Батыстық вакциналар – байларда, дамушы әлемнің үміті – Қытайда

9193

Бай елдер COVID-19-ға қарсы вакциналардың көбіне алдын-ала тапсырыс беріп қойғандықтан, әлемнің өзге бөлігі эпидемиямен күресте қытайлық екпелерге үміт артып отыр.  

Батыстық вакциналар – байларда, дамушы әлемнің үміті – Қытайда

Бірақ сол препараттар көмектесе ме?

Сенбеуге нақты негіз жоқ. Дегенмен,  Қытай вакциналық жанжалдар тарихынан кенде емес және де оның дәрі жасаушылары өз екпелерінің адамдарға соңғы сыналуы туралы тұщымды дерек жарияламай отыр. Сонымен қатар, бұл мемлекетте 1 миллионнан астам адам вакцина салдырды. Оның нәтижесі қандай?

Бақуатты мемлекеттер батыстық фармацевтикалық компаниялар келесі жылы өндіретін 12 млрд екпенің 9 миллиардқа жуығын сатып алып қойды. Ал, сол вакциналарды әлемге тең тарату үшін құрылған COVAX ғаламдық ұйымы тіпті 2 млрд дозаға қол жеткізе алмай отыр. Сондықтан, алдын-ала тапсырыс бере алмаған елдердің Қытайға сүйенуіне тура келіп тұр.

Қытайда қазір алты кандидат-вакцина бар. Олар кең ауқымды сынақтың соңғы фазасынан өтіп жатыр. Коммунистік үкімет өкілдері мәлімдегендей, Қытайда алдағы жылы 1 миллиард доза өндіретін мүмкіндік бар. Ал, президент Си Цзиньпин Қытай вакциналарын әлемдік игілікке айналдыруға уәде берді.

Өзге елдерде миллиондаған адамның қытайлық вакциналарды қолдануы Бейжіңнің шетел асқан коронавирустан  зардап шеккен репутациясын қалпына келтіріп, Қытайды әлемге негізгі ғылыми ойыншы ретінде көрсетуі мүмкін.

"Бірақ, Қытай дүниежүзін сенімді вакциналармен қалай қамтамасыз етеді деген сауал әзірге жауапсыз", - дейді Ұлыбританияның Кент университетінің жаңа ғылым этикасын зерттеуші профессоры Джой Чжан Қытайдың ғылыми деректерінің ашық еместігін және оның бұған дейін екпе жеткізуде қиындықтарға тап болғанын еске ала отырып.

Өткен аптада Бахрейн Біріккен Араб Әмірліктерінен кейін Қытайдың "ковидке" қарсы вакцинасын мақұлдаған екінші елге айналды. Ал, Марокко осы айда қытайлық екпелермен халықты жаппай иммундауға кірісетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, қытайлық вакциналар Түркияда, Индонезияда, Бразилияда мақұлдауды күтіп отырса, Ресей, Мысыр, Мексика тәрізді тағы он шақты елде олар ауқымды сынақтан өткізіліп жатыр.

Күмән мен мадақ

Дегенмен, қытайлық екпелерге сенбей отырған елдер де бар. Бразилия президенті Жаир Болсонару ешқандай дәлел келтірместен Sinovac компаниясының кандидат-вакцинасына күмәнданып оны бразилиялықтарға "тәжірибелік қоян" ретінде сынауға жол бермейтінін бірнеше рет ескертті.  

Көптеген сарапшылар болса, Қытайдың вакцина жасау мүмкіндіктерін мақтап отыр.

"Зерттеу жақсы жүргізілген тәрізді. Мен бұған аса алаңдамас едім", - дейді Сидней университетінің медицина мектебінің ғалымы Джейми Трикас "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Гонконг университетінің профессоры Цзинь Донг-янның айтуынша, иммундау бағдарламасын он жылдан астам уақыт бұрын құруға кіріскен Қытай өз халқы үшін бірнеше сәтті вакцина жасады. Солардың қатарында безгек пен гепатитке қарсы екпелер бар. "Дәрілер егілгеннен кейін Қытайда бұл аурулар өршімей тұр. Соған қарағанда, вакциналар қауіпсіз әрі тиімді ойластырылған", - дейді Цзинь Донг-янь.

Соңғы онжылдықта өзінің дәрі өндірісінің сапасын көтеру үшін Қытай Гейтс қорымен бірлесіп жұмыс істеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы елдің коронавирусқа қатысы жоқ бес вакцинасын алдын-ала квалификациядан өткізіп, оларды өзге мемлекеттерде қолдануға жол ашты. 

Осы екпелерді шығарған компаниялар қатарында қазір коронавирусқа қарсы вакцина жасап жатқан Sinovac пен Sinopharm бар.

Вакциналық жанжалдар

Дегенмен, 2018 жылы Sinopharm фирмасының еншілес кәсіпорны – Ухань биологиялық өнімдер институты үлкен вакциналық дауға ұрынды. Сол кезде мемлекеттік инспекторлар коронавирус пайда болған қалада орналасқан мекеменің жабықтарындағы ақауға қарамастан дифтерияға, сіреспеге, көкжөтелге қарсы жүздеген мың тиімсіз екпе шығарғанын анықтады.

Дәл сол жылы Changsheng Biotechnology Co компаниясының құтырмаға қарсы вакциналар туралы мәліметтерді бұрмалағаны хабарланды. Ал, 2016-да Қытай ақпарат құралдары  балаларға арналған 2 миллиондай вакцинаның дұрыс сақталмай, жылдар бойы бүкіл елге сатылғанын әшкереледі. Осы жанжалдардан кейін елде вакциналау деңгейі күрт төмендеп кетті.

2017 және 2019 жылдары Қытай вакциналарды сақтау тәртібін қатаңдатып, тексеруді күшейтіп, жарамсыз вакциналар үшін айыппұлды көбейту мақсатында заңдарын қайта қарады.

Қытайдың COVID-19-ға қарсы вакцина жасаушылары ғылыми қорытындыларын мамандандырылылған журналдарда жариялады. Бірақ, халықаралық сарапшылар екпелерді сынауға еріктілер қалай тартылды және дозалардың жанама әсері қандай деген сауалдарға жауап таппай отыр. Себебі, қытайлық компаниялар мен үкімет әзірге олар жайлы егжей-тегжейлі мәлімет таратқан жоқ.

Батыстың Pfizer, Moderna компаниялары жасаған екпелердің тиімділігі жайында деректер жария болғаннан кейін сарапшылар қытайлық нәтижелерді де күтіп отыр. Біріккен Араб Әмірліктерінің реттеуші органдарының мәліметінше, Қытайдың Sinopharm компаниясының вакцинасы ішкі клиникалық тәжірибеден кейін өзінің 86 пайызға тиімділігін байқатқан. Ал, түрік үкіметі Sinovac екпесі 91.25 пайызға тиімді деп мәлімдеп отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу