Баянауылда туристік маусым әлі ашылған жоқ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
25695

Есесіне адамдардың айғай-шуынан арылған табиғат ерекше тыныстап жатыр. 

Баянауылда туристік маусым әлі ашылған жоқ

Коронавирус пандемиясы туризм саласын тұралатқаны белгілі. Біздің елдегі ғана емес, тұтас әлемдегі жағдай осы. Мәселен, биыл Баянауыл ұлттық паркінде жаңа туристік маусым ашылған жоқ. Осылайша, күн сайын миллиондап табыс түсіретін қонақүйлер әлі күнге жабық тұр. Әу баста кәсіпкерлер наразылық білдірді. Жасыбай көлінің жағасында орналасқан "Бәйтерек", "Сан", "Баянтау", "Ясар", "Ата Баян", "Алтын Баян", "Баянауыл" секілді демалыс үйлерінің иелері 4 шілде күні әлеуметтік желі арқылы Павлодар облысының басшылығына үндеу жолдаған болатын. Шығынға ұшырап жатқандарын айтқан кәсіпкерлер барлық санитарлық талапты сақтай отырып, туристерді қабылдауға рұқсат беруін сұраған еді. Десе де, елдегі жағдайды түсіністікпен қабылдаған кәсіпкерлер де бар.

Бұрын ине шаншар орын табылмайтын Жасыбайдың жағасы қазір мүлгіген тыныштық. Өкінішке қарай, биылғы кезең кәсіпкерлерді шығынға белшеден батырып отыр. Солардың бірі екібастұздық Константин Вальтер. Ұзақ жылдар бойы Екібастұздың көмір кеніштерінде еңбек еткен ол кейін инженерлік компания құрып, кірпіш зауытын ашқан. Жасыбайдың жағасынан заманауи демалыс орнын салған.

"Туризмді дамытуға 2 млрд теңгеден астам жеке инвестиция құйдым. Бірақ қаржының қайтарымы болмай тұр. Пандемияға қарсы  енгізілген карантиндік шектеулер туризм саласын тығырыққа тіреп отыр. Біз бұл індетті бірге жеңуге тиіспіз. Биыл жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Келесі жылы жағдай жақсарады деп үміттенемін. Біз халыққа еуропалық үлгідегі, өте  жоғары деңгейлі  қызмет түрлерін ұсынбақпыз. Қазір  қонақүйлер бос тұр. Бірақ адамдардың жоқтығын барынша тиімді пайдаланып, әрлеу, жөндеу жұмыстарына кірісіп кеттік", – дейді Константин Вальтер.

Қалыптасқан жағдайға түсіністік танытқандардың бірі – Сұлтанбек Сләмов. Оның "Жасыбайдан кәсіп ашып, табыс табам" деген жоспары әзірше жүзеге аспай тұр.

"Халықтың денсаулығы бәрінен маңызды. Қазірдің өзінде қол қусырып отырған жоқпыз. Адамдардың жоқтығын пайдаланып, құрылыс жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Келесі маусымға дайындықты бастап кеттік десе де болады. Ел-жұрт аман болса, туризмнен табыс табатын уақыт әлі туады", – дейді Сұлтанбек Сләмов.

Ал Баянауыл ұлттық паркінің қызметкерлері табиғат үшін мұндай үзіліс керек дейді. Айтуларынша, ластанып бара жатқан көлдер тазарып, таулы-орманды өлкеге бұрын-соңды кездеспеген аң-құстар,  жан-жануарлар пайда бола бастаған. 

"Адамдардың айғай-шуынан арылған табиғат ерекше тыныстап жатыр. Көл де, тау да демалуда. Бұрын біз көрмеген құстар келуде. Аңдар көбейіп келеді. Арқар, елік, дала ешкісін кезіктіретін болдық. Бұлардың бәрі тыныштық орнаған жерге келеді. Осы жағынан алғанда пандемияның пайдасы болып тұр", – дейді орманшы Жұлдыз Тұяқбаев.

Деректерге сүйенсек, биыл Баянауылдағы демалыс аймақтарын дамытуға "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша 200 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінде  Жасыбай, Торайғыр және Сабындыкөл көлдерінің жағалауы  абанттандырылған. Жаяу жүргіншілер жолы  жөнделіп, киім ауыстыратын орындар, шатырлар мен  қоғамдық дәретханалар орнатылған. 

Жалпы, Баянауыл ауданында 54 демалыс үйі бар. Оның 44-і Жасыбай көлінің жағасында орналасқан. Биыл туризмді дамытуға инвесторлар 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсапты. Жергілікті бюджеттен абаттандыру ісіне 600 миллион теңге бөлінген.

Павлодар облысында соңғы екі аптада індет жұқтырғандар саны  айтарлықтай қысқарды. Ал кәсіпкерлер  "тамыз айынан бастап жұмыс істеуге рұқсат беріліп қалар" деген үміттің жетегінде жүр...


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу