Беларусь трамвайлары Павлодарға неліктен кешігіп жетті

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8168

Қала тұрғындары жаңа трамвайларды екі жылға жуық уақыт күтті.

Беларусь трамвайлары Павлодарға неліктен кешігіп жетті

Осыдан екі жыл бұрын Павлодардың трамвай паркін жаңғырту бағдарламасы қолға алынған болатын. Бағдарламаға сәйкес, Беларусь елінде құрастырылған 23 вагон сатып алынуға тиіс еді. Алайда, бағдарламада көрсетілген міндеттемелер уақытылы орындалған жоқ. Трамвайлар межелеген уақыттан едәуір кешігіп жетті. 23 трамвайдың соңғы екеуі осы аптада жеткізілді. Осылайша, беларусьтар міндеттемені екі жылға кешіктіріп орындады.

Бұл трамвайлар 2017 жылдың соңында жеткізілуге тиіс еді. Бірақ, беларусьтарға міндеттемені орындауға футболдан Ресейде өткен әлем чемпионаты кедергі келтіріпті. Дәлірек айтсақ, трамвай құрастыратын "Белкоммунмаш" компаниясы өндіріске қажетті асинхронды тарту қозғалтқыштарын Ресейдің Псков облысындағы зауыттан алады екен. Бұл зауыт әлем чемпионаты қарсаңында Мәскеу трамвайларының қозғалтқыштарын ауыстырып, сырттан тапсырыс қабылдамаған. Сөйтіп, Беларусь зауыты тапсырыстарды кешіктірген. Бұл ретте, Павлодар билігі беларусьтарға айыппұл салып, жаза қолданған жоқ.  

"Бұл жоба біздің компания үшін маңызды. Бірінші кезекте екі мемлекет арасындағы халықаралық әріптестік тұрғысынан маңызға ие. Біз Павлодар қаласының трамвай паркін жаңалауға атсалысуға әзірміз. Жаңа жобаларға, жаңа ұсыныстарға әрдайым ашықпыз. Павлодар қаласында жаңа шағын аудандар салынып жатқанын естідік. Аталған аудандарға трамвай қатынасын орнатуға болады. Біз бәріне дайынбыз", – дейді "Белкоммунмаш" зауытының директоры Александр Шутов.

Еске сала кетейік, Павлодардың трамвай паркін жаңалау жұмыстары ел Үкіметі мен Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылды. Дәлірек айтсақ, Үкімет 940 млн теңге грант бөлсе, Еуропа қайта құру және даму банкі келісімшарт шеңберінде 450 млн теңге аударды. 

Сонымен қатар, Павлодарда трамвай жолдарының инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Болат Бақауовтың айтуынша, аталған бағдарламаға 3,1 млрд теңге бағытталып отыр.

Трамвай паркін жаңалау жұмыстары мәжбүрлі түрде қолға алынғанын атап өткен жөн. Өйткені, парктегі 109 трамвайдың 80-інің қолданыста жүргеніне 30 жылдан асып кеткен. Тіпті, 50 жыл бойы қызмет көрсетіп келе жатқан трамвайлар да бар. Бүгінде трамвай паркінің 30 пайызы жаңаланды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде.

Бүгінде қаладағы жолаушылар тасымалының шамамен 40 пайызы трамвай басқармасына тиесілі. Бұл ретте, әкімдік трамвай жолдарын жаңадан салынып жатқан "Достық" шағын ауданына дейін ұзартуды жоспарлап отыр. Құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін басталады деп күтілуде. Болашақта трамвай жолын әуежайға дейін жеткізу жоспарда бар.

Осы жазда "Трамвай басқармасы" АҚ жіксіз рельстер орнатуды қолға алды. Биыл жыл соңына дейін 200 рельс торабы орнатылмақ. Металды балқыту технологиясына байланысты жұмыстар тек күннің жылы уағында ғана жүргізіледі. Тұрғындарға кедергі келтірмес үшін жұмыстар негізінен түнде атқарылуда. Белгілі болғандай, жұмысшылар бригадасы бір торапты орнатуға шамамен бір сағаттай уақыт жұмсайды екен. Павлодардағы трамвай жолдарының ұзындығы 90 шақырымға тең. Бұл ретте, 1,4 шақырым торапты реттеуге тура келеді.

Трамвай облыс орталығы үшін бірінші кезекте алыс қашықтықтағы жолдарды жақындату үшін қажет. Жұмыс күндері трамвайлар 50 мың жолаушыға дейін тасымалдайды. Ал облыс орталығында 300 мыңнан астам адам тұратынын ескерсек, бұл жаман көрсеткіш емес. Оның үстіне трамвай таңғы бестен түнгі бірге дейін қатынайтын жалғыз қоғамдық көлік болып табылады. Ең бастысы артықшылығы – экологиялық тұрғыдан тазалығы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу