Бұдан былай Қырғызстанда биткоин және басқа криптовалюта өндірілмейтін болды. Мемлекет барлық майнинг-фермаларды орталықтандырылған қуат көзінен ажыратып тастады. Олар әрі қарай тек жел генераторы, күн батареясы сияқты тәуелсіз, автономды әрі жаңғыратын энергия көздерінен өз бетінше жұмыс істей алады.
Мемлекет мұндай шетін шешімге электр энергиясының тапшылығына байланысты барып отыр. Бұл туралы елдің энергетика министрі Таалайбек Ибраев 24.kg-ге сұхбатында мәлімдеді.
"Қазіргі кезде электр қуатының дефициті басталды. Осы жағдайда бүкіл республика бойынша барлық майнинг-фермаларды толығымен тоқтан айыру туралы шешім қабылданды. Бұл мәселені мен министр ретінде ерекше бақылауыма алдым", – деді қырғыздың бас энергетигі.
Дегенмен, Ибраев Қырғыстанда энергия дағдарысы жоқтығына сендіріп бақты. Оның түсіндіруінше, мәселе қуат жүйесінің шектен тыс үлкен жүктеме жағдайында жұмыс істеп жатқанында болып тұр.
Бүгінде жергілікті және шетелдік ақпарат құралдары күн суыған маусымда Қырғыз Республикасында алапат энергия күйзелісі басталып жатқанын жарыса жазуда. Алайда Энергетика министрі журналистерді жағдайды жоқтан ушықтырып, қара аспанды төндірмеуге шақырды.
Әйтсе де, министр елдің басты қуат қайнары саналатын аттас алып су электр станциясын қоректендіретін Тоқтағұл су қоймасы биыл толмай қалғанын, онда су деңгейі былтырғы жылмен салыстырғанда 2 миллиард текше метрдейге төмен болғанын мойындады.
Сондықтан шенеунік жылыту маусымы аяқталғанша су көлемін сақтап қалу және генераторлардың артық жүктелуін болдырмау үшін халық электр энергиясын үнемдеуі қажет екенін нықтады. Әйтпесе, кешкі уақытта қалалар, соның ішінде ел астанасы Бішкектің өзі тоқсыз қалып, қараңғылық құшағына ене береді.
"Қуатты тұтыну шырқау шегіне жеткенде апат болмауы үшін қуаттылықты 5 кВт-тан 3 кВт-қа дейін төмендетуге тура келеді. Бұл талап келісімшарттарда да жазылған және мұны халықты жарық-жылумен жабдықтап отырған қымбат құрылғылар жанып кетпеуі үшін жасаймыз. Қырғыздардың үйлерінде жарық та, жылу да болады. Бірақ үнемдеуге тура келеді. Айтпақшы, бұл бүкіл әлемде қалыпты жайт болып табылады", – деді энергетика министрі Таалайбек Ибраев.
Бір қызығы, мамандандырылған ForkLog порталы Қырғызстанда криптовалюта өндірісіне шектеу қойылып, майнингшілердің тегіс тоқтан ажыратылуының басқа астарын байқапты.
"Майнинг-фермалардың ағылтуы туралы жаңалықпен бір мезгілде Қырғызстанның Қаржы министрлігі қырғыздың тұңғыш стейблкоинын – USDKG-ді іске қосты. Елдің төл криптовалютасының шығарылым-эмиссиясының жалпы көлемі 50,4 миллион долларды құрады. Бұл цифрлық актив алтынмен қамтамасыз етілген және АҚШ долларына байланған", – деп хабарлады портал.
"Тұрақты монетаны" (стейблкоин ағылшын тілінен солай аударылады) "Эмитент Виртуальных Активов" ашық акционерлік қоғамы шығарады. Ал, бұл ұйымның 100% акционері – Қаржы министрлігі. Таяу күндері цифрлық ділдәні орталықтандырылған және орталықсыздандырылған алаңдарда листингтеу жоспарланып отыр.
Ал, осының алдында, 2025 жылғы қыркүйекте Қырғызстан Парламенті "Виртуалды активтер туралы" заң жобасын бірден 3 оқылымда шұғыл қабылдап, Президенттің қол қоюына жолдады. Орталық Азия мен Қазақстанда теңдесі жоқ бұл құжат қырғыздың министрлер кабинетіне биткоин-резерв құруға рұқсат етеді. Сондай-ақ, Қырғызстанда криптовалюталардың заңды нарығы құрылып, реттелуде.
Айта кететін жайт, елде энергия жетіспеушілігі барын ел Президенті Садыр Жапаров жариялаған болатын. Энергетика министрлігінің келісімінсіз, осыған қатысты ахуалды қоғамға жариялағаны үшін "Қырғызстанның ұлттық электр желісі" АҚ-ының бас директорына және оның орынбасарына сөгіс берілді.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы бұлай бара берсе, Қырғыстанның энергетикалық жүйесі нағыз апатқа ұшырайтынын жасырмады. Сондықтан Үкімет жаңа қуат көздерін салуға білек сыбана кірісті.
Президенттің мәліметінше, қазіргі уақытта Тоқтағұл су қоймасындағы су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 миллиард текше метрге аз. Су деңгейін ұстап тұру және электр энергиясының тапшылығын жою үшін Қырғызстан көп мөлшерде электр энергиясын Қазақстан мен Өзбекстаннан импорттауға мәжбүр екен.
Осыған байланысты қырғыз лидері барша халықты осы елдерге аз төлеп, олардан энергияны аз импорттау үшін электрді қатаң үнемдеуге көшуге шақырды. Өз кезегінде мемлекеттік мекемелердің бәріне ғимараттардағы барлық шамдар мен тұрмыстық техниканы сағат 18:00-ден кейін өшіру талабы қойылды.
Осылайша, Бішкектің мемлекеттік нысандар орналасқан орталық бөлігі – "Ситиі" кешкілік уақытта қалың қараңғылыққа бөленеді. Мемлекеттік қызметшілер көктемге дейін үйіне ертерек жіберіледі.
"Біз электр қуатын үнемсіз пайдалансақ, соғұрлым көп ақша жоғалтамыз! Қырғызстанда ешқашан энергия тапшылығы болмайды. Біз оны қажетті көлемде импорттай береміз. Бірақ сол үшін бюджеттен тым көп ақша жұмсап жатырмыз. Бұл қаражат халықтың, сіздің жеке ақшаңыз. Өкініштісі сол, көптеген адам энергия үнемдемейді. Көшеде келе жатып, кейбір үйге қарасам, күндіз пәтерлерде де, аулаларында да жарығы жанып тұрады", – деді халқына қайрылған Жапаров.
Президент бір елең еткізер формуланы жариялады: әрбір 100 ватт шам бір ғана сағат үздіксіз жанып тұрса, Тоқтағұл су электр станциясынан 270 литр су босқа кетеді. 1 лампа = 270 литр су шығыны.
Садыр Жапаров бұрынғы билікке оппозицияда болып, қуғында жүргенде Польшада тұрғанын еске түсірді.
"Бұдан былай түнде бәрін өшіруді ұмытпаңыз! Мен Еуропада 4 жыл тұрдым. Олар электрді бір минуттан артық пайдаланбайды. Жатар кезде барлығын өшіріп тастайды. Тек керек болғанда қосады. Бөлмеден, кабинеттен шыққанда жарықты бірден өшіреді. Өйткені онда электр қымбат. Мысалы, Германияда қыста бір кВт/сағ электр энергиясы 50 еуро цент немесе 50 сомға дейін тұрады. Қырғызстанда тек 1 сом 37 тиын ғана", – деді Садыр Жапаров.
Әділін айту керек, соңғы 3 жыл бойы Алатаудың ар жағындағы туысқан елде су, күн және жел электр станциялары жаппай салынып жатыр. Оның үлкен бөлігіне шетелдік қайырымдылық қорларының қайтарымсыз грант қаржысы тартылған.
Таяуда қырғыз тарихындағы тұңғыш күн электр станциясы іске қосылады. Бірақ соған қарамастан, Қырғыз Республикасы қысқы маусымда бәрібір энергия тапшылығын сезінеді, энергияны импорттауына тура келеді.
Энергетика министрлігі тоқ жетіспеушілігінің сақталуына республикада жыл сайын жүздеген зауыттар, мыңдаған мектептер, балабақшалар, әлеуметтік нысандар, миллиондаған шаршы метр үй қолданысқа беріліп жатуымен түсіндірді. Оның бәрі көп энергияны қажет етеді.
2024 жылы Қырғызстанда пайдалануға берілген энергия көздері:
• Бала-Сару СЭС-і – 25 МВт (Талас облысы);
• Ыстық-Ата-1 СЭС-і – 2 МВт (Шу облысы);
• Көк-Арт СЭС-і – 6,7 МВт (Жалалабад облысы);
• Қайнама СЭС-і – 9,6 МВт (Жалалабад облысы);
• Исфайрам-1 СЭС-і – 2 МВт (Баткен облысы);
• Құрақ-Тектір-1 СЭС-і – 0,6 МВт (Ош облысы);
• Арашан СЭС-і – 2,4 МВт (Ыстықкөл облысы);
• Белес СЭС-і – 0,54 МВт (Баткен облысы).
Былтыр жалпы қуаты 48,84 МВт болатын станциялар ел игілігіне тапсырылыпты.
2025 жылы пайдалануға берілген қуат көздері:
• Қойсу ГЭС-і – 9 МВт (Ыстықкөл облысы);
• Ыстық-Ата-2 ГЭС-і – 4 МВт (Шу облысы);
• Ақсу ГЭС-і – 4,75 МВт (Жалалабад облысы);
• Боз-Учук ГЭС-і – 5,54 МВт (Ыстықкөл облысы);
• Қаракөл ГЭС-і – 18 МВт (Жалалабад облысы).
Жыл басынан бері жалпы қуаты 41,29 МВт-ты құрайтын станциялар іске қосылды.
Бұдан бөлек, Қырғызстан үкіметі бұрынғы ірі ГЭС-терде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қуаттылығын арттырып жатыр: біріншіден, Тоқтағұл ГЭС-інің барлық 4 блогы жаңартылып, 240 МВт қуат қосылды.
Бұл 240 МВт жаңа ГЭС салуға тең!
Екіншіден, қайта құру аясында Үш-Қорған ГЭС-іне 9 МВт қуаттылық қосылды, ал, жаңғырту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін қосымша 36 МВт қуат пайда болады.
Үшіншіден, Қамбар-Ата-2 ГЭС-інде екінші 120 МВт блокты іске қосу жобасы жүзеге асырылуда. Бұдан өзге, реконструкция арқылы Ат-Башы ГЭС-іне 11,44 МВт қосылды. Лебединовка ГЭС-інде қайта құру жұмыстары бастау алды. Сондай-ақ, Папан ГЭС-інде, Ылыдықы Тар ГЭС-інде және Быстровка ГЭС-інде дайындық және жобалау жұмыстары жүргізілуде.
2025 жылы Жалалабад, Баткен, Ош, Нарын және Шу облыстарында 25 шағын ГЭС-тер тұрғызылды. Ал, 2028-2030 жылдары Қоңыршоқ, Қызыл-Су, Кіші-Кемин, Қыштұт және Төменгі Тар ірілеу ГЭС-тері салынады.
Қара-Кечеде жылдық электр энергиясын өндіру ауқымы 7 миллиард кВт/сағ-қа жететін 1200 мегаваттық жылу электр станциясының құрылысы басталды. Үкімет оны 2,5 жылда аяқтауды жоспарлады.
Ең бастысы, Қырғыз Республикасы халықаралық серіктестерінің және халықаралық алпауыт қаржы институттарының көмегімен алып әрі жаңа Қамбар-Ата-1 су электр станциясының құрылысын жүргізіп жатыр.
Оны салу үшін 50 жылға 1,5 миллиард доллар қарыз алды. Пайыздық сыйақы төлемейді. Қайтару бойынша "жеңілдік кезеңі" – 10 жыл. Станция өзіне салынған инвестицияны небәрі 15 жылда ақтайтыны жарияланды.
Қамбар-Ата құрылысы 7-8 жылда бітуге тиіс. Оның құрылысы тәмамдалып, толық жұмыс істей бастағанда, Қырғызстан электр энергиясын экспорттайтын елге айналады.
Осылайша, көршіде көптеген ірі, орта және шағын станциялар құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Олардың бәрі толыққанды іске қосылғанда, Қырғызстан Қазақстанға тәуелділіктен құтылып, одан электр энергиясын сатып алуды тоқтатуы мүмкін.