Бейбіт Шүменов Астанада айқасады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4239

Қазақтан шыққан, екі салмақ дәрежесіндегі бірінші және әзірше жалғыз әлем чемпионы WBA белбеуін елордада сарапқа салады.

Бейбіт Шүменов Астанада айқасады

Бейбіт Шүменов (17-2, 11 KO) кәсіпқой бокс рингіндегі соңғы жекпе-жегін осыдан екі жыл бұрын, 2016 жылы 21 мамырда өткізген. Америка боксшысы Джуниор Энтони Райтты техникалық нокаутпен жеңіп, WBA тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионы атағына қол жеткізген. Одан кейін шаршы алаңға 2017 жылы сәуір айында шығуы керек болатын.

Алайда Куба қабыланы Юниер Дортикоспен өтетін жекпе-жекке дайындалып жүріп жарақат алып қалады. Жаттығу кезінде серіктесінің саусағы көзіне тиіп, ішкі тор қабығы зақымданып, қатардан шығып қалған болатын. Сөйтіп чемпиондық атағын қорғай алмай, белбеуінен айырылған.

Содан бері емделіп, ота жасатып, кәсіпқой бокс рингіне қайта оралып, шаршы алаң көрігін қыздыруға бел буыпты. Осы ретте Бейбіттің екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған алғашқы отандасымыз екенін айта кеткен ләзім. Ол жартылай ауыр салмақта WBA және IBA тұжырымдары бойынша, сондай-ақ WBA тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақта әлем чемпионы атанған.

Сонымен қатар Шүменов – кәсіпқой бокс рингіндегі карьерасында әлемнің төрт чемпионын жеңген саңлақ. Атап айтқанда, Габриэль Кампильо (Испания), Байрон Митчелл (АҚШ), Уильям Джоппи (АҚШ) және Монтелл Гриффин (АҚШ) сынды чемпиондарды тізе бүктірген.

Сондай-ақ әлем чемпионы атағынан үміткер жеті майталманды жеңген – Эпифанио Мендоса (Колумбия), Вячеслав Узелков (Украина), Дэнни Сантьяго (АҚШ), Энрике Орнелас (Мексика), Тамаш Ковач (Словакия), Би Джей Флорес (АҚШ) және Джуниор Энтони Райт (АҚШ).

Бейбіт әзірше екі-ақ рет ұтылды. 2009 жылы 15 тамызда Габриэль Кампильодан ұтылып қалғанымен (113:113, 113:114, 111:115), бес айдан кейін есесін қайтарып, жеңіске жетті. Содан кейін 2014 жылы 19 сәуірде атақты Бернард Хопкинспен кездесіп, есе жіберіп алды (111:116, 111:116, 114:113).

Чемпиондармен қаймықпай айқасатын, жүрегінің түгі бар жерлесіміз енді Астананың 20 жылдық мерейтойында шаршы алаңға шығып, жерлестерін қуантпақ. Нақтырақ айтқанда, 7 шілде күні WBA тұжырымы бойынша бос (вакантты) белбеуді сарапқа салады. Қарсыласы – түрік тарланы Хизни Алтункайа (30-1, 17 KO). Тек поляк Кшиштоф Гловацкиден жеңілген (2016 жылы 17 қыркүйекте).

Кеше boxingscene.com басылымы екі боксшының осы жекпе-жек жайлы пікірлерін жариялады. Бейбіт Шүменов: "Чемпиондық белбеу үшін айқасамын, бақыттымын. Көзім жазылды, қайтадан рингке шығатыныма қуаныштымын. Мен үшін Астананың 20 жылдық мерейтойында жұдырықтасу – үлкен мәртебе. Осы жекпе-жектен кейін уақытша әлем чемпионы Арсен Гуламирянмен кездескім келеді", – депті шетелдік басылымға.

Ал түрік Хизни Алтункайа "Бейбітпен жекпе-жекке шығатыныма ризамын. Ол – тамаша боксшы. Бірақ мен аянбай, бар күш-жігерімді саламын. Дайындалуға уақыт жеткілікті. Бұл тартысты айқас болады деп ойлаймын. Мен Қазақстанға тек жеңіс үшін барамын", – деп өз ойын білдіріпті.

Айтпақшы, boxingscene.com басылымы таратқан ақпаратқа сенсек, 7 шілде күні Астанада өтетін бокс кешінде шаршы алаңға Айдос Ербосынұлы (7-0, 6 KO), Бобыржан Момынов (6-0, 5 KO), Ибрагим Ескендіров (2-0, 2 КО ) және Миржан Рақымжанов (дебют) сынды қазақ жігіттері шығады екен. Әзірше олардың қарсыластары белгісіз. Жақында анықталуы керек екен.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу