Орталық Азия, әсіресе Қырғызстан мен Өзбекстан әкімшілік қысымнан және салық ауыртпалығынан қашқан кәсіпкерлер үшін жаңа "жерұйыққа" айнала бастағандай. Ресейліктерден де, қазақстандықтардан да дәл осы республикаларда бизнесін тіркеуге деген өтініштер легі күрт өсіпті.
"Заңгерлер әсіресе, Қырғызстанда бизнес ашуға қатысты өтініштердің нағыз дүмпуін бақылап отыр. Кәсіпкерлерді бұл елде салықтардың төмендігі және билік органдары тарапынан қысымның жоқтығы қызықтырады. Жаңа жылда күшіне енетін Ресейдің салық заңнамасындағы алдағы өзгерістер аясында релокацияға тың серпін берілді. Оның үстіне қырғыз банктері санкция астында емес және әлемнің кез келген еліне ақша аудара алады. Сондықтан Ресейге импорт Қырғызстан мен Қазақстан арқылы өтеді – әрине, барлығы емес, бірақ айтарлықтай бөлігі", – деп жазды bfm.ru.
Соңғы жылдары бұл юрисдикция қазақстандық бизнес арасында да танымал болуда. Біріншіден, Қазақстан мен Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) мүшелері болып табылады, бірыңғай кеден аймағында орналасқан. Тиісінше, елдер арасында тауар қозғалысымен байланысты мәселе жоқтың қасы.
Екіншіден, қазақстандық банктер қырғыздың банк секторын белсенді түрде игеріп, өз филиалдарын ашуда, жергілікті банктерді сатып алуда. Ендеше Алатаудың ар жағындағы ағайын елге көшкен отандық кәсіпкерлерге транзакциялар, ақша аударымдары немесе несие алу бойынша үлкен қиындық туындамауға тиіс.
Үшіншіден, Еуразиялық одақтың талабына сәйкес, қырғыз бизнесі де, соның ішінде көрші елде тіркелген қазақстандық кәсіпкерлер де Қазақстандағы мемлекеттік сатып алуларға, ұлттық компаниялардың тендерлеріне еркін қатысып, жеңіске жете алады.
Компаниялармен бірге тұтас ұжым-командалар – ресейліктер және қазақстандықтар Қырғызстанға көшіп жатыр. Жергілікті тұрғындар бұл "ұлы көшке" күн сайын куә болып жүр: қоныс аударғандар ноутбуктерін көтеріп, коуоркинг кеңістіктерді, кеңселерді жайлауда, пәтер сатып алуда, жергіліктіге қарағанда жақсы жалақы алады.
Нәтижесінде ел астанасында тұрғын үй бағасы шарықтады. Қырғызстандық экономикалық сарапшы Арсен Иманқұловтың мәліметінше, Қырғызстан кейінгі жылдары жылжымайтын мүлік құнының қарқынды өсуін бастан өткеріп жатыр. Кадастрлық қызметтің дерегінше, тек 2024 жылы Бішкекте шаршы метрдің орташа бағасы 96 000 сомға жетті, бұл алдыңғы жылғыдан 27,5%-ға қымбат.
Егер 2023 жылы Қырғызстанның елордасында шаршы метрі 70 000 сомды құрайтын жаңа пәтерді табу мүмкін болса, қазіргі кезде одан екі есе көп ақша ұсынсаңыз да, қожайыны сатуға келіспеуі мүмкін.
2025 жылы бағаның өсуі жеделдеді: тұрғын үй құны жыл басындағы шаршы метрі үшін 130 000 сомнан жыл соңына қарай 180 000–220 000 сомға дейін өсті. ҚР Ұлттық банкінің ресми бағамы бойынша бұл 1,1 миллион (!) теңгеге тең.
Салыстырсақ, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Астанада жаңа салынған тұрғын үй кешендерінде шаршы метрдің орташа бағасы 560 000–582 000 теңгені, ал, қайталама нарықта 570 000–650 000 теңгені құрады. Осылайша, Қырғызстан астанасындағы тұрғын үй Қазақстан астанасындағыдан екі есе қымбат бағаланады. Мысалы, Бішкектің Первомай ауданында бір бөлмелі пәтерді 135 000 долларға (шамамен 69 миллион теңгеге) сатып жатыр.
Қазақстан және Ресей жаңа салық кодекстерін қабылдап, 2026 жылдың қаңтарынан бастап бизнеске салықтық жүктемені күрт арттырады. Дәл осы кезде іргедегі Қырғызстан 10% табыс салығы мен 2% жеңілдетілген салық режимін ("упрощенка") сақтап қалып, одақтастарының бизнесін өзіне магниттей тартып отыр.
"Салықтық жерұйықты" жер, мүлік және басқа салықтардан толық босататын қырғызстандық ішкі "оффшорлық аймақтар" толықтырып, тіпті сүйкімді ете түседі. Хабарландырулар бойынша шетелдік азамат жергілікті заңды фирмаларға 2000-нан 7000 еуроға дейін төлесе болды, дап-дайын қырғыз компаниясының иесі болып шыға келеді.
"Бізде орыстар мен қазақтар саны көбейіп барады. Олар өздерін өте еркін сезінеді және жайлы жұмыс істейді. Қатынап істемейді, релокант ретінде отбасыларымен көшіп келген, жалақыны да осындағы шоттарына алады. Мен олармен қызметтеспін. Қазақтардан айырмашылығы сол, ресейліктер көп қиындық көреді: санкциялық Ресейге ақша аудару, төлемді төлеу және басқа да қажеттілік туындай қалса, банктер тарапынан шектеулерге тап болады. Банктердің көбі Ресеймен жұмыс істегісі келмейді. Бірақ тұйықтан шығар жолды тауып жатырмыз. Бізде тіпті ақша алмастыратын өз чатымыз бар – біреуге рубль, біреуге сом керек болса, өзара алмасады", – деді ресейлік "Бизнес ФМ" порталына сұхбатында Бішкек тұрғыны Азиза.
Заңгерлер Қазақстанда және Ресейде қаңтар айында күшіне енгелі тұрған радикалды салық өзгерістеріне байланысты Қырғызстан өте төмен салықтарымен шетелдік бизнесті қызықтыратынын растады.
"Бүгінде бізге бизнесін Қырғызстанға көшіруге көмектесу бойынша көптеген тапсырыстар түсуде. Бұл елде табысқа салынатын салық мөлшері 10%, ал, ҚҚС – 12% ғана (Қазақстанда 16%, Ресейде 22%). Сонымен қатар, шетелдік контрагенттермен өзара әрекеттесу оңай. Яғни, Ресеймен де, шетелдік серіктестермен де ешқандай қиындық жоқ, бұл оны өте тартымды юрисдикцияға айналдырды. IT, креативті индустрия және басқа да нақты бекітілген қызмет түрлері үшін салық ставкасы небары 2%-дан 6%-ға дейінгіні құрайды. Бұл Қырғызстанда шағын бизнес үшін жақсы жағдай жасалғанын білдіреді", – деді World Open халықаралық корпоративтік заңгері Вячеслав Склянкин.
Әлгінде келтірілгендей, Қырғызстанда 5 "оффшорлық аймақ" та бар. Мысалы, "Бішкек" еркін экономикалық аймағының резиденттері сату салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан және табыс салығынан босатылған.
GS Law and Consulting компаниясының серіктесі және заңгері Александр Алексеевтің түсіндіруінше, Қырғызстанда салық төлеуші ретінде тіркелу бір аптадан бір айға дейін уақытты алады.
Ресми статистика да Қырғызстандағы шағын бизнестің нағыз өрлеуді бастан кешіріп жатқанын куәландырады. Қырғыз Республикасының Ұлттық статистика комитетінің ақпаратынша, 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша елде шамамен 450 000 жеке кәсіпкер (ИП) болыпты. Бүгінде бизнес субъектілерінің саны бір миллионға (808 800) жақындап келеді.
Көршілес елдер бағытында "бизнестің ұлы қоныстануы" басталып жатқанда, қазақстандық шенеуніктер бәріне байсалды қарайтындарын байқатты.
"Жаңа Салық кодексінің қолданысқа енгізілуі қарсаңында қазақстандық кәсіпкерлер өз бизнесі үшін балама "аэродромды" табу туралы көбірек ойласа бастады. ҚҚС мөлшерлемесінің жоғары болуы, салықты әкімшілендіруге қатысты өзгерістер және B2B сегментіндегі шектеулер шағын және орта бизнесті көршілес нарықтарға – Өзбекстан мен Қырғызстанға көшу нұсқаларын қарастыруға итермелейді. Кәсіпкерлердің қауіптенуінше, кейбір компания көршілерге тек қағаз жүзінде ғана көшуі, өздері Қазақстанда жұмысын жалғастыруы мүмкін. Тиісінше, салықтық жүктемесін азайтып, бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Дегенмен, салық органдары отандық ШОБ Өзбекстан мен Қырғызстанға көшіп кетеді деп қорықпайды", – деп жазады Digital Business.
Мемлекеттік кірістер ведомствосы мұндай сценарий экономикаға ешқандай жүйелі қауіп-қатер төндірмейді деп санайды. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов елден "қағаз жүзінде" кеткен қазақстандық бизнес өзі күткен салық жеңілдіктеріне қол жеткізе алмайтынын мәлімдеді. Ол тіпті Қазақстанның бұдан пайда көретініне сенімді.
"Көршілес елдерде компанияны тіркеп, Қазақстан нарығында сол жақтан жұмыс істеу – бүгінде кең таралған тәжірибе. Біз бұдан қорықпаймыз. Кәсіпкерлер: "Өзбекстанда немесе Қырғызстанда компаниямды тіркеп, Қазақстанға қызмет көрсетемін немесе осында тауар сатамын" деп ойлайды. Ең қызығы сол, біз тіпті бұдан пайда көреміз!" – деді Нұржанов.
Оның пікірінше, мұндай релокациялық модель тек бір қарағанда ғана тартымды. Ал, "іс жүзінде, тәжірибеде мұның экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып шығатынына" сендірді. Өйткені қырғыз тауарларын Қазақстан нарығына импорттаған кезде олар бәрібір 16% ҚҚС төлеуге мәжбүр болатынын еске салды (бірақ олар қырғыз бизнесі ретінде сол қосылған құн салығын Қырғызстан бюджетінен қайтарып ала алады).
Бұған қоса, қазақстандық салықшылар шетелдік, соның ішінде қырғызстандық бизнестен тауар не қызмет сатып алуды тиімсіз етудің тетігін тауыпты. Егер Қырғызстанға салық төлейтін компания немесе дара кәсіпкерлік қазақстандық компанияға тауар жеткізсе, қызмет көрсетсе, онда қазақстандық сатып алушысы да ҚҚС төлеуге міндеттеледі екен.
"Бүгінде бізде өз қызметін Өзбекстаннан көрсететін шамамен 1 100 салық төлеуші жұмыс істейді. Бұл қалыпты жағдай. Өзбекстанда да қазақстандық компаниялар жеткілікті, олар Қазақстанға да жұмыс істейді", – деген екіұшты дәйектеме келтірді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары.
Осы кезде Өзбекстанның Экономика және қаржы министрлігі 2026 жылға арналған салық саясатының негізгі бағыттарын жариялады. Құжатта кәсіпкерлерді қосымша қолдау шаралары қарастырылған, деп хабарлады Gazeta.uz.
Министрлік алдағы жылы ғана емес, орта мерзімді кезеңде Өзбекстан салықты әкімшілендіруді жақсарту, бәсекелестікті арттыру сияқты мақсаттарға берік болатынын мәлім етті. Демек, таяуда салық шарттарының нашарламайтынын кепілдендіреді.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылы Өзбекстанда базалық салықтар келесідей болады:
· ҚҚС – 12%;
· Жеке табыс салығы – 12%;
· Айналым салығы – 4%;
· Заңды тұлғалар үшін мүлік салығы – 1,5%;
· Ауыл шаруашылығы жерлеріне жер салығының ставкасы – жердің стандартты құнының 0,95%.
Шағын бизнес үшін есептілікті жеңілдету, басқа да жеңілдіктер беру жоспарланған. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап айналымы 1 миллиард сумға (шамамен 50 миллион теңгеге) жетпейтін жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғалар табыс айналымының тек 1%-ы көлемінде салық төлейді (қазіргі уақытта 4%).
Жеке кәсіпкерлерге (ИП) бекітілген табыс салығын (фиксированный подоходный налог) салу, сондай-ақ табысы 100 миллион сумға жетпейтін өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды салықтан босату жойылады. Олардың орнын табыс айналымынан 1% салық басады.