Бекзат Шадманов: "Тараз" таланттар ұстаханасына айналды

1909

Жамбыл жерінің талантты футболшыларының бірі Бекзат Шадманов өткен жылы ұлттық құрамаға алынды.

Бекзат Шадманов: "Тараз" таланттар ұстаханасына айналды

Бекзат Шадманов өткен маусымда жастар арасынан жарқ етіп көрінген футболшы. Ол "Тараз" сапында 30 ойын өткізді. 22 жастағы футболшы бұл спортты ағаларының арқасында таңдаған. Футбол орталығына келгенен соң, 17 жасында клубқа алынды. Сосын 19 жасынан бері ол "Тараз" командасының негізгі ойыншылар қатарына енді. Ал өткен жылы Қазақстан құрамасындағы дебютын жасады. Бекзат Молдова құрамасына қарсы ойында алаңға шықты. Ол ойында отандастарымыз 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жамбыл жерінің жас ойыншысы үшін бұл есте қаларлық оқиға болыпты.

"Әлбетте, кез келген футболшы үшін ұлттық құрамаға шақырту алу зор мәртебе. Мені Михал Билек құрамаға шақырған кезде бақыттан басым айналды. Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында жүрген кезіміз болатын. Сол жерде Молдоваға қарсы ойнап, 1:0 есебімен жеңіске жеттік. Бұл мен үшін зор тәжірибие болды" дейді жас қорғаушы.

"Тараз" қорғаушысы үшін карантин оңай еңсерілген секілді. Десе де, клуб біріншілікті жақсы бастап келе жатқанда үзіліс орын алғаны кедергі жасағандай. Себебі, "Тараз" маусымның басын сәтті бастады. Жанкүйерлер де команда ойынына дән риза. Бекзаттың айтуынша таланттар ұстаханасы "Тараз" биыл бір белесті бағындыратын секілді.

"Тараз өңірі футбол тұрғысында таланттар ұстаханасына айналды. Өздеріңіз көріп жүрсіздер Бауыржан Исламханнан бастаған көптеген футболшы қазір қалай керемет ойнап жүр. Оған дейін де біздің аға буын өкілдері керемет жетістіктерге жетті. Сондықтан да, биылғы құрамда да талантты жастар бар деп айта аламын. Егер маусым жалғасса біз бір белесті бағындырарымыз анық" дейді "Тараз" қорғаушысы.

Футбол маусымының қашан жалғасары әлі белгісіз. Дегенімен, 2 айналымнан тұратын қысқа біріншілік шілде айының басында қайта жалғасады деген ақпараттар да жоқ емес.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу