Бек Нұрмағанбет жеңіске жетті

3247

2019-жылы бокстан өткен Азия Чемпионатының жеңімпазы Бек Нұрмағанбет кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін жеңіспен бастады.  

Бек Нұрмағанбет жеңіске жетті

26-шілде күні Беларусия астанасында өткен бокс кешінде қазақстандық спортшы қарсыласы 23 жасар венгриялық Тамас Ласкиді (19-22-1) алғашқы раунда-ақ нокаутқа жіберді. Екінші нокдауннан кейін Ласки орынан тұра алмай, жекпе-жекті одан әрі жалғастырған жоқ. Екі боксшы арасындағы кездесу алты раундқа есептелген болатын. Нәтижесінде Ласки спорттық мансабында 22-мәрте қарсыласынан жеңілді.

Естеріңізге сала кетсек, 22 жасар Бек Нұрмағанбет 2019-жылдың сәуір айында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша Азия чемпионы атанған болатын. Түркістан облысының боксшысы Әлем чемпионатына баруы тиіс еді. Алайда жарақатына байланысты оның орнына еліміздің намысын Бекзат Нұрдаулетов қорғады және алтын медальға ие болды. Ал биылғы жылдың шілде айында Бек Нұрмағанбет кәсіпқой боксқа ауысты.

Минскіде өткен бокс кешінде жерлесіміз Нұрсұлтан Жаңабаев та шаршы алаңға шықты. Алайда ол сәтсіз өнер көрсетіп, өзінің жартылай орта салмақ бойынша иеленген екінші санаттағы Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Australasian атақтарын қорғап қала алмады. Ол француз Сэнди Мессаудқа қарсы жекпе-жекке шықты. Кездесу он раундқа есептелгенімен, мерзімінен бұрын аяқталды.

Екінші раунда Жаңабаев нокдаунға түсті. Ал жетінші раундта төреші жекпе-жекті тоқтатты. Нәтижесінде жеңімпаз төрешілердің дауыс беруі арқылы анықталып, Мессауд жеңіске жетті. 27 жасар қазақстандық боксшы үшін бұл кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісі. Ол бұған дейін сегіз кездесу өткізіп, оның бесеуін нокаутпен аяқтаған. Ал 34 жасар Мессауд он төртінші жеңісіне қол жеткізді.

Ермұхамед Мәулен



 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу