Қазақстандық, әлемнің 216-ракеткасы, 24 жастағы Бейбіт Жұқаев Вашингтон (АҚШ) ATP 500 турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен түйіндеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бірінші партияда Бейбіт 4:2 есебімен алға шыққанымен, италиялық теннисші таразы басын теңестірді – 4:4. Дегенмен Жұқаев тағы бір брейкке қол жеткізді – 7:5.
Екінші сетте тай-брейкте италиялық спортшы сәтті ойнады – 7:6 (11:9).
Үшінші, шешуші партияда есеп 4:4 болған мезетте Бейбіт брейк жасап, матчты эйспен аяқтады – 6:4.
Үш сағат 10 минутқа созылған тартысты бәсекеде Жұқаев 14 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Вавассори 15 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Бейбіт Жұқаев спорттық жолында алғаш рет Вашингтон ATP 500 турниріне жолдама алды.
Бейбіттің негізгі додадағы қарсыласы кейін анықталады.