Бейжің-2022: Кімдер жүлде алуы мүмкін?

2151

4 ақпанда Қытай астанасында өтетін дүбірлі додада 8 спорт түрінен 34 қазақстандық спортшы бақ сынайды.

Бейжің-2022: Кімдер жүлде алуы мүмкін?

Қазақстан ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков Бейжің Олимпиадасында кімдер жүлдеге таласуы мүмкін екенін айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ол шетелде фристайлшылар, шаңғышылар, биатлоншылар жаттығып жатқанын атап өтті.

"Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде... Қысқы Олимпиададағы шаңғы сайысында 2 ер адам, 5 әйел сынға түседі... Өкінішке қарай, өткен маусымда карантин шектеулеріне байланысты шаңғышылар жарыстарға қатыса алған жоқ. Тек Германияда өткен әлем чемпионатына қатысты. Олар биыл маусымда бар күшін салып, 7 лицензия ұтып алды", – деді бас хатшы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Андрей Крюков жүлдеге таласуы мүмкін спортшылардың есімін атады.

"Биатлоннан ел намысын Галина Вишневкая, Александр Мухин, Владислав Киреев, фристайл-могулдан  Юлия Галышева, Аяулым Әміренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков қорғайды. Барлық спортшы танымал, оларды қосымша таныстырудың керегі жоқ. Олар – Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиададағы басты үмітіміз", – деді Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілі.

Оның пікірінше, Бейжің Олимпиадасына мықты спортшылар іріктеліп алынған.

"Фристайл-акробатикада сынға түсетін спортшылар бар. Мысалы, команданың лидері Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмурзаева, Шерзод Хаширбаев. Бүгінде конькимен сырғанаушылар 12 лицензияны ұтып алды. Биыл маусымда команда барлық әлемдік кубоктарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетті... Шорт-тректен Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан, Ольга Тихонова сынға түседі. Тау шаңғысынан ерлер арасында Захар Кучин, әйелдер арасында Александра Троицкая қатысады. Шаңғымен тұғырдан секіруден Сергей Ткаченко, Данил Васильев, Шыңғыс Ракпаров бақ сынайды", – деді Андрей Крюков.

Мәдениет және спорт министрлігінің дерегінше, жарыста бірінші орын алған спортшыға 250 мың доллар (109 млн 129 мың 500 теңге, 1 доллар – 436,52 теңге), екінші орынға 150 мың доллар (65 млн 477 мың 700 теңге), үшінші орынға 75 мың доллар (32 млн 738 мың 850 теңге) беріледі.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу