Белгілі дәрігер министрдің біліктілігіне күмән келтірді

19186

Мұны ресейлік дәрігерлер де көзге түртіп көрсетіп кетіпті. 

Белгілі дәрігер министрдің біліктілігіне күмән келтірді

Денсаулық сақтау министрлігінің қисынсыз тірліктері Мемлекет басшысының да қатаң сынына ілігіп жүр. Президент Қ.Тоқаев "дәрігерлердің ерлікке барабар еңбектерін" атап өте келе, отандық денсаулық сақтау жүйесі биылғы ауыр сынаққа толық дайын болмағанын, кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болғанын ескертті. Азаматтарға емдеудің протоколын, алгоритмін дұрыс жеткізбеу ақыр соңында дәрі-дәрмек тапшылығына, жұрттың парацетамол алу үшін ұзын-сонар кезекке тұруына соқтырды.

ДСМ басшылығының жүйесіз тірліктерін сарапшылар да сынап жатыр.

Медицина ғылымдарының докторы, дәрігерлік ортада танымал кардиолог, профессор Вазилия Атарбаева тек ғылыми-педагогикалық қызметпен шектелмей, ауруханаларда практикалық жұмыс атқарып келеді. Ол пандемия басталғалы осы істің басы-қасында жүрді. Практик-ғалым өз тәжірибесіне сүйене отырып, клиникалық хаттамаларды құруға қатысты ұсыныс енгізді.

"Әйтпесе, бүгінде біздің қолымызда не бар? 60-тан 130 бетке дейін жететін қап-қалың клиникалық протоколдар! Еуропада оны тек клиникалық рекомендациялар деп атайды. Тиісінше, ол тек ұсыным сипатында ғана болып келеді. ДСМ мамандары қалыптастырған клиникалық протоколдар мазмұны және көлемі бойынша осы еуропалық клиникалық рекомендацияларға ұқсап кеткен. Демек, менің ойымша, оларды оқу құралы, оқулық, әдіснамалық рекомендация немесе клиникалық нұсқаулықтар ретінде рәсімдеу қажет. Ал күнделікті пайдаланылатын клиникалық протокол тезистік сипатта, қысқа-нұсқа болғаны жөн", – дейді Вазилия Шакентайқызы.

Қарапайым мысал келтіруге болады. Саналы адамдар сатып алған дәрісінің қорабындағы "қолдану жөніндегі нұсқаулықты" алып оқиды. Дәріні қалай және қай кезде ішу керектігін, нендей препараттармен араластыруға болмайтынын түсінеді. Бірақ бір парақ орнына медикаментке ұсақ әріппен терілген тұтас "кітап" қоса берілсе, не болмақ? Ең жауапты адамның өзі оны соңына дейін оқып шыға алмасы сөзсіз.

"Клиникалық протокол 2 беттен аспағаны маңызды. Өйткені пандемия жағдайында лек-лекпен ағылатын сырқаттарға жедел медициналық көмек көрсету, уақыт жоғалтпай шұғыл емдеу жүретін қарбалас шақта көлемді хаттамаларға бағдарлану – орынсыз, ұтымды емес іс. КВИ індеті өршіген кезде Қазақстанға келіп қайтқан ресейлік әріптестеріміз де осыны атап көрсетті. Мәселен, Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, мәскеулік клиника директорының орынбасары Симон Теймуразович Мацкеплишвили қазақстандық протоколды ықшам ету жөнінде ұсыныс білдірді. Ресейде КВИ бойынша клиникалық протокол 2 беттен аспайды. Ал бізде ол 130 беттен тұрады", – дейді В.Атарбаева. 

Сондықтан ол өз тәжірибесіне және ғалымдар мен сарапшылардың байламына сүйене отырып, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға қазақстандық клиникалық хаттамаларға қатысты келесі "реформаны" жүргізуді ұсынады.

Бірінші, бұл құжат көлемі 2 бетке дейін ықшамдалуы және ол аудан, қала, облыс, республикалық деңгейдегі медициналық көмектен тұруы қажет.

Екінші, ауруханаға жатқызу үшін қажетті зерттеулер тізімі берілуге тиіс.

Үшінші, көрсетілетін көмектің әр деңгейіне байланысты ауруханада емдеу кезеңіндегі зерттеулер тізімі қосылуы керек.

Төртінші, протоколдарда көрсетілген аурулар классификациясы Қазақстанның дәрігерлер қауымдастықтарының конгрестерінде мақұлданып, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бекітілуі шарт.

Бесінші, емдеудің заманауи әдістері жазылғаны маңызды. 

Алтыншы, клиникалық протоколда сынақтың барлық 3 сатысынан өтпеген және дәлелді базасы жоқ дәрі-дәрмектер болмауға тиіс (ендеше оған бірден 4–5 сауда атауымен тіркеліп үлгерген ресейлік коронавируске қарсы вакцина енгізілмегені абзал).

Жетінші, ондағы рецензиялар шетелдік мамандардан болмауы керек. Себебі, әр елдің өз ерекшелігі бар. Сондықтан бөгде елдің маманына жергілікті жағдайға объективті баға беру күрделі болады.    

Сегізінші, протоколдар отандық салалық қауымдастықтармен келісілгені жөн.

Тоғызыншы, балаларға арналған КВИ протоколы жеке әзірленіп, бөлек хаттамамен бекітілуге тиіс.

Оныншы, сырқаттың сыныбы, дәлелді базаның деңгейлері, дерттің этиопатогенезі, диагностикалау және дифференциалды диагностика әдістемелерінің егжей-тегжейлі сипаттамасы және сол сияқты ақпараттың бәрі әдіснамалық рекомендацияларға, оқу құралдарына және нұсқаулықтарға көшірілуі керек.

Егер осындай нақты әрі шағын нұсқаулық болса, өзіне дәрігердің тиісті көмек көрсетпегеніне қатысты сырқаттардың арыз-шағымдары да азаяр ма еді.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу