Беларусь Қазақстанға 62 млн тоннаның сүт өнімдерін сатқан

Роман Скляр Беларусь инвесторларын Астана халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. 

Беларусь Қазақстанға 62 млн тоннаның сүт өнімдерін сатқан

Қазақстан -Беларусь бизнес форумына қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Минскіден келген инвесторларды Астана халықаралық қаржы орталығымен қанаттасып жұмыс істеуге шақырды.

"Астана халықаралық қаржы орталығы елімізге инвестиция тартатын хабқа айналды. Ол Нью-Йорк, Сингапур, Лондон, Дубай қалаларындағы жетекші қаржы орталықтарының озық тәжірибелерін бойына жинақтаған. Қазірдің өзінде NASDAQ, Goldman Sachs және Morgan Stanley сияқты қор биржалары негізгі серіктесімізге айналды", – деген Вице-Премьер Астана қаржы орталығының Орталық Азия аймағында жетекші ұйымға айналып келе жатқанын атады.

"Экономиканың шикізаттық емес саласына инвестиция тарту үшін АХҚО базасында инвестиция қоры құрылды. Беларусь елінің инвесторлары да осы қор арқылы алаңсыз жұмыс істей алады. Қазір бізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің аясы кеңейіп, тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым, жол құрылысы, теміржол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын қамтып отыр.  Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, беларустық әріптестерімізді  осы процестерге белсенді атсалысуға шақырамын", – деді ол.

Беларусь тарапы бұл ұсынысқа азық-түлік тауарларын молынан жеткізуге дайын екендіктерін айтып, қалыптасқан сауда-саттықты мейлінше арттырсақ  деп жауап берді.

Беларусь Республикасының ауыл шаруашылығы және сауда министрлігінің сыртқы экономикалық қызмет басқармасының басшысы Алексей Богдановтың айтуынша,  былтыр бұл елден Қазақстанға әкелінетін азық-түлік өнімдерінің көлемі 2,5%-ға өскен.

"Былтыр Беларусь Қазақстанға 311 млн доллардың азық-түлігін экспорттаған.  Ал биылғы қаңтар-тамыз аралығында 187 млн доллардың азық-түлігі сатылды.  Әсіресе, ірімшікке, сиыр мен құс етіне сұраныс артып тұр. Сиыр еті былтырғыдан 2 есе, құс еті 1,7 есе, ірімшік  экспорты 7%-ға артқан. 2019 жылдың 8 айында 27,7 млн доллардың ет және ет өнімдерін, 62 млн доллар сүт және сүт өнімдерін  экспорттадық", – дейді Беларусь өкілі.

Форум аясында қол қойылған 15 келісімшарттың көбі "БелАЗ", "Беларусь" тракторлары мен егіс құралдарын бірлесіп құрастыру жобаларын қамтыған. Одан бөлек ветеринарлық препарат шығаратын бірлескен кәсіпорын құру жобасы да бар.

"Кеше ауыл шаруашылығы бойынша беларусь-қазақстандық жұмыс тобының отырысы өтті. Осы жиын нәтижесінде Қазақстан аумағында биологиялық-ветеринарлық препараттар шығаратын бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл бастаманы біз ұсынғанбыз. Қазақстанның мал басын арттырып жатқанын білеміз. Мал басы артқан сайын ветеринарлық қауіпсіздікті күшейту керек.  Қазір Қазақстан тарапынан серіктес таптық.  Енді кәсіпорын құру ғана қалды", – деді Алексей Богданов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу