Бауырлас Түркияға жаңа "қауіп" төнді

969

Сарапшылар демографиялық саясатты күшейту үшін жаңа шаралар қабылдауды ұсынды. 

Бауырлас Түркияға жаңа "қауіп" төнді Фото: canva

Түркияда туу көрсеткіші қазіргі қарқынмен төмендей берсе, шамамен 40 жылдан кейін медианалық жас 45 жастан жоғары болуы мүмкін. Бұл туралы Түркия статистика институты (TÜİK) төрағасының орынбасары Фуркан Метин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Соңғы жылдары Түркияда халық өсімінің айтарлықтай баяулауы байқалып отыр. Сарапшылардың айтуынша, туу көрсеткішінің одан әрі төмендеуі халық өсімін тоқтатып қана қоймай, жұмыс күшінің қысқаруына, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне түсетін салмақтың артуына, денсаулық сақтау мен қарттарға күтім жасау шығындарының ұлғаюына әкеледі.

2014 жылдан бері туу көрсеткіші төмендеп жатыр

TÜİK мәліметінше, 2001 жылы жиынтық туу коэффициенті 2,38 болған, алайда 2014 жылдан бастап бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп келеді. Мамандар қазіргі үрдіс сақталған жағдайда, Түркия Еуроодақ елдерінің орташа деңгейінен де төмен түсуі мүмкін екенін айтады.

"Анадолы" агенттігіне берген сұхбатында TÜİK төрағасының орынбасары Фуркан Метин туу коэффициентінің 1,4 деңгейіне дейін төмендеуі алаңдаушылыққа себеп деп отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркия ресми түрде "қартаюшы елдер" санатына кірді, ал алдағы 25 жылда қарттар үлесі 25%-дан асуы мүмкін.

"1990 жылдары Түркия 20 жастағы жігітке ұқсайтын"

"1990 жылдары Түркия 20 жастағы жігіт секілді еді. Егер туу көрсеткішінің құлдырауы қазіргі қарқынмен жалғасса, шамамен 40 жылдан кейін медианалық жас 45 жастан асады. 45 жасқа келген Түркияның қауқары 1990 жылдардағы 20-25 жас кезіндегідей болмайды", – деді Фуркан Метин. 

Сарапшы Түркия қазір демографиялық дағдарысты бастан кешіп отырғанын айтады. 

"Әлем бойынша Түркияда кесарь тілігі ең көп жасалады"

Метиннің сөзінше, Түркия кесарь тілігі көрсеткіші бойынша әлемде бірінші орында тұр. 

"Адамдар отбасын кеш құрады, ал кесарь тілігінің салдарынан әйелдер екінші немесе үшінші бала көтеруге бара бермейді", – деді ол.

TÜİK төрағасының орынбасары бір баламен шектелген немесе отбасын құрмайтындарды қартайған шақта жалғыздық күтіп отырғанын айтады. 

"Біз Еуропаның басынан өтіп жатқан қартаю мәселесіне тап болдық. Қазір әрбір бесінші үйдегі адам жалғыз тұрады, олардың 35%-ы – 55 жастан асқан әйелдер. Отбасының маңызы қартайған шақта қатты білінеді", – деді ол.

"Түркия қартайып барады"

Ұлттық қорғаныс университетінің Әскери-теңіз училищесінің деканы, профессор Джемалеттин Шахин елдегі демографиялық дағдарыс соңғы 20 жыл бойы жалғасып жатқанын жеткізді. Түркия республика болып құрылғаннан кейін мемлекеттік саясат халық санын арттыруға бағытталған. 

"Ататүрік 100 миллион халқы бар Түркия туралы армандады. Бұл туралы естеліктерде жазылған. 1930 жылы заңға сәйкес алты және одан да көп бала туған аналарға медаль беріліп, материалдық көмек көрсетілген. Әйелдің қалауымен жасалатын түсікке тыйым салынған. Сол кезде белгілі бір нәтижеге қол жеткізілді", – деді Шахин.

Джемалеттин Шахин 1950 жылдардың соңынан бастап шетелдік қорлар мен ұйымдардың қолдауымен БАҚ-та туу көрсеткішін төмендетуге бағытталған науқандар басталғанын еске салды. 

Профессор демографиялық саясатты күшейту үшін жаңа шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғын үй мәдениетін өзгерту керек. Оқу мерзімін қысқартып, білім беру жүйесін толық қайта қарау да ұсынылды. Сарапшы туу деңгейінің төмен болуы экономикалық себептермен ғана байланысты деген тұжырыммен келіспейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу