Беларусь: Ақ көйлекті әйелдер шерудің бетбейнесіне айналды

9027

Үкімет мыңдаған адамды қамаудан босатып, халықтан кешірім сұрады.  

Беларусь: Ақ көйлекті әйелдер шерудің бетбейнесіне айналды

Беларусь басшылығы мыңдаған адамды қамаудан босатып, бейсенбі күні тіпті халықтан кешірім сұрады. Өте сирек оқиға. Кейбір бақылаушылардың ойынша, үкіметтің бұл әрекеттерінің барлығы бүкіл елді шарпып бара жатқан көтерілістің лапылдай түскен отын басуды көздесе керек.  

Бүгін таңертең жүздеген адам Минсктің орталығындағы қамау орталығының жанына жиналды. Олардың көбі ұсталғандардың - туған-туыстары мен достары. Қолдарында азық-түлік, су және жамылатын көрпе. 

Босатылған кейбір шерушілердің сөзінше, олар тар камераға тоғытылып, соққыға жығылған. Бірақ, елдің ішкі істер министрінің орынбасары Александр Барсуковқа сенсек, темір тордың ар жағында ешкім озбырлық көрген жоқ және де тұтқындалғандардың барлығы үйлеріне жіберілейін деп отыр.

Осы аптада шерулер мен қақтығыстар кезінде кемінде 2 демонстрант қаза тауып, 6700-дей адам полицияның қолынатүсті. Қарсылық акцияларының басталуына Александр Лукашенконың президенттік сайлауда қайта жеңіске жетуі себепші.

Бірқатар сарапшылардың ойынша, сан мың адамның босатылуы Лукашенко билігінің әлсірегенін көрсетеді.

"Мен шерулер кезінде адамдардың жараланғаны үшін жауапкершілік алып, кешірім сұраймын", - дейді БР Ішкі істер министрі Юрий Караев.

Бейсенбі күні мыдаған адам қатысқан демонстрацияларға Лукашенконың советтік стильдегі экономикалық моделінің мақтанышына айналған мемлекеттік кәсіпорындардың жұмысшылары да қосылды. Солардың қатарында жүк машиналары мен автобустар шығаратын Минск Автомобиль Зауыты (МАЗ) да бар.

Видеожазбада олар "сайлау" және "кетіңдер" деген ұрандар көтерді. Жергілікті ақпарат құралдары хабарлағандай, Минсктің солтүстік-батысындағы  жүк таситын және жер қазатын техника жасайтын "БелАЗ" бен "Гродно Азот" химиялық зауыттарының жұмысшылары да демонстарцияға қатысып жатыр.

Наразы халық ұзын-сонар тізбек түзіп, ел астанасының орталығынан шеру тартып өтті. Олардың қатарында мемлекеттің қатаң бақылауындағы бұқаралық ақпарат құралдарының 10 шақты тележүргізушісі мен репортері бар.

Демонстранттар Лукашенконы алтыншы рет билік ету үшін сайлаудың нәтижелерін бұрмалады деп айыптап отыр. Алайда, президент қарсыластарын қылмыскерлер мен жұмыссыздар, "қойлар" деп атап, оларды ел тұрақтылығын теңселту үшін шетелдік агенттердің айтағымен көшеге шықты деп айыптап отыр.

Мемлекет жетекшісінің өзге бір сыбайласы – Ұлттық мемлекеттік кеңестің басшысы – Наталья Кочанованың айтуынша, президент манифестанттарды тұтқындау мәселесін дереу қайта қарауға бұйрық берді.

"Ешкіммен айқасып жатқан жоқпыз Бізге соғыс қажет емес", - дейді Кочанова.

Ресейдің күдігі

Минскте Еуропа одағы мемлекеттерінің елшілері шеруші қаза тапқан жерге гүл шоқтарын қойғанда, көпшілік оларға үлкен қошемет білдірді.

"Біз мұнда шеруші өмірінің қиылғанына қайғырып, соңғы күндері Беларусьтің көптеген қалаларында болған зорлық-зомбылық құрбандарымен бірге екенімізді білдіру үшін келдік", - дейді ЕО-ның өкілі Дирк Шубель.

Қазір Лукашенко Ресеймен дәстүрлі қатынастары шиленіскен тұста Батыспен байланысты жақсартуға күш салып жатыр. Бірақ, соңғы күндердегі оқиғалар үшін ЕО 2016 жылы алынып тасталған санкцияларды осы айда қайта жандандыруы мүмкін. Жақында Германия Брюссельді Лукашенкоға қысым жасауға шақырды.

Лукашенкоға саяси және экономикалық байланыстарды тереңдетуді ұсынған Ресей бүгінде сыртқы күштер Беларусьті тұрақсыздандыруға күш салып жатыр деп күдіктеніп отыр. Мәскеу үшін Беларусь -  РФ мен Еуропа одағы, НАТО арасындағы буферлік аймақ.

Бұрынғы колхоз директоры, 65 жастағы Лукашенкоға қарсы қысым ел экономикасының қарқыны бәсеңдеп, коронавируспен күрес дұрыс жолға қойылмағаны үшін күшейді деген пікір бар. Айта кетсек, Беларусь басшысы бұған дейін "ковид" пандемиясын "психоз" деп атаған еді.

Ақ көйлек немесе өзгерген офицерлер

Демонстрациялардың бесінші күні Минск көшелерінен шеру тартып өткен әйелдердің үстінде ақ көйлек, қолдарында ақ гүлдер мен ақ шарлар. Сонымен қатар, "ынтымақтастық легіне" қосылғандар ақ білезіктер мен ленталарды да оппозициялық қозғалыстың символына айналдырды. Айтуларынша, ақ түс шерушілердің көшеге бейбіт ниетпен шыққанын білдіреді.

Беларусь қауіпсіздік күштері қарсылық акцияларына тойтарыс беруді жалғастырып жатқанымен, әскер мен полицияның кейбір қызметкерлері оппозицияның жағына шықты. Солардың бірі Евгений Новицкий униформасын қоқыс жәшігіне тастаса, полиция офицері Иван Колос әріптестерін бейбіт халыққа оқ атпауға шақырып, бұдан былай Лукашенконың емес, оппозиция лидері Светлана Тихановскаяның бұйрығына бағынатынын ескертті.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу