Бейбіт Жұқаев: "Australian Open турниріне жолдама алғым келеді"

689

Бейбіт Жұқаев Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Ханчжоуда өтетін Азия ойындарында ел намысын қорғайтын болады.

Бейбіт Жұқаев: "Australian Open турниріне жолдама алғым келеді" Фото: ktf.kz

Бейбіт Жұқаев ATP әлемдік рейтингінде көтерілуін жалғастыруда. 2023 жылдың басында қазақстандық теннисші 308-ші орында болса, қазір ол 263-ші қатарда. ҚТФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында Бейбіт тенниспен таныстығы, алдағы мақсаттары туралы әңгімелеп, алдағы Азия ойындарынан қандай нәтиже күтетін тілге тиек етті.

– Бейбіт, ғаламторда сіз туралы ақпарат жоқтың қасы. Қай жерде туып-өскеніңізді, сізді кім жаттықтырғанын және неліктен осы спорт түрін таңдағаныңызды айтып беріңізші. Егер теннис болмаса, не істер едіңіз және кім болар едіңіз?

– Алғаш рет ракетканы 7 жасымда отбасымызбен шетелге демалуға барған кезде қолыма алдым. Қонақүйдің аумағында корт болды. Ақтауға оралған соң жарты жылдан кейін ата-анам мені теннис секциясына жазды. Жалпы топта Маралбек Дат мырзада оқыдым. Бірақ біраз уақыттан кейін ата-анам Алматыға көшуді ұйғарды. Көшіп кетуімнің себебі тенниске деген құмарлығым емес. Ата-анам түрлі себептерге байланысты оңтүстік астанаға көшуді қалады. Алматыда тенниспен қарқынды және жекелей айналысуды жалғастырдым.

Мені Зарина Диастың бұрынғы бапкері, Чехиядан келген Петр Павло байқап, 2013 жылы ынтымақтастықты бастадық. Мен онымен бірге үш жылға жуық жұмыс жасадым. Оған шексіз ризамын. Осы уақыт ішінде көп нәрсеге қол жеткіздім. Айта кетейін, 13 жасымда мен өз құрдастарымнан әлдеқайда нашар ойнадым. Барлығынан жеңілдім, бірақ Петрдің арқасында менде айқын прогресс болды.

Неліктен таңдаудың тенниске түскенін айту қиын. Маған бұл спорт түрі динамизмі, ұшқырлығымен ұнады. Үнемі ойлану керек – интеллектуалды спорт түрі. Теннис болмаса, оқуымды жалғастырар едім. Мектепте оқуда жаман болмадым, оқу озаты болдым. Математика және ағылшын тілі пәндерін тереңдете оқытатын жеке мектепте оқыдым. Көптеген мұғалімдер спортпен айналыспай, білімді таңдауымды өтінді. Бірақ теннисті таңдап, кәсіби мансап жасаймын деп шештім.

– Теннистің жәй ғана қызығушылық емес, мамандық екенін қашан түсіндіңіз?

- Петер Павломен жұмыс істей бастағанда бір тоқтамға келдім. Содан кейін алғашқы халықаралық сапарлар басталды, үздіксіз жаттығулар болды. Сонда мен өз-өзіме кері қайтуға енді жол жоқ дедім.

- Сізге қандай төсеніште ойнаған көбірек ұнайды және неге?

- Мен ракетка алған алғашқы күндерден бастап қатты төсеніште (хард) жаттығатынмын. Мысалы, Ақтауда мен онда жаттығуды бастаған кезде мен ешқашан сазды төсеніште ойнаған емеспін. Өйткені ондай жабық корттар жоқ - залда қатты корт болды. Сондықтан сүйікті төсеніш, әрине, хард. Шөпті төсенішті корттарда көп ойнаған емеспін. Бірақ оның үстінде өзімді жайлы сезінемін және менің ойын стиліме сәйкес келеді.

– Қарапайым ақтаулық жігітке әлемдік рейтингтің ТОП-300-іне ену қаншалықты қиынға соқты? Бұл жолда қандай қиындықтар болды?

- Мен үшін ATP рейтингінің ТОП-300-ге жету жолы ұзақ әрі қиын болды. Көп нәрсені бастан өткеруіме тура келді. Мұндай қиындықтарды жауыма да темес едім. Сонымен қатар, үнемі жаттығуларды оқумен қатар алып жүру керек болды. Бірақ оқуды тастағым келмеді. Биыл әлемдегі ең үздік 300-ге кірдім. 2009 жылдан бастап есептесек, мұны істеу үшін маған 14 жыл қажет болды. Ақтау ешқашан Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды ​​сияқты теннис дамыған аймақ болып саналмаған. Мен бастаған кезде бір ғана теннис орталығы ғана болды. Оның өзі Қазатомпромдыкі. Онда екі жабық және екі ашық корт бар еді. Каспий теңізінің жағасындағы шағын қаланың жігіті соншалықты алысқа барады деп ешкім елестете алмас еді. Сондай-ақ биыл халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындадым. Қарапайым ақтаулық жігіт ретінде мен бүгінде Қазақстанның барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларында теннис орталықтарының жұмыс істейтініне өте қуаныштымын. Бұл біздің спортты танымал әрі қолжетімді етеді. Қазақстан теннис федерациясы бүгінде елімізде теннистің өркендеуіне барынша жағдай жасауда. Федерация президенті Болат Жамитұлы Өтемұратовқа барлығымызды қолдағаны үшін және жалпы алғанда Қазақстандағы теннистің дамуына қосқан орасан зор үлесі үшін алғыс айтамын.

- Новак Джоковичтің өзі сізге Instagram желісінде жазылған. Бұл қалай болды? Сіздің ойыңызша, осы жаста феноменальды теннис көрсете алатын Новактың ерекшелігі неде?

– Новакпен өткен жылы Астанада өткен ATP 500 турнирінде таныстым.  Жаттығуға серіктес іздедім. Маған Новактың да спарринг серіктес іздеп жүргенін айтты. Әрине, мен қуандым және онымен жаттығуға жазуды өтіндім. Бұл менің осындай деңгейдегі ойыншымен бірінші жаттығу тәжірибем болды. Сол жерде кездестік, сөйлесе бастадық. Ол маған ойынды жақсарту туралы кеңес берді. Новак қай жерде жаттығатынымды сұрады. Содан кейін мені Белградтағы өзінің академиясына шақырды. Бірақ әлі ол жаққа бара алмадым. Осы жылдың аяғында немесе келесі жылы барамын деп үміттенемін. Новак сияқты ойыншылармен жаттығатын болсаңыз, бұл сізге мотивация береді. Джокович – керемет теннисші. 36 жасында өзі қатысатын барлық турнирлерде басты фаворит болып қала береді. Оның корттағы әрекеті таң қалдырады. Бұл теннис үшін тамаша. Ең қызығы, былтыр Астанада өткен ATP 500 турнирінде бірінші айналымда голландиялық Ботикке қарсы ойнадым. Егер жеңіске жетсем, екінші айналымда Джоковичпен ойнаған болар едім.

– Алда Ханчжоуда өтетін Азия ойындары. Ұлттық құрамаға шақырту алуыңыз сіз үшін күтпеген жағдай болды ма, әлде алдын ала білдіңіз бе? Азия ойындарында сізге ең жоғары тапсырма қандай?

- Бұл күтпеген жағдай деп айта алмаймын. Өйткені менің соңғы нәтижелерімнен-ақ ілгерілеушілік бар екенін байқауға болады. Осыны байқап, мені ұлттық құрамаға қосқанына қуаныштымын. Тапсырма, әрине, жүлде алу. Басты мақсат алтын! ТОП-5-ке кірсем, Азия ойындарындағы нәтижемді қанағаттанарлық деп санаймын.

- Сіздің қазіргі рейтингіңіз ағымдағы US Open турниріне қатысуға мүмкіндік берді. Неліктен  ойнаған жоқсыз?

- Иә, мен АҚШ ашық турниріне іріктеуге соңғылардың бірі болып жолдама алдым. Бірақ жарақатым болғандықтан, бара алмадым. Лос-Кабостағы турнирде тізем мазалай бастады. Үзіліс жасауды ұйғардым.
- Сізге теннистен басқа не ұнайды: фильмдер, кітаптар, аң аулау, балық аулау немесе басқа нәрсе?

- Соңғы кездері көп кітап оқып, сериалдар қарайтын болдым.

- Алдағы турнирлер мен рейтингегі мақсаттарыңыз қандай? Сізді Аустралия ашық чемпионатында көре аламыз ба?

- 2023 жылды ТОП-200-де аяқтап, 2024 жылғы Australian Open турниріне жолдама алғым келеді. Бұл қолымнан келеді деп үміттенемін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу