Белсіздік пен бедеулік ұлттық мәселеге айналды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2322

Елімізде 2025-2035 жылдар аралығында бала тууға әлеуетті әйелдер  азаяды.

Белсіздік пен бедеулік ұлттық мәселеге айналды

Еліміздегі әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмай отыр. Салдарынан ерлі-зайыптылардың ажырасу көрсеткіші 20%-ға жетті. Қазақстан халқына жолдаған жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды жақсарту үшін үкіметке келесі жылы "Аңсаған сәби" бағдарламасын жүзеге асыру міндетін жүктеді.

"Елдің отбасылық-демографиялық жағдайы алаңдаушылық тудырып отыр. Өкінішке қарай, Қазақстанда әр алтыншы отбасы бала сүйе алмайды. Әлеуметтік сауалнама көрсеткендей, қазақстандықтардың 20 проценті мұны ажырасудың басты себебі деп санайды. Біріккен ұлттар ұйымының Қазақстан халқының өсуіне қатысты болжамы көңіл көншітпейді. Осыған байланысты  үкіметке 2021 жылдан бастап "Аңсаған сәби" бағдарламасын іске қосуды тапсырамын", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пәрменімен келесі жылдан бастап экстракорпоральді ұрықтандыруға (ЭКҰ) 7 мың квота бөлінетін болды. Репродуктологтар бұл бастама 4-5 жылдан бері квота кезегінде тұрған отбасылардың сәби сүю мүмкіндігін арттыратынын айтса, демографтар жасанды жолмен ұрықтандыруға көрсетілетін қолдау ажырасудың азаюына ықпал етуі мүмкін деген болжам жасады.

Біле жүріңіз, елімізде алғаш рет 2010 жылы экстракорпоральді ұрықтандыру медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қосылып, сәби сүйе алмай жүрген азаматтарға 100 квота бөлінді. 2020 жылға дейін квота саны 1 мыңға ғана жетті. Бұйыртса, келесі жылдан бастап олқылықтың орны толады, квота саны 7 есе өседі.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтің мәлімдеуінше, Президент министрлікке нақты 11 тапсырма жүктеді. Соның бірі  –  экстракорпоральді ұрықтандыруды дамытуға арналған "Аңсаған сәби" бағдарламасы.

"Бүгінде елімізде 26 ЭКО орталық жұмыс істейді. Оның 21-і жекеменшік орталық. Осы уақытқа дейін экстракорпоральді ұрықтандыру әдісімен 22 мыңнан астам бала дүниеге келді. Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, елімізде 9 467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр. Келесі жылы іске қосылатын "Аңсаған сәби" бағдарламасына жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы бала сүюге үмітті кез келген отбасылық жұп қатыса алады", – деді ресми өкіл.

Оның сөзінше, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры биыл 1105 жасанды ұрықтандыру әдісіне 943 млн 800 мың теңге қарастырған.

"Келесі жылы жасанды ұрықтандыруға бөлінетін қаражат 7 есе ұлғаяды", – деді Бағдат Қожахметов.

"Экомед" адам ұрпағын өрбіту емханасының басшысы Салтанат Байқошқарова елімізде бедеуліктің бірыңғай тізілімін жасау қажет деп санайды. 

"Біз еліміздегі әрбір алтыншы отбасының бедеулікпен бетпе-бет келіп отырғанын жиі айтамыз. Алайда қолымызда нақты статистика жоқ. Бізге бедеу адамдарды тіркеу мәселесін дұрыстап, бедеуліктің бірыңғай тізілімін жасау керек. Бұл үшін Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары мен хаттамаларына өзгеріс енгізілуге тиіс. Бұған дейін бедеулікті ем­деудің "Жол карта­сын"  жасау бастамасын көтердік. Коронавирус індетінің таралуы істі тоқтатып тастады", – деді Салтанат Байқошқарова.

Айта кетейік, елімізде экстракорпоральді ұрықтандыру әдісімен дүниеге келген бала қазір 24 жаста. Ұлыбританияда білім алып жатқан бойжеткен табиғи жолмен ана бо­ла алады.

Демограф Әзімбай Ғалидың сөзінше, біздің елде демо­графия­лық өсім баяу жүріп жатыр.

"Халықтың басым бөлігі қалада тұрады және әр отбасы 2 баладан артық бала тәрбиелегісі келмейді. Мұның сыртында елімізде ажырасу көп. Әрбір үшінші неке баянсыз болып жатыр. Ал ендібір отбасылар бір перзентке зар болып жүр. Осының барлығы демо­графия­лық өсімді баяулатып тұр", – деді демограф.

Бұл пікірді сенат депутаты, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлейменнің стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетовке жолдаған депутаттық сауалы растайды. Депутат елімізде 5 жылдан кейін бала туатын әйелдер азаятынын айтты.

"Соңғы 10 жылда Қазақстан халқының саны 2 млн 400 мың адамға немесе 15,1% өсті. Бұл тенденция 2024-2025 жылдарға дейін сақталады. Содан кейін бала тууға әлеуетті әйелдер санының азаюына байланысты кері коэффициент тіркеледі. 2035 жылдан кейін ғана демографиялық өсім болады", – деді Ләззат Сүлеймен.

Сенатордың сөзінше, БҰҰ халықтың қоныстануы жөніндегі қорының зерттеуінше, қазіргі табиғи өсім сақталса, Қазақстан халқы шамамен 2 ұрпақ алмасқанда 23% көбейеді.

"Экономикалық белсенді халық саны 2050 жылға дейін 1,3 есе өсіп, 15,3 млн адамға жетеді. Алдағы 10 жылда егде жастағы адамдардың саны орташа есеппен  4-5% өседі. Осыған қарамастан орташа алғанда Қазақстан халқы жағынан жас мемлекет болып қала береді", – деді депутат.

Оның ойынша, бала туу көрсеткішін жақсарту үшін бірыңғай мемлекеттік демографиялық саясат ұстанып, Қазақстанның демографиялық дамуы немесе демографиялық қауіпсіздік саясатының 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеу қажет.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу