Беларусь науқастар санына қарамастан әскери парад өткізбек

4831

Беларусьте сан мың адам Covid-19 вирусын жұқтырды, соған қарамастан елде карантин жарияланбай отыр.

Беларусь науқастар санына қарамастан әскери парад өткізбек

Беларусьте коронавирус Пасха мерекесі кезінде "Веснова" Балалар Институтында басталды. Соған қарамастан, президент Александр Лукашенко елде пандемияға қарсы карантин жарияламай отыр.

"Веснова"  – арнайы қамқорлыққа мұқтаж 174 бала мен жасөспірімге шақталған әлеуметтік мекеме. Онда 23 жеткіншек пен 12 қызметкер қауіпті вирус жұқтырды. Содан кейін эпидемия ошақтары бүкіл ел аумағында бірінен соң бірі табыла бастады.

"Беларусьте жаппай шектеу шаралары қолданылмағандықтан, инфекцияның өршу қаупі жоғары", – дейді Чернобыль Балалары Халықаралық Қайырымдылық қорының өкілі Ади Роше.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Беларусь елінде коронавирус жұқтырғандар саны 15 мыңнан асып, республика адам басына шаққандағы инфекциялық рейтинг бойынша Шығыс Еуропада жетекші орынға шықты. Бірақ бұл цифрлар президент Александр Лукашенконың позициясын өзгерте алмай отыр. Ал, Еуропа сұмдық эпидемиядан кейін, экономиканы қайша ашу мәселесін таразылап жатқанда, Беларусь пандемияның "ыстық нүктесіне" айнала ма деген қауіп бар.

Лукашенко Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен елдің денсаулық сақтау министрлігінің әлеуметтік алшақтану және бизнесті жабу жайлы кеңестерін қабылдамады. Қазір бұл мемлекетте спорттық шаралар көрермендері азайып бара жатса да жалғасып жатыр.

Кейбір бақылаушылардың ойынша, Лукашенко онсызда әлсіреген экономикаға қысым жасағысы келмейді және де республиканың денсаулық сақтау жүйесіне сенетін тәрізді.

Беларусь лидері коронавирус қаупін жоққа шығарып, карантиннің орнына хокекей ойнауды, моншаға түсуді, арақ ішуді ұсынып отыр. Оның сөзінше, елде ешкім Covid-19-дан өліп жатқан жоқ. Бірақ, президент не десе де, тұрғындар кейінгі кездері өз-өздеріне карантин жариялап, бір-бірінен алшақ жүретін болды.

Тіпті наурызда Беларусьте коронавирус жұқтырғандар саны 200-ге де жетпей тұрғанда жүргізілген сауалнама қорытындысына қарағанда, осы зерттеуге қатысушылардың 70 пайызы бұқаралық шараларға тыйым салу қажет деген пікір білдірген.

"Өздеріңіз байқасаңыздар қазір адамдар дүкендерде бір-бірінен алыс жүріп, көпшіліктің ортасында маска тағатын болды", – дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Беларусь Республикасындағы өкілі Батыр Бердикличев.

Сонымен қатар, ол тиісті физикалық дистанция шаралары енгізілмесе, Беларусьте эпидемия өршіп, медицина жүйесіне көтере алмайтындай салмақ түсіруі мүмкін.

Беларусь денсаулық сақтау министрлігінің 2 мамырда таратқан дерегінше, Сovid-19-дан 97 адам қайтыс болды. Ал, Лукашенконың сөзінше, ол азаматтар өзге аурулардан жан тәсілім еткен. "Ешкім коронавирустан өлген жоқ. Оларлдың ажалына созылмалы аурулары себепші. Вирус әлсіздер мен иммунитеті нашарларға ауыр тиеді", – дейді президент.

Тағы бір сөзінде Лукашенко тамыздың 30-ына жоспарланған президенттік сайлаудың кейінге қалдырылмайтынын жариялады. Онда жеңіске жетсе, Лукашенко Беларусьті 1994 жылдан бері алтыншы мерзім басқарайын деп отыр.

Кейінгі кездері Мәскеумен қатынастары шиеленісіп, АҚШ пен Еуропаға бет бұрған Лукашенконың коронавирусқа жауабы халықтың бір бөлігінің көңілінен шықпаса да, президенттің саяси болашағына қатер төндіріп тұрған жоқ.

"Ол – мейлінше айлакер саясаткер. Егер табанының астындағы жер теңселе бастағанын сезсе, Лукашенко дереу бағытын өзгертеді. Қоғамдық сенімнің азаюы жеткіліксіз. Ол рейтингі 25 пайыздан төмендеп кеткен кездерді де бастан кешірді", – дейді минскілік саяси сарапшы Артьем Шрайбман "Вашингтон пост" газетіне берген сұхбатында.

Беларусьте дәмханалар мен ресторандар ашық тұр және республика 9 мамырда Жеңістің 75 жылдығын әскери парадпен атап өтуге қызу әзірленіп жатыр. Ресей пандемияға байланысты Қызыл алаңда мұндай шеруді өткізуден бас тартқаны белгілі.

Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Беларуське барып, Минскіге адам көп жиналатын спорттық, діни, мәдени шараларды кейінге қалдыруға; қашықтықтан жұмыс істеу және оқу тәртібін енгізуге; соншалықты маңызды емес кәсіпорындарды жабуға кеңес берді.

Алайда Лукашенко Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "шын мәнінде бізді сүймейді" деп мәлімдеп, оның ұсыныстарын орындаудан бас тартып отыр. "Бұл – халықаралық ұйым, оның астарында көп саясат жатыр",– дейді президент.

Сонымен қатар, Лукашенкоға Ресей мемлекеттік ақпарат құралдарының Беларусьтегі коронавирус пандемиясымен күрес жайлы хабарларын ұнатпайтын тәрізді. "Олар мені үнемі мазақ етіп, Лукашенко мен Беларусьті шағып алғысы келеді", – дейді БР жетекшісі таяуда жасаған бір мәлімдемесінде.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу