Базар аумағында клиент көлігінен ақы алу заңсыз болмақ

7592

Қазақстанда базарлар қызметіне қатысты "ойын ережелері" өзгереді. 

Базар аумағында клиент көлігінен ақы алу заңсыз болмақ Фото: tengrinews.kz

Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті қызықты құжатты жариялады. Ведомство әзірлеп шыққан Үкімет қаулысының жобасы Сауда базарларының жұмысын ұйымдастыру қағидаларын өзгертеді, сондай-ақ базарлар жұмысына, олардың аумағын күтіп ұстауға, жабдықтары мен жабдықталуына қойылатын талаптарды күшейтеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Былтырғы қаңтар оқиғаларынан кейін билік қара базарлардың жұмысын тәртіпке келтіруге мықтап кіріскені мәлім. Оған бірнеше себеп итермеледі. Бір жағынан, құзырлы органдардың ақпаратынша, Алматыдағы, өзге өңірлердегі тәртіпсіздіктерге қатысқандар арасында базарда түрлі жұмыс істейтін жастар көбірек болған. Яғни, "протесттік электораттың" шоғырланған бір ошағы сонда екені аңғарылып қалды. Тіпті сарапшылар радикалдардың "ұйқыдағы ұяшықтарының" бір бөлігін де базарлар төңірегінен іздеуге болатынын білдіріп жатты.

Екінші жағынан, миллиардтаған қаржы айналатын алып базарлардың артында бұрынғы билікпен әмпей-жәмпейі бір болған тұлғалар тұрғаны әшкереленді. Қаңтар оқиғаларынан соң Қ.Тоқаевтың қатаң сынына іліккен "Алтын орда" базарының өзі неге тұрады? Былтыр Сауда министрлігі 180 мың шаршы метрді алған алматылық бұл алпауыт сауда орны бірінші Президенттің інісі Болат Назарбаевқа тиесілі болғанын ашты: министрліктің Үкімет отырысында үлкен экраннан жариялаған слайдтарына көрсетілгендей, "Алтын Орданың" иесі "KURYLYS LTD" ЖШС болған. Оның құрылтайшысы – Б.Назарбаев.

Басқа базарлардың да қызметінен біраз былық табылыпты. Сондықтан жылдар бойы қордаланған мәселелерді нысаналы емес, кешенді түрде шешу қажеттілігі туындады.

"Қолданыстағы базарлардың жұмысын ұйымдастыру қағидалары да, олардың аумағын күтіп ұстауға, жабдықталуына қойылатын талаптар да әбден ескірген, қазіргі заманның өзгерген шынайылығына сәйкес келмейді. Базарлардың жұмысын, ондағы сауда-саттықты ұйымдастыру талаптары қайта қарауды қажет етеді, яғни қызметін тиімді реттеу үшін нақты талаптар енгізілуі керек. Бұған қоса, базарлар ескірген, оларды модернизациялау деңгейі төмен. Себебі, олардың қожайындары нысанды жаңғыртуға инвестиция салуға мүдделі емес әрі соған жауапкершілігі жоқ. Олар саудагерлерге, жұмысшыларға тіпті ең төменгі еңбек шарттарын түзуге, тұтынушылардың талап, тілектерін қанағаттандыруға асықпайды", – деген байламға келді Сауда комитеті.

"Қасіретті қаңтардан" кейін Мемлекет басшысының пәрменімен барлық базарға бірден он меморганның өкілдерінен тұратын қалың топ кеңауқымды тексерістер жүргізді. Оның қорытындысында базар иелеріне жұмысын ретке келтіріп, нысандарын жаңғырту жүктелген. Жалпы, қаңтар оқиғаларынан кейін елде ірі өзгерістер болды, қаншама сала жаңғырды. Алайда базарға шенділердің тісі бата алмай жатқан сияқты. Сауда және интеграция министрлігінің комитеті базарларды модернизациялау мерзімдері "тағы ұзартылғанын және 2025 жылға дейін шегерілгенін" қынжыла хабарлады.

Негізі, базарларды жаңғырту бағдарламасын Мамин Үкіметі қабылдап кеткен еді. Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 қаулысымен 2025 жылға дейінгі Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бекітілді. Оның аясында 2022 жылы бастапқы 42 базарды жаңғырту жоспарланған еді. Соның өзі толық орындалмады: былтыр 38-і модернизацияланыпты.

Жалпы, мұндай шабан қарқынмен 2025 жылға дейін тек 103 базар ғана жаңғыртудан өтпек. Салыстырсақ, Қазақстан бойынша тек ресми тіркелген базарлардың жалпы саны – 654. Яғни, 2025 жылға шейін бар-жоғы 15,7%-ы жаңғыртылады. Бірақ шенеуніктер соған да қол жеткізе алмауы ықтимал.

"Бүгінде жаңғырту қарқыны небәрі 9%-ды құрайды. Осыны ескеріп, Сауда комитеті елорда, Алматы және Шымкентте базарлар белгіленген мерзімде жаңғыртудан өтпейді деп болжайды. Бұл ретте жаңғырту мерзімі үнемі кейінге қалдырылумен келеді. Республикада базарларға қатысты бақылаушы органдар көп: арасында Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Төтенше жағдай, Қаржы министрліктері, жергілікті әкімдіктер, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бар. Соған қарамастан, базарлар көлеңкеде қалуда. Шағын бизнесті тексеруге қойылған мораторийдің ұзартыла беруі де адал бизнестің дамуына септеспейді", – деп ашығына көшті Сауда комитеті.

Ведомствоның түсіндіруінше, базарлардың өз қызметін ешкім тексермейді: заң тексерістерді тек сауданы жүзеге асыратын субъектілерге және олардың сөресіндегі тауарларға ғана бағдарлайды. Ал саудагерлер – мораторий қорғауындағы шағын бизнес. Меморган қалыптасқан осы проблема елде бақылауға көнбейтін көлеңкелі экономиканың ары қарай өсуіне ықпал етіп отыр деген ұстанымда. Басқаны айтпағанда, мегаполистерімізде де ірі базарларда сол бойы ешқандай чек бермейді. Осылайша, мемлекет экономикаға, халықтың өмірі мен денсаулығына, тіпті ұлттық қауіпсіздікке әсер ете алатын тұтас алып саланы бақылаудан шығарып алған. Парламент қанша жерден заңды қатайтса да, салықшылар базарларда әлі күнге бақылау-кассалық машиналардың орнатылуына қол жеткізе алмады. Оларда тұтынушылардың құқықтары жаппай аяқасты болады. Техникалық реттеу және метрология талаптарының бұзылуынан аяқ алып жүру қиын, таразыдан жеу тоқтаған жоқ. Жабық базарларда да антисанитария жайлаған. Ветеринарлық нормалар үнемі бұзылады. Өртке қарсы қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Сауда орындарында тұрған адамдар ресми жұмысқа орналаспаған, келісімшарттары жоқ, еңбегі және құқықтары еш қорғалмайды, зейнетақы жарналары төленбейді, медициналық сақтандырылмаған. Мұның бәрі меморгандардың тексерісі нәтижесінде әшкереленгені ғана.

Биліктің базарларды жаңғыртып, заманауи сауда форматына көшіру талабына олардың қожайындарының жауабы дайын: оған қажетті қаражат жоқ. Осыны алға тартып, Мамин Үкіметі оларға бюджеттен мол субсидия, демеуқаржы бөлу, жеңілдіктер жасау мәселесін де қарастырған. Алайда қаңтар оқиғаларынан соң Бас прокуратураның жүргізген тексеру қорытындылары көрсеткендей, базар иелерінде тиісті қаражат бар. Бірақ олар заңнамалық олқылықтарды пайдаланып, кірістерін жасырады. Мысалы, әшкереленгендей, базарлар барлық сауда алаңын әлдебір делдал фирмаларға аса арзанға субарендаға беріп қояды. Бәрібір қожайынға қарайтын сол ЖШС-лар ары қарай сауда орындарын саудагерлерге, өнім өндірушілерге аса қымбатқа ұсынады. Осы орайда делдалдар сауда орнын жалға алушыларға чек, түбіртек бермейді. Сөйтіп, олардан жинайтын табыстарын құпияландырады, көлеңкеде қалдырады. Нәтижесінде, алып базар қалпымен шығынмен жұмыс істеп жатқан болады, төлейтін салығы да мардымсыз.

Тексерістер анықтағандай, бұрынғы билік ондаған жылдар бойы базар иелерін де, олардың әкімшілерін де жауапкершіліктен босатқан. Мысалы, Үкімет халыққа көз қылып, Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын, талаптарын, олардың аумағын күтіп-ұстауға, жабдықталуына қойылатын талаптарды бекітеді. Бірақ осы қатпаған ереже, қағида, талап, міндеттерді бұзса, ол үшін қылмыстық түгіл, "әкімшілік жауапкершілік те бекітілмеген". Оның үстіне міндеттер мен талаптардың бұзылуын "анықтаудың мемлекеттік бақылау тетігі жоқ".

2022 жылғы қыркүйектен бастап, Үкімет басшысының орынбасары–Сауда және интеграция министрі болып тағайындалған Серік Жұманғарин базарларды жайлаған былықты тазартады деп күтіліп отыр.

Бүгінде Сауда комитеті базарлардың қызметін ұйымдастыру қағидаларына, олардың аумағын күтіп-ұстауға, жабдықтары мен жабдықталуына қойылатын талаптарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Тиісті құжаттардың жобасы да дайын. Егер олар қабылданса, онда біріншіден, базарлардың жұмысына қойылатын талаптар күшейтілмек. Екіншіден, оның аумағын күтіп-ұстауға, тиісті жабдықтарға қойылатын талаптар арттырылады.

Үшіншіден, Қазақстанда базарларға арналған ақпараттық жүйе әзірленіп, іске қосылады. Ол осы секторды жайлаған бюрократия мен сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында ашық және тиімді деректер алмасуды қамтамасыз етуге тиіс.

Жаңа қағида қабылданса, онда мысалы, базар аумағына көлігімен кіретін тұтынушылардан ақы жинауға тыйым салынуы мүмкін. Олардағы ақылы дәретханалар да жойылып, ақысыз етілмек.

Құжат жобасы бойынша, базарлардың аумағында мыналар үшін ақы алуға тосқауыл қойылмақ:

  • базар аумағына және оның объектілеріне жаяу адамдардың кіруі және шығуы үшін;
  • базар аумағына автокөлік құралдарының кіруі және шығуы үшін  (соның ішінде тауарларды базар аумағына әкелу және әкету үшін);
  • базар аумағы және оның объектілері бойынша қозғалу үшін;
  • киім мен аяқ киімді шақтап көруге жағдай жасағаны үшін;
  • тауарлардың жұмыс істейтінін (мысалы, электр құрылғыларды) тексеру үшін;
  • сатып алынған тауарлардың салмағын тексеру мақсатында өлшеу құралдарын пайдалану үшін;
  • арбаларды, санитарлық және гигиеналық рәсімдерге арналған орындарды пайдалану үшін ақы жинауға жол берілмейді.

Базар иелері мен әкімшілеріне талап қойылады. Олар базар аумағын уақтылы жинауды және абаттандыруды қамтамасыз етуге; нысандарды энергиямен, сумен, жылумен жабдықтауға; тауарлардың сақталуына, қорғалуына жағдай жасауға, қоғамдық тәртіпті, өрт қауіпсіздігін сақтауға, күзет ұйымдастыруға, басқасына міндеттеледі. Кіреберісте маңдайша орнатып, онда қазақ және орыс тілдерінде базардың атауын, түрін, неге маманданғанын, жұмыс режимін және базар әкімшісінің телефон нөмірін жазып көрсетуге тиіс. Бұл жерде базарлар түріне қарай – азық-түліктік немесе азық-түліктік емес болып, өткізетін тауарларына байланысты – мамандандырылған немесе әмбебап, мәмілелердің көлемі мен оларды жүзеге асыру тәсілдері бойынша – бөлшек не көтерме сауда базары болып жiктеледi.

Базар әкімшілері еш делдалсыз, сауда объектілерін және сауда орындарын арендаға ұсыну келісімшартын бекітуі қажет. Сонда әр базар өз иесіне қанша миллиард түсіретінін салық органдары біліп отырады. Модернизацияға қаржы жоқ деп жылайтын базар қожайындарының сөзі шындыққа жанаспайтыны да мемлекетке мәлім болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу