Еліміздің бес дүркін чемпионы атанып, кейін түрлі қаржылай қиындыққа тірелген "Ертіс" футбол клубы биылғы маусымды бірінші лигадан бастайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Былтыр "Ертіс" футбол клубы бірнеше жылдық үзілістен соң қаржылық жағдайын реттеп, екінші лигаға оралған еді. Маусым бойы қоржынға ұпай салуға мән беріп, бірінші сатыдан көрініп, бірінші лигаға жолдама алды. Ал таяуда 60 жылдық тарихы бар клубтың бапкері таныстырылды. Бұл қызметке есімі футболсүйер қауымға етене таныс Қайрат Нұрдәулетов лайық деп танылды. Ол өзі де ақ-көк жейделілердің сапында доп тепкен болатын.
"Қайрат Нұрдәулетов 2002-2004 жылдары "Ертіс" сапында ойын көрсетті. Екі рет ел чемпионы, күміс жүлдегер атанып, Қазақстан Кубогының күміс медалін еншіледі. 2002 жылы Қазақстан чемпионатының үздік жартылай қорғаушысы болды. "Ертіс" футбол клубы оған ұлттық құрамаға жол ашып берген еді. Премьер-Лигада өткізген 300-ден астам мачтың 86 ойынында павлодарлықтардың намысын қорғады", – делінген клубтың ресми мәлімдемесінде.
Кейін Қайрат Нұрдәулетов бапкерлік қызметке бет бұрып, ұлттық құраманың жаттықтырушылар тобында жұмыс істеді. Футбол федерациясы департаментінің директоры, Қазақстан U21 жастар құрамасының, Премьер-Лигадағы "Мақтаарал" және "Жетісу" командаларының бапкері болды.
Сонымен қатар, бірінші лигаға қосылған "Ертіс" командасының бапкерлік құрамын тағы бір танымал футболшы, осы команданың атақты капитаны Юрий Новиков толықтырды.
Павлодарлық футбол мектебінің түлегі жергілікті команданың қақпасын 1995-1998 жылдары және 2001-2003 жылдары қорғаған болатын. Аталған команданың сапында төрт мәрте "Қазақстанның үздік қақпашысы" атанды. Ал 2003 жылы еліміздің үздік футболшысы атағын иеленді. Ел біріншіліктерінде 292 рет, ұлттық құрама сапында 26 рет алаңға шықты. Бұған дейін "Атырау", "Тобыл", "Тараз", "Қайрат", "Жетісу", "Мақтарал", "Оқжетпес" командаларының бапкерлік құрамында еңбек етті.
"Ертіс" футбол клубы 60 жылдық мерейтойы аясында бірінші лигада үздік атанып, Премьер-Лигаға жолдама алуды көздеп отыр. Сондықтан бапкерлік құрамды күшейтуге баса мән беріліп отыр.