланған 23 450 баспананың 17 361-і пәтер болса, қалған 6 099-ы жер үй. Соның ішінде жер үйлер саудасы Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында көбірек жасалады екен.
Баспана саудасының жыл соңы бәсеңдегенімен, бір жылдық көрсеткіште әлдеқайда ұлғайғаны өз кезегінде бағаға да әсер етпей қоймады. Жалпы, қазаннан бері елдегі баспана бағасы 0,1 пайызға қымбаттады. Соның ішінде Шымкент (2,2 пайызға), Ақтөбе (0,8 пайызға) қымбаттады.
Абаттандырылған үйлердің алыпсатарлық бағасы 0,4 пайызға артып, соның ішінде Астанада (+1,4 пайыз), Алматыда (+0,5 пайыз), Оралда (+0,6 пайыз) және Түркістанда (+5,8 пайы) айтарлықтай қымбаттады.
Бауыржан Мұқан