Бейжің тағы бір Олимпиаданы неге өткізді?

3245

Бұл ойындарды Еуропаның алты қаласы өткізуден бас тартқандықтан, ХОК-та Алматы мен Бейжіңнен басқа таңдау қалмады. Бірақ соңғысы қарының аздығына қарамастан жеңіске жеткені белгілі.

Бейжің тағы бір Олимпиаданы неге өткізді?

Бейжіңді ешкім қысқы спорттың астанасы ретінде елестетпеді. Неліктен қуырылған үйректерімен, лас ауасымен дүниеге әйгіленген алып қала Қысқы Олимпиаданы өткізді? Бұл ойындар 2008 жылғы Жазғы Олимпиададан кейін 13 жарым жылдан кейін ұйымдастырылып отыр.

Бұл сауалға қарапайым жауап бар. Еуропада Қысқы ойындарды қабылдауға 6 елдің әлеуеті болды. Солардың ішінде Норвегия мен Швеция сияқты фавориттер 2014 жылы Ресейдің Сочиінде өткен допинг дауына толы Олимпиада ойындарынан кейін конкурстан бас тартты. Сочиге 51 миллиард доллар жұмсалды деген хабар да байқауға қатысуы керек мегаполистерді қатты шошытқан.

2015-те Халықаралық Олимпиада Комитеті (ХОК) 2022 жылғы қабылдаушыға дауыс бергенде, үміткер қалалар екеу ғана еді (Бейжің мен Алматы). Сол кезде небәрі 4 ұпай айырмашылығымен немесе 44-40 дауыспен Бейжің таңдалғаны белгілі.

Ұйымдастырушыларға сенсек, Алматының өтінішін халықтың 79 пайызы қолдаған. Ал Қытайда Бейжіңнің жеңгеніне тұрғындардың 94,8 пайызы тілектес болыпты.

Алматы өзін қысқы спорт қаласы ретінде насихаттап, тау ортасында орналасқанын және табиғи қарын жарнамалап жеңіске жетуге тырысты. Ал Қытай астанасында қысқы спорт дәстүрі қалыптаспағаны өз алдына, оның шаңғы жарыстарына арналған аудандарында табиғи қардың аз екені айтылды.

Дегенмен бұл уәжге Бейжің және ХОК-тың кейбір мүшелері шаңғышылар жасанды қарды жақсы көреді деп қарсылық білдірді. ХОК, сонымен қатар Бейжіңді қысқы спорт бизнесінің үлкен мүмкіндігі ретінде қарастырған.

Қысқы Олимпиаданы сату неге қиын

Мәселе ақшаға келіп тіреледі. Еуропадағы кішігірім елдер артық шығынды көтермейді, ал салық төлеушілер көптеген Батыс демократияларында мұндай мәселелерде дауыс беру құқығына ие.

Швейцарияның Сент-Мориці мен Германияның Мюнхенінде 2022 жылғы Қысқы Ойындарды өткізу байқауында жеңетін мүмкіндік зор болғанымен, олардың халқы өз жерінде Олимпиада ұйымдастыру идеясын референдумда қабылдамады. Немістердің бас тартуы Халықаралық Олимпиада комитетінің Германияда дүниеге келген президенті Томас Бахқа ауыр соққы болып тиді.

Польшаның Краковы мен Украинаның Львовы да өтініштерін қайтарып алды. Осло мен Стокгольм, Олар да шығындарға немесе саясатқа байланысты байқаудан шығып қалды.

Бах 2014 жылы берген сұхбатында 2022 жылғы Қысқы Олимпиаданы өткізетін елді таңдау қиын болғанын мойындады.

"Қысқы Ойындарға үміткерлер саны географиялық тұрғыдан өте шектеулі еді. Сонымен қатар әлем экономикасы үшін қиын заман туғанын ұмыта алмаймыз", – дейді ол.

Келесі қысқы ойындар қайда өтеді

2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары Италияның Милан-Кортина д’Ампеццо қаласында өтеді. ХОК Сочиде, Пхенчханда және Бейжіңде өткен соңғы үш Қысқы ойындардан кейін Ақ Олимпиаданың дәстүрлі еуропалық алаңға оралғанына қуанышты.

2030 жылғы Қысқы Ойындарды қабылдайтын ел әлі анықталған жоқ. Бірақ Барселона варианты қарастырылып жатыр. Бұл да – бұрын Жазғы Ойындарды қабылдаған қала. Спорттық бәсекелердің қармен байланысты бөлігі Пиренейде ұйымдастырылуы мүмкін. Бұл ұсыныс ХОК-та үлкен қолдауға ие болуы ықтимал, өйткені онда кіші Хуан Антонио Самаранч ықпалды лауазымға ие және Барселонаның тумасы. Самаранчтың әкесі ұзақ уақыт бойы ХОК президенті болды.

2030 жылға тағы бір негізгі үміткер – 1972-де Қысқы ойындарды өткізген Жапонияның Саппоро қаласы. Пандемия кесірінен бір жылға кешіктіріп болса да 2020 жылғы Жазғы Олимпиаданы бәрібір өткізген Жапония алдында ХОК қарыздар. Сол кешігу салдарынан Күн Шығыс елі қосымша 2 миллиард доллар жоғалты деген болжам бар.

Қалалар қалай таңдалады

ХОК-тың Олимпиада астаналарын таңдау жөніндегі жаңа процесіне сәйкес, осы комитеттің 100-ге жуық мүшесі енді қабылдаушы қалаларға дауыс бере алмайды. Бұдан былай таңдауды Бах жетекшілік ететін басшылық қана жасауға тиіс.

Мұндай өзгерістің енгізілуіне 2016 жылға Рио-де-Жанейроны, 2020 жылға Токионы таңдау кезінде дауыстарды сатып алуға байланысты жанжал шығуы себепші.

Бах сол кезде өтініш беру процесінде "ұтылғандардың" тым көп болғанын, ал кейбір қалалар сәтсіз өтініштерге миллиондаған ақшаны текке жұмсағанын айтқан еді. Бірақ бірқатар сарапшылардың пікірінше, шын мәнінде Бах Ойындардың қайда өтетінін бақылауды қалады. Өйткені соңғы жылдары ХОК Олимпиада астанасын таңдарда, стадиондары мен қонақ үйлері дайын қалаларға көбірек мән беріп отыр. Бейжіңнің биылғы Ойындарды өткізу құқығын жеңіп алуының бір сыры осында жатса керек.

Жалпы ХОК 2032 жылға дейін Олимпиада қабылдайтын орындарды таңдап қойған: олар 2024 жылы – Парижде, 2026-да – Милан-Кортинада, 2028-де – Лос-Анджелесте, 2032 жылы Австралияның Брисбенінде өтеді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу