Базалық мөлшерлеменің өсуі инвесторларды салымдарын банкте ұстауға мәжбүрледі

Сарапшы қор нарығы салымшылар үшін банк секторымен бәсекеге түсетінін айтады.  

Базалық мөлшерлеменің өсуі инвесторларды салымдарын банкте ұстауға мәжбүрледі

Қазақстанда соңғы екі айда базалық мөлшерлеме мен депозит бойынша сыйақылардың өсуі кейбір инвесторларды нарыққа инвестиция салмай, ақшасын банкте сақтауға итермеледі, деп жазды inbusiness.kz.

Қазақстан қор биржасы (KASE) басқарма төрағасының орынбасары Наталья Хорошевская арнайы брифингте осындай ақпаратпен бөлісті. 

"Инвестициялау кезеңі айтарлықтай құбылмалы тұста базалық мөлшерлеме мен депозит мөлшерлемесінің аздап ұлғаюы нарыққа белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Яғни, соңғы екі айда нарыққа инвестициялаудан гөрі ақшаны банкте сақтауды жөн көрген кейбір инвесторлардың көңіл-күйін өзгертті", – деді спикер. 

Оның айтуынша, қор нарығы салымшылар немесе инвесторлар үшін әрқашан банк секторымен бәсекеге түседі.

"Мен инвесторлардың, оның ішінде бөлшек сауданың белсенділігі белгілі бір дәрежеде төмендеп жатқанын көріп отырмын. Бұл нарықтағы инвестицияны аздап тексеретін қазақстандық бөлшек инвесторларға қатысты. Базалық мөлшерлеменің өсуі, бұл депозит мөлшерлемесінің де артуына ықпал етті. Ал бұл өз кезегінде осындай көрсеткіштерге алып келді", – деп атап өтті Наталья Хорошевская.

Айта кететіні, 2022 жылдың сәуірінде Қазақстан қор биржасында акциялармен мәмілелер жасауға қатысатын жеке тұлғалар шоттарының саны 31,3%-ға азайды. Акциялардың жалпы айналымындағы жеке тұлғалардың үлесі ақшалай мәнде наурыздағы 44,0%-дан 55,2%-ға дейін өсті.

Сәуір айының соңына "Бағалы қағаздар орталық депозитарийі" АҚ-да жеке тұлғалар 329 024 шот ашты. Бұл өткен айдың соңындағы көрсеткіштен 15 636-ға артық.

Ал 2022 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан қор биржасында инвестициялық қорлардың бағалы қағаздарымен сауда көлемі 4,3 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 78,6% төмен. Өткен төрт айлық кезеңмен салыстырғанда (2021 жылдың қыркүйек-желтоқсаны) сауда көлемі 49,0%-ға төмендеді.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу