Бендиден биыл да жүлдесіз қалдық

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3199

Допты хоккейден Швецияда аяқталған әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы төртінші орынды қанағат тұтты.

Бендиден биыл да жүлдесіз қалдық

Швецияда өткен 39-ыншы әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін аса сәтті болды деп айта алмаймыз. Олар алты ойын өткізіп, тек біреуінде ғана жеңіске жетті. Әйтсе де, бендиші жігіттеріміз үздік төрттіктегі орындарын сақтап қалды. Тіпті қола медаль үшін додаға түсіп, жүлделі орынға бір қадам жетпей сүрінді.

Жалпы, биыл да бендишілер арасындағы әлем чемпионаты екі топта өтті. Бірақ мұнда "A" тобында кіл мықтылар, ал "B" төрттігінде олардан осалдау командалар сынға түсті. Себебі, спорттың бұл түріндегі командалардың деңгейлері – тым алшақ. Алғашқы төрттіктегі ойындардың өзі екі таңбалы сан айырмасымен аяқталады.

Сонымен "A" тобында Ресей, Швеция, Финляндия және Қазақстан құрамалары бақ сынады. Сергей Ин-Фа-Лин жаттықтыратын біздің елдің бендишілері шведтерден де, ресейліктерден де 1:22 есебімен ойсырай ұтылып, финндерге 0:9 есебімен есе жіберіп алды.

Сөйтіп, "A" тобында соңғы орынға табан тіреп, плей-оффта "B" тобында бірінші орынға ие болған Норвегия құрамасымен кездесті. Маңызды матчта 4:1 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты. Алайда әлем чемпионатының 1/2-финалында Швеция құрамасына тап болып, 1:20 есебімен тағы да оңбай ұтылды.

Ал үшінші орын үшін өткен матчта негізгі бәсекелесі Финляндия құрамасымен кездесіп, 2:8 есебімен тағы да жеңілістің кермек дәмін татты. Сөйтіп, биыл да 4-орынды қанағат тұтты. Осы ретте айта кетейік, біздің бендишілер әлем чемпионаттары тарихында алты рет қола жүлде жеңіп алған болатын. Соңғы рет 2015 жылы үшінші орынға қол жеткізгенбіз. Содан бері жүлде бұйырмай жүр.

Биылғы әлем чемпионатының Қазақстан құрамасы үшін ерекшелігі, бұл жолы ел намысын негізінен "Ақжайық" (Орал) клубының бендишілері қорғады. Оларға тек сырттан төрт-ақ ойыншы қосылды. Олар – Рауан Исалиев "Сибсельмаш" (Новосібір, Ресей), Ескендір Нұғыманов "Хёвик Банди" (Норвегия), Евгений Шадрин ("Байкал Энергия", Иркутск) және Артём Вшивков "Сибсельмаш" (Новосібір, Ресей). Яғни соңғы екеуінен басқасы – өз жігітеріміз, өз түлектеріміз.

Биыл ұлттық құрама сапына Қазақстан азаматтығын алған Ресей ойыншыларының топ-тобымен тартылмай, өз ойыншыларымыздың 4-орынға ие болуы – сөз жоқ, айтуға тұрарлықтай жетістік. Әрі екі қазақ жігітінің шет елдік клубтарда ойнайтындығын да бөле жара атап өтуге тиіспіз. Мұндай басқа спорттық ойындар түрінде бар ма?! Осы ретте, Қазақстан құрамасының әлем чемпионатына 21-інші рет қатысқандығын да айта кетейік.

Енді құрама сапымен таныс болыңыздар:

қақпашыларБіржан Ахметжанов, Вячеслав Горчаков;

қорғаушылар Болат Мұхит, Сұлтан Қадіржанов, Илья Глухов, Павел Чебаков;

жартылай қорғаушылар Еламан Әліпқалиев, Қуаныш Теміралин, Самат Аманшин, Азат Бектұрған, Ершат Амангелдиев, Петр

Грибанов, Евгений Шадрин, Артем Вшивков;

шабуылшыларРауан Исалиев, Ескендір Нұғманов, Максим Өтебалиев, Андрей Гущин.

 

39-ыншы әлем чемпионатының қорытындысы:

1. Ресей (чемпион)

2. Швеция (күміс жүлдегер)

3. Финляндия (қола жүлдегер)

4. Қазақстан

5. Норвегия

6. АҚШ

7. Германия

8. Нидерланд (келесі жылы бұл құраманың орнын Эстония бендишілері басады)

Маруан Түсіп

Суреттерді түсірген Ілияс Омаров, Швециядан арнайы abctv.kz үшін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу