Бельгияның Марш-ан-Фамен қаласында өткен әйгілі "Фаменне Арденн Классик" біркүндік веложарысы XDS Astana Team үшін нағыз триумфке айналды.
186,7 шақырымды құрайтын тартысты додада команда бір ғана емес, бірден екі тұғырды бағындырды: жеңіс Макс Кантердің еншісінде болса, Кейс Бол мәреге екінші болып жетті.
Арденн аймағына тән төбелі, қиын рельефті жолдарда өткен жарыс шынайы төзімділік пен шеберлікті талап етті. Бірақ дәл осы сында қазақстандық команданың ұйымшылдығы мен тактикалық дайындығы айқын көрінді.
– Бұл сөзсіз біздің күніміз болды! Біз өте мықты құраммен келдік. Көптеген қарсылас командалар финалға қарай шабуыл жасап, тактикамызды бұзуға тырысты. Бірақ Алессандро, Майк, Глеб және Кейс өз істерін мінсіз атқарып шықты. Шыны керек, бүгін Кейс жеңіске әбден лайық болды. Ол керемет деңгейде өнер көрсетті. Апта бойғы нәтижелер бүкіл команданың еңбегін ақтады. Енді сәл демалып, Giro d’Italia-ға аттанамын, – деді жарыс жеңімпазы Макс Кантер.
Сондай-ақ, елордалық команданың тағы бір велошабандозы Кейс Бол да жарысқа қатысты пікір білдірді.
– Біз бүгін керемет жұмыс атқардық. Бастапқы жоспарымыз Максқа жұмыс істеу болатын. Глеб пен Майк маңызды рөл атқарды. Мәреге 400 метр қалғанда мен Максты алға сүйредім. Әрі қарай ол өзі бәрін шешті. Бұл командалық жұмыстың қаншалықты үйлесімді болғанын көрсетеді. XDS Astana Team үшін бұл тек бір жарыстағы жеңіс емес – бұл өз күшін дәлелдеген, биік мақсаттарға сенімді қадам басқан команданың жеңісі. Бұл табыс Қазақстан велоспортының дамып келе жатқанын көрсететін жарқын белгі. Алда Giro d’Italia. Демек, нағыз сынақ әлі алда. XDS Astana Team – жеңіске лайық команда. Бұл біздің тамаша жұмыс істегеніміздің дәлелі деп ойлаймын! – деп қоса кетті Кейс Бол.