Бекзаттың рухы қолдаған

4351

Екатеринбургте өтіп жатқан Әлем чемпионатының бүгін соңғы күні. 69 келі қазақтың, 81 келі Маңғыстаудың салмағы болғаны ма?

Бекзаттың рухы қолдаған

Екатеринбург қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем біріншілігінде 8 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Барлығын басынан бастап жаза кетсек. Жартылай финалға Қазақ құрамасының атынан 6 боксшы шығып, абыройымызды асқақтатты. Бұл өзге құрамалардың көрсеткішінен жоғары. Тіпті жарысты өткізіп жатқан Ресей құрамасы мұндай жетістікпен мақтана алмайды.

Ең алдымен 52 келі салмағынан бастасақ. Сәкен Бибосынов бұл салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. Сәкен жартылай финалда Үндістанның былғары қолғап шебері Амит Пангалдан жеңіліп қалды. Бастапқыда осалдау деп айтқан боксшымыз ондай болмай шықты. Пангал шаршы алаңда аңғал емес екен. Дегенімен, Сәкен үшін қола жүлденің өзі де жаман көрсеткіш деп айта алмаймыз.

57 келі салмақ дәрежесінде бізден мықты ешкім жоқ еді. Себебі бұл салмақта Қазақстан намысын Қайрат Ералиев қорғайтын. Осы жарысқа Әлем чемпионы деген атақпен келген Қайраттың қаһарынан біршама боксшы қаймыққаны рас, алайды Ералиев ширек финал кездесуінде жеңіліп қалды. Қайратты жеңген өзбек боксшысы Миразбек Миразхалилов. Бұл жеңіліс қазақ жанкүйерлерінің көңіліне батқары анық.

63 келі салмақта ел намысын тәжірибиелі, 32 жастағы Зәкір Сафиуллин қорғады. Алғашқы қарсыласын жеңіп, келесі айналымда кездесусіз келесі айналымға шыққан Сафиуллиннің бағы жанып тұрғандай көрінді. Себебі, ол 1/8 финалға еш шаршамай шықты. Бірақ, кубалық Энди Крузға бәрібір де шамасы жетпеді. Бұл салмақта жүлдесізбіз.

69 келі салмақ дәрежесінде үмітіміз зор болды. Себебі, мұнда рейтингісі жоғары Абылайхан Жүсіпов бар болатын. Жастар арасындағы әлем чемпионы олжа салар кезі келіп жүрген. Сол рейтингтің жоғары болғанының арқасында ол алғашқы айналымнан қарғып өтті. Сосын кездескен қарсыластарын қоғадай жапырды. Алайда, жарытлай финалда Абылайханға осы салмақтың ең мықты боксшысы қарсылас атанды. Андрей Зомковой өз жерінде өтіп жатқан жарыста аянсын ба? Абылайхан финалға бір табан қалып, қоланы қанағат тұтты.

75 келіде ел абыройын Тұрсынбай Құлахмет қорғады. Бірден 1/16 финалдан бастаған Тұрсынбай чехиялық Бартльді, сосын америкалық Хавьер Мартинесті, сосын армениялық Арман Дарчинянді жеңді. Бірақ, жартылай финалда ол Филиппин елінің өкілі Эмир Марсияльға жеңіліп қалды. Бұл салмақта да қоржынымызға қола түсті.

81 келі салмақ дәрежесі біздің салмақ бола бастағандай. Біздің салмақ болғанда да Маңғыстау облысының салмағы. 2005 жылы Ердос Жаңабергенов 81 келі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы атанды. Сосын осы салмақта Әділбек Ниязымбетовтың қалайша атой салғанын білесіздер. Енді міне, осы салмақта тағы бір маңғыстаулық Бекзат Нұрдәулетов шығып отыр. Жас боксшымыз жарысты іріктеуден бастады. Осылайша ол 1/8 финалға дейін сүрінбей жетті. Бұл кезеңде Бекзат бразилиялық Кена Мачадоны ұтса, артынша түркиялық Байрам Малканды жарыстан шығарды. Ал жартылай финалда ол бүкіл әлем боксын өзіне қаратты. Жартылай финалда жердлесіміз 4 дүркін Әлем чемпионы, кубалық қабылан Хулио Ла Крузды нокдаунмен ұтты. Сексеуілдей сірескен кубалық бесінші мәрте Әлем чемпионы атансам деген еді, оны қазақтың қайсар боксшысы сабасына түсірді. Бекзат есімде боксшылар біздің елде төмен нәтиже көрсетпеген. Енді бүгін барша Алаш жұрты Бекзаттың өзбек боксшысы Дилшодбек Рустамовпен финалдық боксын тамашалайды.

91 келі салмақ дәрежесіндегі боксшымыз Василий Левит. Васяның бұл салмақта қандай мықты екенін Олимпиада ойындары көрсетіп берген. Өкінішке орай сол Рио төріндегі додада Левитке төрешілер қастандық қылып еді. Бұл жолы да осы оқиға қайталанды десек те болады. Іріктеуден іркілмей өткен Левит Эквадор елінің былғары қолғап шебері Хулио Кастильоға жеңілді. Алайда, жартылай финалдық бұл жұдырықтасуда отандасымыздың соққылары да мығым, әрі анағұрлым дәлірек еді. Бапкерлер тарапы шағымданып көргісі келгенімен АИБА оларға "жоқ" деген жауап қатты. Себебі, бокс аяқтала салысымен шағым айтылуы керек еді. Біздің бапкерлердің де бұл жерде кешеуілдетіп қалғаны айқын.

91+ салмағында көк туды Қамшыбек Қоңқабаев көтерді. Алғашқы кездесулерін ол айқын басымдылықпен, кейбірін нокаутпен, кейбірін техникалық жеңіспен алып шықты. 3 қарсыласынан осылай басым түскен Қамшыбек бүгін финалда өнер көрсетеді. Аса ауыр салмақ дәрежесіндегі финалда Қамшыбектің қарсыласы өзбек боксшысы – Боходир Жололов.

Сонымен, қорытындыласақ, финалға шыққан 2 боксшымыз бар. 81 және 91+ салмақтарында. 4 боксшымыз қола медаль еншілеп жалпы командалық есепте Қазақстанды бірінші орынға шығарды. Енді қоржынымызға бүгін 2 алтын түссе, абыройымыз одан әрі асқақтай түспек.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу