Исламханның жаңа келісім-шарты 3 жылға есептелген. Клубтың техникалық қызметі "әл-Айнның" бас бапкері Педро Эмануэлдың ұсынысынан кейін осындай шешімге келді.
Исламхан бір аптадан бері Біріккен Араб Әмірліктернде. Елге келе сала ол коронавирусқа тест тапсырып, карантинде болды. Қазақстандық футболшыдан коронавирус белгілері анықталған жоқ.
"Маған сенім артып, мүмкіндігімді жоғары бағалаған "әл-Айн" футбол клубы мен команданың бас бапкеріне алғысымды білдіремін", - деді Бауыржан келісім-шартқа қол қойғаннан кейін.
Бейресми ақпараттарға сенер болсақ Исламхан жылына 1,5 миллион доллар көлемінде жалақы алатын болады. Алдағы 3 жыл бойы құрама капитаны шамамен айына 52 миллион теңге көлемінде табыс түсіріп отырады. Дегенімен, футболшының агенті Марат Арчегов Еуропадан клубтар қарастырып, Б.Исламханды Италия чемпионатына ауыстырамын деп мәлімдеме жасады. Сонымен бірге, Италия А сериясының бірнеше клубы Бауыржан жайлы ақпараттар іздегені жайлы айтылды. Ресей премьер-лигасының екі клубы қазақ футболшысына ұсыныс жасағысы келген. Алайда, футболшының алып жүрген жалақысын ол клубтар өтеуден бас тартты. Осылайша келіссөздер бесігінде тұншықты.
Сонымен бірге, әлеуметтік желіде қазақ жанкүйерлері Бауыржан Исламханды сынап, пікір білдірді. "БАӘ чемпионаты деңгейі жағынан Қазақстаннан да төмен. Үлкен жалақыға қызығып Азияға кеткенше, Еуропа футболына баруы тиіс еді" деп жазады пікір білдірушілердің басым көпшілігі.
Ермұхамед Мәулен