Беларусьтің дәрі-дәрмек өндірушісі Қазақстанға экспортын арттырды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2903

"Лекфарм" компаниясы елімізге 800 млн доллардан астам қаржының өнімін жеткізді.

Беларусьтің дәрі-дәрмек өндірушісі Қазақстанға экспортын арттырды

Беларусьтегі дәрі-дәрмек шығаратын үлкен үш кәсіпорынның бірі – "Лекфарм" ЖШБҚ Қазақстанға экспортты арттырып жатыр. Бұл туралы 28 маусымда Логойскте өткен баспасөз мәслихатында кәсіпорын директоры Андрей Потапович мәлім етті. Компания Қазақстанда екі өкілдігін ашқанның арқасында экспортты күрт өсірген.

"Егер 2015 жылы ақшалай алғанда 300 мың долларға тауар жеткізсек, биылғы жылдың өткен кезеңінде 800-900 мың доллар туралы айтуға болады", – деді Андрей Потапович.

Бұдан бөлек ол Қазақстандағы дәрі-дәрмек сатылымының артуына жалпы қазақстандық нарықтың көлемі әсер еткенін айтты.

Жақын болашақта өндіруші экспорт мөлшерін жаңа өнімді енгізу есебінен арттыруға үміттенеді. 2017-2018 жылдары жүрек-қан тамырлары жүйесінің, асқазан-ішек жолдары және қимыл-тірек аппаратының ауруларын емдеуге арналған 40-тан астам жаңа дәрі-дәрмек түрін тіркеп, өндіріске енгізуді жоспарлап отыр.

2015 жылы компания Bosch (Германия), Techinox (Италия), Belimed (Швейцария/Германия), Brevetti (Италия), Neri (Италия) секілді жетекші әлемдік өндірушілердің заманауи жоғары технологиялық жабдықтарымен жасақталған ампуладағы инъекцияларды жасап шығаратын цехты іске қосты. 2015 жылдың күзінде біліктілікті бағалау және сертификаттау шараларынан табысты өтті. Инновациялық жабдықтар мен заманауи технологиялардың арқасында  жылына 150 млн ампула жасап шығаратын қуаттылыққа жету мүмкін болды және инъекциялық дәрі-дәрмекке деген Беларусьтің денсаулық сақтау жүйесінің қажеттілігін қамтамасыз ете алды.

2017 жылдың желтоқсан айында халықаралық GMP стандарттарына сәйкес келетін таблетка, капсула және ұнтақ түріндегі қатты дәрі-дәрмектерді өндіретін жаңа цехты іске қосу жоспарланып отыр.

Кәсіпорын өнімін жеті елге экспорттайды, оның басым бөлігі Ресей, Молдова және Қазақстанға жеткізіледі. Қазіргі кезде "Лекфарм" халықаралық патенттелмеген атау (ХПА) бойынша 71 дәрі-дәрмек түрін шығарады: 52 қатты және 19 сұйық дәрі-дәрмек түрі.

Өндірістің негізгі бағыты – жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларын емдеуге арналған препараттар. Сондай-ақ қимыл-тірек аппараты, жүйке жүйесі, асқазан-ішек ауруларын емдейтін, ауырсынуды басу, тұмауға қарсы және витамин-минералдық кешендерді шығарады.

Қазіргі кезде Еуропа нарығына шығу үшін дәрі-дәрмекті тіркеу рәсімі күрделі әрі қымбатқа түседі, бір препаратты тіркеу құны 200 мың долларды құрауы мүмкін, дәрі-дәрмекті жаппай ТМД елдеріне экспорттаудың бір себебі осы болып отыр.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу