Бектенов Степногорск тау-кен химия комбинатының ұжымымен Қазақстанда АЭС салу мәселесін талқылады

334

 Қазақстан басқа энергия көздеріне көшуі тиіс.

Бектенов Степногорск тау-кен химия комбинатының ұжымымен Қазақстанда АЭС салу мәселесін талқылады Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында отандық өнеркәсіп флагмандарының бірі саналатын Степногорск тау-кен химия комбинатында болып, кәсіпорын ұжымымен кездесті, онда энергетикалық қауіпсіздікті арттыру мен отандық өнеркәсіпті дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Президенттің "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыруға назар аударылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Степногорск тау-кен химия комбинатына барған кезде Олжас Бектенов құрамында уран бар шикізатты қайта өңдеу бойынша озық өндірістік процестермен танысты. Қазақстан әлемдік өндірістің шамамен 40%-ын қамтамасыз ете отырып, уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұр. Уранды қайта өңдейтін Степногорск тау-кен химия комбинаты әлемдік атом энергетикасы үшін тұрақты жеткізілімді қамтамасыз етеді және өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосады. Өткен жылы комбинат 1650 тонна дайын уран өнімін өндірді. Жобалық қуаты жылына 4 мың тонна табиғи уранды, қайта өңдеу – 1 млн тоннаға дейін мыс-молибден кенін құрайды.

Қала құраушы кәсіпорында 1 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Тексеру барысында Премьер-Министрге қайта өңдеу қуатын жылына 6 мың тонна уранға дейін ұлғайтуға бағытталған комбинатты одан әрі жаңғырту жөніндегі жоспарлар туралы баяндалды. 2026 жылдан бастап "Буденов" кен орнынан жеткізілетін құрамында уран бар шикізатпен толық қуатына шығару жоспарлануда. Бұл моноқала тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен және тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.

Үкімет басшысы өндірушілерге арнаған сөзінде кәсіпорынның елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Әңгіме барысында өнеркәсіп және атом өнеркәсібінің өзекті мәселелері талқыланды.

Қазақстанның энергия тұтыну көлемі шамамен 17 ГВт құрайды, бұл өндіріс көлемінен жоғары. Бұл ретте қазір электр энергиясының белгілі бір көлемі көршілес елдерден сатып алынуда. Сондықтан Қазақстан басқа энергия көздеріне көшуі тиіс.

Атом энергетикасының Қазақстан үшін негізгі энергия көзіне айналып, энергетика жүйесінің тұрақты дамуына ықпал етуі мүмкін екендігі атап өтілді. Референдум қорытындысы бойынша оң шешім қабылданған жағдайда АЭС-тің салынуы өсіп жатқан сұраныс жағдайында нарықтағы электр энергиясы тапшылығын азайтуға, жабдықтардың тозуы себебінен төмендеп жатқан өндірісті толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл қауіпсіз әрі экологиялық таза энергияны тұрақты түрде өндіруге жол ашады.

"Энергетика жүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығы – Үкіметтің басты міндеті. Қалыптасқан күрделі ахуал бізден түбегейлі жаңа тәсілдер мен көп жылдан бері қордаланып қалған мәселені шешуді талап етіп отыр. Қазақстанға электр энергиясының жаңа негізгі генераторын енгізу қажет. Егер Президент 6 қазанға белгілеген референдумда халықтан қолдау көп болса, онда біз осы бағытпен жүреміз. Онсыз өнеркәсіпті дамыту да, қарапайым тіршілікті қамтамасыз ету де мүмкін емес. Бұл еліміздің дамуына мүмкіндік береді", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бейбіт атом сабақтас салалардың, ғылымның, ШОБ-тың дамуына және жалпы экономиканың өсіміне ықпал етеді. Сондай-ақ еңбек нарығына оң әсері айтылды, мәселен, АЭС салу кезінде кемінде 10 мың жұмыс орнын, стансаны пайдалану және қызмет көрсету кезеңдерінде 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.

Баламалы көздерді дамыту туралы баяндай отырып, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС тәулік бойы және жыл бойы жұмыс істейтінін айтты. Бұл белгіленген қуатты пайдаланудың жоғары коэффициентін және инвестицияларды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта 30-дан астам дамыған және дамушы мемлекеттерде 200-ге жуық АЭС жұмыс істейді. Қазіргі атом электр стансалары ең жоғары қауіпсіздік деңгейіне ие.

Өз кезегінде, кәсіпорын қызметкерлері талқылау қорытындысы бойынша Президенттің Жолдауда айтылған, оның ішінде атом энергетикасын дамыту және еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді.

"Өндіріс орнында 17 жыл жұмыс істеймін, кәсіпорын маған жоғары білім алуға мүмкіндік берді, бұл, сәйкесінше, мансаптық өсуге әкелді. Осы мәселе бойынша ұжымдық пікір білдіргім келеді. Өнеркәсіптік циклдің қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқанын және ескірген технологиялар жаңартуды қажет ететінін ескерсек, бізге атом электр стансасын салу қажет деп санаймыз", — деді кәсіпорынның бас инженері Андрей Черных.

Өз кезегінде комбинаттың тиеу-түсіру учаскесінің басшысы Ғалымжан Пердебай Мемлекет басшысының өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау және азаматтарды әлеуметтік қолдау құралдары туралы бастамаларын қолдап сөз сөйледі.

"Комбинатта жұмыс істеп жатқаныма шамамен 30 жыл болды. Біздің кәсіпорын белсенді дамып келеді, өндірісті жаңғырту, кеңейту, дайын өнім шығаруды ұлғайту процесстері жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Сонымен қатар техникалық мамандықтарды дамытуға тапсырма берілді. Біз Мемлекет басшысы Жолдауының осы тармағын толық әрі тұтастай қолдаймыз. Біздің кәсіпорындағы жұмысшы мамандықтарға жастарды жаппай тарту қажет, біз оларды асыға күтеміз", — деді Орталық ғылыми-зерттеу зертханасының басшысы Лариса Булатова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу