Бейбіт Жұқаев Уимблдонға іріктеу турнирінің финалына шықты

234

Уимблдонға іріктеуде екі қазақстандық жарыс жолынан шығып қалды. Бар үміт Жұқаевта.

Бейбіт Жұқаев Уимблдонға іріктеу турнирінің финалына шықты

Аңызға айналған Уимблдон турнирінің 2025 жылғы іріктеу кезеңі мәреге таяп қалды. Қазақстан бұл кезеңде екі бірдей спортшысынан айырылды. Михаил Кукушкин мен Тимофей Скатов жарыстың шешуші айналымына өте алмай, үлкен турнирге жолдамасыз қалды.

Ал Бейбіт Жұқаев керісінше, сенімді қадамын жалғастырып келеді. Ол (ATP – 251) Германияның тәжірибелі теннисшісі Янник Ханфманнды (137) 7:6, 6:3 есебімен ұтып, финалдық кезеңге шықты. Бұл оның Уимблдондағы екінші ірі жеңісі. Бұған дейін Бейбіт қытайлық Мо Синьюді де жарыс жолынан тайдырған еді. Енді ақтаулық теннисші швейцариялық Лука Павловичпен (239) кездеседі. Бұл матч Жұқаевтың негізгі турнирге өту жолындағы шешуші қадамы болмақ. Жеңіске жетсе, ол алғаш рет Уимблдонның негізгі кезеңіне жолдама алады.

Михаил Кукушкин (ATP – 190) даниялық Аугуст Хольмгренмен (195) өткен тартысты матчта 6:4, 6:7, 2:6 есебімен жеңіліп қалды. 36 жастағы Кукушкинге бұл турнирдің финалдық кезеңіне бір қадам жетпей қалды. Оның көпжылдық тәжірибесі бұл жолы көмектесе алмады.

Тимофей Скатов (ATP – 212) Бельгия ойыншысы Александр Блоксқа (144) 4:6, 5:7 есебімен жол берді. Маусымның алғашқы бөлігінде жақсы өнер көрсеткен Скатов үшін шөп төсенішті алаңда ойнау қиынға соқты.

Осылайша, іріктеуде ел намысын жалғыз қорғап тұрған теннисші – Бейбіт Жұқаев. Оның алдағы ойыны Уимблдонның негізгі кезеңіндегі Қазақстан өкілдерінің санын арттыруға мүмкіндік бермек.

Әйелдер арасындағы іріктеуге қазақстандық спортшылар қатысқан жоқ. Алайда негізгі турнирге Александр Бублик, Елена Рыбакина (Уимблдон–2022 чемпионы), Юлия Путинцева, Александр Шевченко, Анна Данилина (жұптық сында) сынға түседі. 

Негізгі кезеңнің жеребесі 27 маусым, жұма күні Лондон уақытымен таңертең өтеді. Сол сәттен бастап Қазақстан теннисшілерінің алғашқы қарсыластары белгілі болады.

Уимблдон–2025 30 маусымда басталып, 13 шілдеге дейін жалғасады. Жазғы маусымның басты теннис оқиғасы ел спортшылары үшін тағы бір үлкен сын болмақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу