Бердібек Сапарбаев: Бұл тыңдарманды мазақ ету

1994

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды. Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы.

Бердібек Сапарбаев: Бұл тыңдарманды мазақ ету

fergana.ru: "Қазақстанда оралмандарға бөлінген квотаның үштен бір бөлігі қысқартылды", деп хабарлайды басылым. Басылым бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағанын жеткізіп отыр.

Үкімет қаулысына сәйкес, 2020 жылы оралмандарға 1378 өңірлік квота беріледі. 2019 жылмен салыстырғанда квота 653 адамға кем беріліп отыр. Сонымен қатар оралмандарды қабылдайтын өңірлер үкімет қаулысымен айқындалған. Осы құжатқа сай 500 адам – Павлодар облысына, 350 –Қостанай, 258 – Ақмола облысына және 150 адам Шығыс-Қазақстан облысына қоныстануға тиіс. 

"Өңірлік квота алғандарға билік көшіп келуге көмектесуге уәде беріп отыр. Сонымен қатар алғашқы бір жыл ішінде жалдамалы тұрғын үй шығынын өтеп, коммуналдық қызметті төлеуге көмектеседі", – деп жазады басылым. 

Ресми дерек бойынша, 1991 жылдан бастап 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін оралман мәртебесін 313,2 мың отбасы немесе 1 057 280 этникалық қазақ алған.

camonitor.kz : "Қазақ болмасаң да қазақ тілін білуге міндеттісің...", деп жазады басылым. Бұл мақалада қазақ тілі сұранысқа ие болу үшін зиялы қауым өкілдері айтарлықтай еңбектеніп, тер төгуі керектігі айтылған. 

Мақаланың жазылуына өткен жылдың соңында мемлекеттік тілді барлық қазақстандық білуі керектігін айтып, арнайы заң нормаларын енгізуді талап ететіндердің белсенділігі ықпал еткен. Себебі мұндай ұсыныс айтушылар аз болмаған, олардың арасында қазақ зиялылары, лингвист-ғалымдар мен ұлттық-патриоттық қозғалыс өкілдері болған. Ал 2019 жылдың соңғы күндерінде үкімет басшысына Парламенттің жоғарғы палата мүшесі, сенатор Мұрат Бақтиярұлы арнайы сауалнама жолдаған.

Мақала авторының пікірінше, мұндай ұсыныс жасаушылар мәселені нақты шешу жолдарын да көрсетуге тиіс. Алайда олар өзекті мәселені міндеттеу арқылы, мәжбірлеу арқылы шешкісі келеді. Мұндай әрекеттің аты –"популизм".

"Мәселен, АҚШ-та ешкім ағылшын тілін үйрен деп міндеттемейді. Ағылшын тілін білмей талай адам Брайтон, Чайнатаунда өмір сүріп жатыр. Олардың өз шаштаразы немесе автошеберханасы бар. Алайда кез келген адамның өмірге қойған талабы жоғары болса, амбициясы болса, онда ол ағылшын тілін білуге міндетті. Демек көтерілген мәселенің өркениетті шешімі бар (яғни ешкім ешкімді мәжбүрлемейді, құқығын шектемейді, ұлтараздық мәселе туғызбайды), қазақ тілінің деңгейін осындай деңгейге жеткізу керек", - деп жазады мақала авторы.

Liter.kz: "Қазақстандықтар "көз бояушылық үшін гауһар тас алып, тойдан кейін дүкенге қайта өткізеді", деп жазады аталмыш газет. Зергерлердің айтуынша, мұндай жағдай Солтүстік Қазақстан облысында орын алып отыр. Сол себептен зергерлер қауымдастығының мүшелері Кәсіпкерлер палатасына шағым айтып, көмек сұраған.

Басылымның хабарлауынша, Петропавлда алты зергерлік дүкен бар. Қала тұрғындары осы дүкендерден түрлі қымбат, гауһар тасы бар сырға, сақина алады. Алайда соңғы уақытта дүкен иелері байқағандай, тұтынушылар сатып алған бұйымдарын бір-екі апта аралығында қайтаруды әдетке айналдырған.

"Көбісі тойға бару үшін алады, соңынан қайтарып жатады. Біз амалдың жоғынан, қорқа-қорқа аламыз. Себебі гауһар тастың шынайлылығын тексере алмаймыз. Біздің облыста геммолог жоқтың қасы. Сараптаманы тек сот арқылы жасай аламыз. Тұтынушылар арасында алаяқтық жасайтындар да көп", – дейді Анастасия Кужилина.

Сол себептен зергерлерге арнайы заңға өзгеріс енгізіп, алмасуға жатпайтын заттарға алтын, платина және күмістен жасалған бұйымдар жатқызылса дегенді сұрап отыр. 

sputniknews.kz: Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев фонограммамен ән айтатын әншілерді сынға алды, деп жазады басылым. Мұндай сынды Сапарбаев Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтқан. 

Көтерілген мәселеге байланысты вице-премьер министрлік өкілдеріне тапсырма беріп, отандық әншілердің деңгейіне назар аудару керектігін жеткізген.

"Кейбір әншілер әлі күнге дейін фонограммамен ән айтады. Ал кейбіреулері тіпті домбыра, қобызды қойып фонограммамен ән шырқайды. Бұл тыңдарманды мазақ ету", – деді Қазақстанның вице-премьері.

Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев министрлік өкілдеріне кино саласына мән беруді тапсырды.

caravan.kz: "25-жасар ақтөбелік Артем Головниді емдеуге жиналған ақшаны кім ұрлады", деп жазады мерзімді басылым. Артемді төсекке таңып қойған оқиға 2019 жылдың жазында болған. Сол күні ол өрттен көршісін алып шыққан. 82 жасар көршісі ауыр жарақаттан көз жұмған, ал Артемның денесінің 60 пайызын күйік шалған. 

Соңғы 8 айда дәрігерлер Артемға 3 рет ота жасап, теріні ауыстырыпты. Жарты жылдан кейін дәрігерлер оны Нұр-Сұлтан қаласындағы күйік орталығына жеткізген. Артем орын алған қайғылы оқиғаға дейін отбасын жалғыз өзі асырап отырған екен. Өрттен кейін оның отбасы материалдық жағынан қиындық көре бастағанын естіген ақтөбеліктер жас жігітке ақша жинап берді.

"1,5 миллион теңге жиналған. Артемның анасына 200 мың теңге аударылғаннан кейін ақша жоқ болған. Бар күдік еріктілердің біріне түседі. Артемның анасы ол ақшаны қайтарады деп сеніп жүрген. Сөйтіп полицияға барып, шағым айтпаған", – деп хабарлайды басылым.

Күдікті ерікті әйел ақшаны алғанын мойындайды. Енді оның мәселесін прокуратура қарап жатыр.

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу