"Бейжің-Париж" халықаралық ретро раллиі Қазақстанға келді

1656

Алғашқы аялдама – Павлодар қаласы.

"Бейжің-Париж" халықаралық ретро раллиі Қазақстанға келді Фото: Валерий Бугаев

2 маусымда Қытай астанасы - Бейжің қаласынан жолға шыққан ретро көліктер Ресейдің кейбір облыстары мен Моңғолиядан өтіп, біздің елге жетті. Кеше Павлодар қаласындағы орталық алаңда өткен ғасырда жасалған 120 темір "тұлпар" көпшілік назарына ұсынылды. Барлығы 10 мыңнан астам павлодарлық ретро көліктерді тамашалауға жиналды. Айта кетелік, "Бейжің-Париж" халықаралық ретро раллиінің бағытына Павлодар облысы алғаш рет қосылып отыр.

Англияның Лидс қаласында тұратын Дэвид Робертс жұбайымен бірге 1954 жылғы Sunbean Alpine көлігін тізгіндеп, жолға шығыпты. Бұл жолы раллиге төртінші рет қатысып отыр.

"Алғаш рет 2007 жылы халықаралық ралли қатысушысы атандым. Сол уақыттан бері тұрақты түрде қатысып келемін. Себебі, бұл – адамдармен танысып, бұрын-соңды аяқ баспаған елдерге барудың тамаша мүмкіндігі", - дейді Дэвид Робертс.

Ал норвегиялық Алекс Васботтен жолдың ауырлығын бүгіп қалмады.

"10-12 сағат бойы көлікті басқарып жүру оңай емес. Жолдағы жылдамдық сағатына 50-150 шақырым аралығында, ал қырдың жолымен жылдамдықты сағатына 60 шақырымнан асыра алмайсың. Көліктер істен шығып, оны жөндеуге тура келетін жағдайлар да жиі болып тұрады. Осындай қиындықтарға қарамастан, ралли маған ұнайды. 86 жыл бұрын шығарылған Elvis Firefly көлігіммен әлемнің түкпір-түкпірін аралап жүрмін. Бұл көлікті осыдан 10 жыл бұрын 300 мың АҚШ долларына сатып алған едім", - дейді Алекс Васботтен.

Халықаралық ралли қатарындағы ретро көліктердің иелері – 26 мемлекеттің тұрғындары. Ал көліктердің ең "ескісі" - белгиялықтар тізгіндеген, 1907 жылы шыққан Contal Motori Tricycle мотоциклі, ең "жасы" - даниялықтар жүргізетін, 1977 жылы жасалған Porsche 911S көлігі. "Бейжің-Париж 2019" халықаралық ретро раллиінің қатысушылары 35 күн аралығында 12 елде болып, 14 994 шақырымды артта тастап, 7 шілде күні Париж қаласына жетуі тиіс. Бүгін ретро көліктер шеруі Нұр-Сұлтан қаласында болып, кейін Балкашино кенті, Бурабай мен Қостанайға бағыт алады.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу