Бейбіт Атамқұлов ERG компаниясының директорлар кеңесінен кетеді

3482

"Eurasian Resourses Group S.a.r.l." (ERG) компаниясының директорлар кеңесінің құрамына өзгерістер ензгізілмек.

Бейбіт Атамқұлов ERG компаниясының директорлар кеңесінен кетеді

ҚР Қаржы министрлігі ERG компаниясының директорлар кеңесінен бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловты шығару жөніндегі Үкімет қаулысының жобасын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бір қызығы, Бейбіт Атамқұлов аталмыш компанияның директорлар кеңесіне Сыртқы істер министрі болып тұрған кезде кірген. Индустрия және инфрақұрылымық даму министрі болып қызметі өзгергенімен, директорлар кеңесіндегі орнын сақтап қалған болатын. Енді оның орнына аталмыш ұжымдағы мемлекеттің мүддесін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қорғайтын болады.

Құжаттың толық атауы – "Eurasian Resourses Group S.a.r.l." компаниясының кейбір мәселелері туралы" ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 27 желтоқсандағы №1411 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" ҚР Үкіметі қаулысының жобасы.

"Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі – Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановқа және Қазақстан Республикасының Қаржы министрі – Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаевқа "Eurasian Resourses Group S.a.r.l." компаниясы (Люксембург) Директорлар кеңесінің құрамына кіруге рұқсат етілсін", – деп жазылған қаулы жобасында.

Сондай-ақ Премьер-Министр Әлихан Смайылов қол қойған күннен бастап құжаттың күшіне енетіні де айтылған.

Бақыт Сұлтанов аталған компанияның директорлар кеңесі құрамында бұған дейін де Сауда және интеграция министрі ретінде тіркеліп келген. Министрлер кабинетіндегі соңғы ауыс-түйіске байланысты ол министрліктің тізгінімен бірге ҚР Премьер-Министрінің орынбасары лауазымын қатар атқаратын болды. Осыған байланысты қаулыға оның аты қайта енгізіліп отыр.

Ал Ерұлан Жамаубаевтың бұған дейінгі Үкімет құрамында Индустрия және инфрақұрылымды даму министрі болған Бейбіт Атамқұловты алмастырғанын айттық.

"ҚР Президентінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы №756 "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамы туралы" жарлығына сәйкес Б.Т. Сұлтанов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі лауазымына тағайындалды. Осыған байланысты Б.Т. Сұлтановқа қатысты осы қаулыға өзгерістер енгізу қажет.

Жоғарыда көрсетілген ҚР Президентінің Қаулысына сәйкес Б.Б. Атамқұлов ҚР Үкіметінің мүшесі болып табылмайды және "Eurasian Resourses Group S.a.r.l." компаниясы директорлар кеңесінде мемлекеттің мүдделерін білдіре алмайды. Осыған байланысты, "Eurasian Resourses Group S.a.r.l." компаниясы директорлар кеңесінің құрамына ҚР Қаржы министрі Е.К. Жамаубаев ұсынылады", – делінген қаулы жобасына қосымша берілген салыстырмалы кестенің түсіндірмесінде.

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа бағытталған түсіндірме жазбада Қаулының жобасы ҚР Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында (www.minfin.gov.kz) жарияланғаны, жоба нормативтік құқықтық акті болып табылмайтындықтан, оны ашық нормативтік-құқықтық актілердің интернет-порталында (http://legalaсts.egov.kz) орналастыру талап етілмейтіні айтылған.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу