Бензині бар, әжетханасы жоқ

Қажет Андас Қажет Андас
2630

Алматы – Өскемен күрежолының бойындағы жанар-жағармай құю бекеттерінің жағдайы Ұлттық стандартқа сай емес.

Бензині бар, әжетханасы жоқ

"Қазавтожол" ҰҚ" АҚ Алматы облыстық филиалы, Алматы облыстық экология департаменті, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті және төтенше жағдайлар департаментінің сарапшылары, облыстық мәслихат депутаттары,  БАҚ өкілдерінен құралған комиссия жол бойындағы жағар-жанармай құю бекеттерін тексеріп қайтқан соң осындай шешімге келіп отыр.

"Елімізде 2015 жылдан бастап жол бойындағы сервистік нысандарды Ұлттық стандартқа сәйкестендіру жұмысы қолға алынды. Осыған орай, Алматы облысы бойынша жол бойындағы 350-ге жуық нысанды Ұлттық стандартқа сәйкестендіру керек болған. Оның 160-ы жанар-жағармай құю бекеті", – дейді "Қазавтожол" ҰҚ" АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Мәулен Әліпов.

Содан бергі 3 жылда республикалық, облыстық маңызы бар жол бойындағы жанар-жағармай құю бекеттерін Ұлттық стандарттың D категориясында көрсетілген  талаптарға сәйкестендіру жұмысы жүргізілді.

"Ұлттық стандарттың D категориясының талабы бойынша жол бойындағы  жанар-жағармай құю бекеттерінде өлшемге сай май құю алаңы, абаттандырылған дәретхана, жүргіншілер сәл тынығып, бойына әл жинап аттанатын азық-түлік дүкені болуы керек", – дейді "Қазавтожол" ҰҚ" АҚ облыстық филиалы пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы Ринат Мырзагелдиев.

Алайда, тексеріс барысында Қапшағай қаласындағы "Гауһартас" және Шеңгелді ауылындағы "Шеңгелді" жанар-жағармай құю бекеттерінде абаттандырылған дәретхана жоқ болып шықты. Дәретханасы болса, суы жоқ, суы болса, шайынды су құбыры болмаған май құю бекеттері сылтау іздеп, шыр-пыр болды. Мұның ішінде "Royal Petrol" және "Газпромнефть" жанар-жағармай құю бекеттерінің жағдайы  Ұлттық стандарттың барлық талабына сәйкес келеді. Дегенмен, "Royal Petrol" жанар-жағармай құю бекеттеріндегі дәретханалар ақылы қызмет көрсетуде. Ондағы қызмет құны 50 теңгені құрайды.

"Біз май құю бекеттеріне абаттандырылған дәретхана салуға міндеттегенімізбен, оны ақысыз жаса деп талап қоя алмаймыз. Бірақ, бұл жерге көліктеріне жанар-жағармай құятын жүргіншілер тоқтайды. Демек, оларға  ақылы қызмет көрсетіледі. Сондықтан дәретханалардың ақысыз болғаны жөн" – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Жанболат Жүргенбаев.

Осы сұрақты жанар-жағармай құю бекеттеріндегі менеджерлерге қойып көріп едік. Олар жүргіншілерді кінәлап, тазалық тәртібін сақтамайтынын алға тартты. Сондықтан дәретханаларды қара құлыппен құлыптап қояды немесе "дәретхана жоқ" деп жүре жауап бере салады.

Осы тұста биылғы 1 шілдеден бастап "Стандарттау туралы" заңның күшіне енгенін айта кеткен жөн.

 "Үш жыл мүмкіндік берілді. Енді Ұлттық стандарттың талабын орындамай отырған нысандарға бір ай көлемінде жазбаша ескерту береміз. Оны орындамаған жағдайда жергілікті билікпен бірлесе отырып, шара қолданатын боламыз", – деді Ринат Мырзагелдиев

Бұл тек Алматы – Талдықорған күрежолының бойындағы 16 жанар-жағармай құю бекетіне жүргізілген тексеріс барысында анықталған кемшіліктер. "Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің" дегендей, 160 нысан толығымен тексерілсе не болатынын біліп отырған шығарсыз.

Жол бойындағы май құю бекеттерін ұлттық стандартқа сәйкестендіреміз деп әбден діңкелеген  "Қазавтожол" ҰҚ" АҚ Алматы облыстық филиалы енді жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты сервистік нысандарды өздері сала бастапты.

"Биыл Талдықорған – Алматы автожолының бойындағы екі нүктеге жолаушыларға заманауи қызмет көрсетудің барлық түрі қамтылған құны 23 млн теңге тұратын  "KazWay" моделді сервис павильонын салуды қолға алдық.  Оның бірі – Талдықорғанға кіреберіске, енді бірі Арқарлы асуында салынуда", – дейді "Қазавтожол" ҰҚ" АҚ облыстық филиалының маманы.

Сонымен қатар, "Қазавтожол" ҰҚ" АҚ облыстық филиалы жол бойындағы дәретханаларды қайта жаңғыртып, заман талабына сай жабдықтап шығуды жоспарлауда.

Қажет Андас, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу