Беларусь түркі еліне 90 Ватиканға барабар жер бөліп берді

1435

ЕАЭО бойынша одақтас елде мал жаппай қырылып, АӨК жүйелі проблемалармен бетпе-бет келіп отыр. 

Беларусь түркі еліне 90 Ватиканға барабар жер бөліп берді

ТМД-дағы "аграрлық алпауыт" саналған Беларусьтің ауыл шаруашылығында жүйелі дағдарыс пен мал жұты белең алды. Ресми Минск бұл тығырықтан шығудың экзотикалық жолын тапқан сияқты. Енді Еуропаның қақ ортасындағы жайылымдар мен егістіктерді Өзбекстан фермерлері игереді деп күтілуде.

Әмір Темір ұрпақтарының 454 Ватиканы және Ташкент тасқыны

Өзбекстан Беларусьтегі ауыл шаруашылығы жерлерін ұзақ мерзімді жалға алу туралы келісімге келді. Бұл туралы "Дүние" ақпараттық агенттігі хабарлады. Жалға алынған аумақта кең ауқымды мемлекетаралық фермерлік бастаманы іске асыру жоспарлануда.

Оның аясында бірінші кезеңде өзбек ағайын бұл елге 1 мыңдай асыл тұқымды ірі қара мал жеткізіп, өсіріп-өрбітетін болады. Жобаны Қашқадария облысының жетекші мал шаруашылығы кәсіпорындары беларусьтік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырады.

Ташкенттің бұл қадамы – салқын есеп пен стратегиялық айланың жемісі. Оңтүстік көршімізде шабындық пен жайылым жерлер тапшылығы туындады, ал, беларусьтік шүйгін шабындықтар мен ен жайлау мал өсіруге жайлы. Өзбекстанда сиыр етінің бағасы екі есе қымбаттады. Оны онсыз да Беларусьтен тасып жеп, соған телміріп отыр. Ендігі жоспар – сол сиырды өзбек ағайын бұл елде өзі өсіріп, оның етінің бір бөлігін өзіне жеткізеді. Ал, кері қайтқан фуралар Беларусь дүкендерін мейіз бен қауын-қарбызға толтырмақ. Осылайша, екі ел арасында өзіндік "өндірістік тұйық цикл" орнатылуға тиіс.

Жер бөлу туралы келісім Өзбекстан делегациясының Беларусь Республикасына жұмыс сапары барысында қол жеткізілді. Алда оны елдің парламенті – Ұлттық жиыны ратификациялауға тиіс.

Сапар аясында Өзбекстан делегациясы Витебск облысының Браслав, Шумилин, Постав және басқа да аудандарын аралап, жергілікті мал шаруашылығы кешендері мен сауда желілерінің қызметін тексерді.

"Келіссөздер қорытындысында Asl Yuksalish Savdo, Muborak qorako‘lchilik кәсіпорындары мен беларустік "Сиротинский" фермасы бірлескен жобаны жүзеге асыруға уағдаласты. Келісімге сәйкес, өзбек тарапы 4 мың гектар егістік жерді ұзақ мерзімге жалға алады. Бұл аумақта ауқымды мал шаруашылығы кешенін салу жоспарланған, оның І-ші кезеңі 1 мың бас ірі қара өсіру болады", – деп жазды azattyqasia.org.

Сонымен қатар, өзбек компаниясы беларусьтік сауда желісімен ауыл шаруашылығы өнімдерін – кептірілген жемістер, дәнді-бұршақ дақылдары, бақша өнімдері мен жүзім жеткізуге келісімшарт жасасты. Яғни, жоба бірден экспорттық құрауышқа ие болып отыр.

Бұл өзбекстандықтардың алғашқы "десанты" емес. Өткен айда, 5 наурызда Өзбекстаннан келген тағы бір ірі делегация Беларусьтің мал шаруашылығы кешендерін инспекциялаған болатын.

"Беларуське ресми сапары аясында Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Дәурен Вахабов Витебск облысындағы бірқатар мал шаруашылығы кешендерінің қызметімен танысты. Сапар барысында оған жауапты тұлғалар Витебске бағынысты үш аудандағы ірі шаруашылықтарды көрсетті", – деп мәлім етті UzDaily.uz.

Міне, сонда алғаш рет орасан зор ауқымдағы, әлдеқайда өршіл жоспарлар жарияланды. Беларусь Өзбекстанға 20 мың гектарға дейін жер беруге әзір! Егер бірінші кезең – 4 мың гектар "бар болғаны" 90 Ватикан болса, онда 20 мың гектар – 454 Ватиканға барабар!

"Сапар барысында біз жергілікті кешендердің өндірістік қуатын, инфрақұрылымын, жем-шөп базасын, сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту бойынша ағымдағы жұмыстарды егжей-тегжейлі зерттедік. Енді өзбек кәсіпорындары Беларусьтегі 20 мың гектарға жуық жем-шөп алқаптарында және 4 мыңға жуық мал шаруашылығы кешені негізінде бірлесіп ет пен сүт өнімдерін өндіреді. Тиісті жобаларды жүзеге асыру әлеуетін бағамдауға ерекше назар аудардық", – деді Дәурен Вахабов.

"Тиімді колхоздың" тас-талқаны: мал неге өмірем қапты?

Ондаған жылдар бойы Беларусь мал шаруашылығы өнімдерімен өзін қамтып қана қоймай, оны бүкіл әлемге экспорттайтын, "тиімді аграрлық мемлекеттің" ұлағатты үлгісі ретінде қабылданып, агросектордың мінсіз эталоны ретінде дәріптеліп келді. Оны дамыту үшін оған әлдекімнің көмегі қажет емес сияқты көрінетін. Қайта, өзі технология мен тәжірибе доноры бола алатындай еді. Мысалы, ҚР АШМ 2021 жылы Беларусьтің Қазақстанда бірнеше сүт-тауарлық ферма құратынын жариялаған еді.

Бұл одақтастың ресми статистикасы бүгінде де оптимизмге толы. Былтыр 9 млн тоннадай сүт, 1 млн тонна ірі қара мал мен құс еті (тірі салмақта), сондай-ақ 2,2 млрд данадан астам жұмыртқа өндірілген.

Алайда бұрынғы қауқарымен салыстырғанда, жергілікті агроөнеркәсіп кешенінің тығырыққа тіреле бастағанын байқауға болады. Тіпті беларусьтік ақпарат құралдары мал шаруашылығындағы дағдарыс туралы ашық жазуда. Mogilev.media малға жұт келгенін хабарлады.

"Малдың қырылуы жөнінен Могилев облысы көш бастап тұр: ірі қараның 35,4%-ы өмірем қапқан. Аштықтан өлген сиырлардың ең көбі Лукашенконың туған жері Могилев облысында тіркелген. Лукашенко кезекті рет елдегі мал шаруашылығының жағдайына "терең алаңдаушылық" білдірді. Ол мал шығыны деңгейінің тарихи максимумға жеткенін мәлімдеді. Сондықтан мемлекет басшысы аман қалған бұзауларды әлжуаз кәсіпкерлерден тартып алып, білікті ветеринарлары мен жем-шөбі бар "бақуатты" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне (АШӨК) беру арқылы құтқарып қалуды талап етті", – деп хабарлады беларустік портал.

Бұл елде сиырлар үрейлі-экзотикалық вирустардан емес, қарапайым жем-шөптің жоғынан және персоналдың немқұрайлылығынан қырылып жатыр. Басқа облыстарындағы жағдай мәз емес: Минск облысында – малдың 22,6%-ы, Гомель облысында – 22,3%-ы, Витебск облысында – 12%-ы, Гродно облысында – 11,9%-ы, Брест облысында – 6,5%-ы шығын болған. Яғни, бұл нәубет ішінара емес, жүйелі сипат алған.

Тиісінше, ірі қара малдың жалпы саны да азайып келеді: 2025 жылы Беларусте небәрі 3,9 млн бас ірі қара мал қалды, бұл 2024 жылғыдан 2,3%-ға аз, деп жазды "Наша Ніва". Салыстырғанда, 2021 жылғы 1 қаңтарда беларусьтік ауыл шаруашылығы ұйымдарында 4 млн 201 мыңнан астам ірі қара мал болған еді. Сиырлардың саны жыл сайын төлдегеніне қарамастан, тоқтаусыз азаюда.

"Жағдай шынымен де апатқа ұқсас: 2023 жылы елде 124,2 мың бас ІҚМ қырылса, 2024 жылы – 147,9 мың, 2025 жылы – 145 мыңға дейін мал шығын болды", – деп мәлім етті Mogilev.media. Есептердегі көркемдік пен іс жүзіндегі тығырық арасындағы осы қайшылықта қалыптасқан күйзелістің негізгі мәні жатқандай.

Жұдырықпен үстелді ұру: уызды жылытуды ұмытқан ауыл

Минск бұл дағдарысты үйреншікті әдіспен – кінәлілерді іздеу және айбатты директивалармен шешуге тырысуда. Тек 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша, ірі қара малдың шығынын жасырды деген сылтаумен ауыл кәсіпкерлері үстінен 299 қылмыстық іс қозғалған.

Баспасөз құралдары тіпті ірі ауыл шаруашылығы ұйымдарында мал өсіру технологиясының бұзылуы үнемі әшкереленетінін, сорақысы сол, жойылмайтынын алға тартуда. Мәселен, "Неверовичи" АШӨК-те мал шығыны 74%-ға, "Заря и К" АШӨК-те – 18%-ға, "Волковысское" және "Волпа" шаруашылықтарында 14%-ға жеткен.

BELPOL дерегінше, қырылған малдың көпшілігінің өлексесі Брест ет комбинатына жіберіліп, онда содан түрлі консерві жасалады. Шамалы бөлігі күзендерге (норка) жем ретінде далаға тасталады.

Дегенмен, қысым көрген ауыл бизнесі жағдайды абсурдқа дейін жеткізді. Шұғыл сою (практики экстренного убоя) тәжірибесі тарауда. Бірқатар жағдайларда мал шығынын ресми тіркемеу және сол арқылы жазадан құтылу үшін малды мерзімінен бұрын сойып тастайды.

Мысалы, "Дубравушка-Агро" ААҚ мен "Агро-сад „Рассвет“" ААҚ азықжемі біте салысымен, өзіндегі мал басының 80%-ына дейін шұғыл сойып тастаған. Салдарынан, мал, мысалы, тана-қашарлар бұзаулайтын, өсім беретін "жасқа" жетпей қалады.

БР прокуратурасы анықтағандай, 2025 жылы және 2026 жылдың басында мал шығынына әсер еткен факторлар келесідей:

  • қызмет көрсетуші персоналдың бұзауларға уыздың алғашқы порциясын беру, сондай-ақ өмірінің алғашқы 10-14 күнінде бұзауларды қоректендіру мен суару бойынша зоотехникалық ережелерді сақтамауы;
  • төлдеу кезіндегі көмектің және жаңа туған бұзауларға алғашқы көмектің тым кеш әрі сапасыз көрсетілуі;
  • бұзаулар тұратын үйшік-торларды және төлдеу секцияларын жуу, тазалау және дезинфекциялау жұмыстарының жүргізілмеуі;
  • буаз малдарды бағу технологиясының бұзылуы – нормадан тыс тығыздық және белсенді қозғалыстың болмауы;
  • жануарларды вакцинациялау, өңдеу схемаларының сақталмауы;
  • қызмет көрсетуші персоналдың жоқтығы, жануарларға біліксіз адамдардың қызмет көрсетуі, жұмысшыларға түсетін жоғары жүктеме;
  • сиырларда теңгерімді рациондарының жоқтығы.

Байқасаңыз, бұл жерде әңгіме күрделі технологиялық сын-қатерлер туралы емес, қарапайым тәртіптің деградациясы туралы болып отыр. Жұттың мәнісін түсіндіруге тырысқан ресми тұлғалардың сөзі күлкі туғызады, бірақ шын болса керек. Минск облысының бас мал дәрігері Олег Карпович СТВ телеарнасының эфирінде қаңтарда мал шығыны өткен жылмен салыстырғанда 60%-ға жуық өскенін хабарлады. Оның түсіндіруінше, "жұмысшылар қыста бұзауды уақытылы суару керектігін және уызды бөтелкемен бермес бұрын оны жылыту қажеттігін де білмейді". Бұл түсініктеме саланы кадрлық және білім беру дағдарысы басқанын мойындауға ұқсайды. Сонда одақтастың деревняларында адамдар малды қалай суару керектігін де ұмытқаны ма?

Өзі жейтін сиыр етінің жартысынан астамын Беларусьтен импорттайтын Мәскеу бұл процестерді алаңдаушылықпен бақылап отыр. Беларусь өзінің географиялық орналасуы мен климатының ерекшелігіне байланысты ежелден мал шаруашылығына көбірек бағдарланған.

Ол кеңес кезінен бері Ресейдің бір асыраушысы болды. "Ритм Евразии" басылымы бұл дағдарыстың бірінші кезекте беларустік ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі тұтынушылары – Ресей мен Қазақстанға тікелей әсер ететінін еске салды.

"Өткен жылы Ресейдің сиыр еті импорты бірден 15%-ға шығандап, 311 мың тоннаға жетті. Бұл ретте РФ-тің негізгі асыраушысы болып Беларусь қала берді: бізге келетін шетелдік ет жеткізілімнің 56%-дан астамы осы елге тиесілі. Ресейдің ет нарығы беларустік АӨК-тің амандығына өте тәуелді. Ал, көршінің агроөнеркәсіп кешені проблемалардан бас көтере алмай жатыр. Оның арасында білікті кадрлардың тапшылығы (Еуропаға жаппай кетіп қалған), қайта өңдеу қуатының, мал бордақылау және сою кәсіпорындарының толық жүктелмеуі және әрине, малдың қырылуы бар", – деп жазды ресейлік басылым.

Түркі ренессансы: Полесье төріндегі өзбек дүбірі

Дәл осы тұста тарих сахнасына Өзбекстан шығуда. Айбарымен айдай әлемді тітіреткен Әмір Темірдің аманатын арқалап, Орталық Азияның саяси-экономикалық тізгінін ұстаған бұл ел бүгінде жарты әлемді жаулап алмаса да, жарты әлемнің нарығын иеленуге бейіл.

Шығыстың айлалы да айбынды көшбасшысы енді батыстағы бауырлас емес, "мұңдас" болған Беларуське қамқор құшағын жаюда. Ол Витебскінің түгін тартса майы шығатын алқаптарындағы агроөнеркәсіптің тоқырауын өзінің "аграрлық десантымен" түзетуге ниетті. Бұл жай ғана инвестиция емес, шығыстық іскерліктің салтанат құруы.

Болжамдарға сенсек, Ташкент тек қаржы құйып қана қоймай, ауыл шаруашылығының құрғаған құдықтарын қайта жандандыруға білек сыбана кіріседі. Осы орайда, ресми Минск те Беларустің бос қалған қоралары мен қаңыраған егістіктерін игеру үшін өзбек мамандарын теңіздей тасқындатып шақыру мүмкіндігін талқылап жатыр. Кім біледі, бәлкім, ертең славян даласында өзбектің сөзі мен шайханасы үйреншікті көрініске айналар?

Ендігі кезекте, дағдарыс пен дәрменсіздіктің қыспағында қалған беларусьтік АӨК-тің соңғы үміті осы өзбекстандық құтқару операциясына байланған сияқты. Тұйыққа тірелген жүйенің жарасын Азия кіндігінен елден келген мамандар жаза ала ма, ол жағы уақыт еншісінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу