Бензиннің толайым бағасы түсті

"Біздегі баға Ресейге қарап бой түзейді".  

Бензиннің толайым бағасы түсті

Толайым саудадағы бензин бағасының түсуі автокөлік иелерін әлі қуанта қойған жоқ. Энергетика министрлігі мұның себебін Ресей нарығындағы құбылмалы жағдаймен байланыстырып отыр. Вице-министр Әсет Мағауовтың айтуынша, өткен аптадан бері мұнай өңдеуші компаниялар жанармай стансаларына бензиннің әр тоннасын бұрынғыдан 6 мың теңге арзанға сатып бастаған. Бұл жағдайдың көлік тізгіндеген көпшіліктің қалтасына қалай әсер ететінін болжау әзірге қиын көрінеді. Өйткені, біздегі баға Ресейге қарап бой түзеуге мәжбүр. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы келісім сондай.

"Еуразиялық экономикалық одақта, бір нарықта болғандықтан, бізде мұнай өнімдерін өзара сату бойынша Ресеймен келісім бар екенін айтқым келеді.  Индикативті жоспарға біз жыл сайын 300 мың тонна авиакеросин, 500 мың тоннаға дейін дизельді отын жеткіземіз деп енгізген болатынбыз. Осыған сәйкес, Ресей нарығындағы бағаның құбылуы Қазақстан нарығындағы баға саясатын бірден теңестірді. Біздің компаниялар Ресейде баға өзгерсе, соған қарай икемделіп, бой түзейді. Кеше Премьер-министрдің басшылығымен мәжіліс өтті. Энергетика министрлігі ауылшауарашылық тауар өндірушілер үшін дизельдік жанармай бағасын түсіретін болды. Ақпан-наурыз айларында мұнай-газ компаниялары дизельдің тоннасы 194 мың теңгеден жеткізген болса, кеше 184 мың теңгеге дейін түсірілді. Бағаның дәл осылай түсуі бензиннің толайым саудасында да байқалуда. Авиакеросин бойынша да солай. Коронавирус салдарынан ұшақ сапарларының қысқарғанын ескерсек, ұсыныс-сұраныс тұрғысынан бағаны нарық өзі реттеуде. Авиакеросин бойынша баға тоннасына 45 мың теңгеге түсті", – деген Әсет Мағауов мұнай өңдеуші компаниялар өткен аптадан бері жанармай стансаларына бензинді бұрынғыдан 6 теңге арзанға сата бастағанын еске салды

"Бұған дейін айтқанымдай, өткен аптада 1 тонна бензиннің толайым бағасы 6000 теңгеге түсті. Ал жекелей бағаға келсек, қаңтардағы қыбаттау акциздік салықтың өсуімен көбірек байланысты болған. Бір тоннаға салынатын акциздік салық 11 мың теңгеден 24 мың теңгеге өскенін білесіздер. Ал қазіргі толайым бағаның түсуі жекелей сауда бағасына қашан жететіні жаңа партияның жанармай стансаларына қашан келіп түскеніне байланысты. Әзірге толайым бағаның ғана өзгергенін көріп отырмыз", – деді ол.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу