Бердібек Сапарбаев: Шіріген бай болсам, бес облысты басқармас едім

9200

Жамбыл облысының әкімі неліктен пиязды өңірдің бренді қылғысы келетінін айтты.

Бердібек Сапарбаев: Шіріген бай болсам, бес облысты басқармас едім

–  Бердібек мырза, сәлем – сөздің атасы дейді ғой. Пандемия кезінде амандасу тәсіліңіз қалай өзгерді? Маскалы өмірге үйреніп үлгердіңіз бе?

–  Заманның талабы ғой. Қазір бетпердесіз жүрмейміз. Бұрынғыдай үлкен кездесулер болмайды. Кездесу болған кезде де ара қашықтық сақтаймыз. Көп жиындар онлайн режимде өтіп жатыр. Байланыс құралдары бар. Амандасқанда бұрынғыдай қол қысып, құшақтасу жоқ. Жұдырық жанастырып шектелеміз. Жаңағы сіз сияқты қолымыздан антисептик түспейді.  

– Бұл жақта жүріп, Астананы сағынған жоқсыз ба? Климат қинап жүрген жоқ па?

– Елорданы сағынбайтын адам жоқ шығар енді. Қанша дегенмен мемлекетіміздің астанасы. Біраз өміріміз сол жерде өтті. Бірақ мен үшін бұл – үйреншікті жайт. Көп өңірлерде қызмет істегеннен кейін әр өңір мен үшін өзінше ыстық, ерекшеліктері бар. Астана ғана емес, Өскемен, Ақтөбе болсын, Қызылорда, Шымкент болсын, оларды да сағынып тұрамын. Сол жердің халқымен бірнеше жыл қоян-қолтық жүріп, жұмыс жасадық. Сондықтан, әрине, сағыныш деген сезім болады.

Немерелерім күнде телефон шалып тұрады

– Сіздің жөніңіз бөлек. Қайда тапсырма берді, сонда барасыз. Отбасыңыз "Болды, осыдан кейін көшпей-ақ қояйықшы" деп айтпай ма?

– Отбасым да үйреніп қалды. Өйткені бұл бірінші рет емес қой. Талай жылғы әдет.  Қайда бар десе, біз сонда барамыз. Бірінші міндетіміз – сенімді ақтау, екіншісі – халықтың жағдайын жақсартуға жұмыс істеу. Оған отбасымыз дайын. Бүгін кету керек болса, чемоданды аламыз да кетеміз.

– Қазір пандемия кезеңінде жұмыс істеп жатырсыз. Отбасы бар, туған-туысқан, той-томалақ бар, өлім-жітім бар. Барлығына қалай уақытыңызды рационалды түрде жұмсайсыз?

 – Біріншіден, қазір техниканың дамыған заманы ғой. Балаларыммен, немерелеріммен осы желілер арқылы сөйлесеміз. Тойға, өлімдерге бармаймыз. Өзіміздің көңілімізді телефон арқылы білдіреміз. Демалыс кезінде балаларды бір-екі үш күнге осында шақырып аламыз. Соған қанағат дейміз.

– Осында келмей тұрып, Инстаграм қолданушыларына сауалнама жүргізіп көрдім. Бәрі "Бердібек Сапарбаев қандай ата?" деп сұрашы дейді. Сіз қандай атасыз?

– Өзімше жаман ата емес шығармын деп ойлаймын. Өйткені немерелерімнің бәрі кешке жақын міндетті түрде телефон шалады, "Ата, ата" деп.

– Неше немереңіз бар?

 – Құдайға шүкір, 5 немерем бар.

– Карантин кіргелі интернет мәселесі барлық аймақта қиын болып жатыр. Интернеттің алыс ауылдарда жоқ екенін көрдік.  WhatsApp арқылы оқып жатқандар бар. Сіздің өңірде мәселе қалай шешіліп жатыр?

– Қанша дегенмен Қазақстан жер жағынан үлкен мемлекет. Бір елді мекен мен екінші елді мекеннің арасы ең кем дегенде 300-400 шақырым. Солардың арасын жалғау үшін оптикалық талшық керек. Біздің өңірде де көп елді мекенде байланыс жоқ. Байланыс жоқ болғаннан кейін интернет жұмыс істемейді. Істесе де, оның жылдамдығы болмайды. Сондықтан қазір балалар өзіңіз айтып кеткендей, WhatsApp-ты пайдалануға мәжбүр. Бар компьютерлерді пайдаланып, жоқтарына планшет таратып беріп жатырмыз. Өңірде 442 мектеп бар. Соның 228-і ғой деймін, яғни 50 пайызы дәстүрлі форматпен оқып жатыр. Әсіресе, шағын мектептерде солай. Ауыл мектептерінде балалардың саны 150-200-ден аспайды. Оларды екі ауысымда оқытуға мүмкіндік бар. Өйткені мектеп үлкен. Ең негізгісі барлық санитарлық талаптарды сақтауға болады. Бір класта 15-тен артық бала отырмауы керек. Бір баламен бір баланың арасы 1,5 метр болуы керек. Біз жақында Жайлаукөлге бардық. Онда мен арнайы мектепке кірдім. Балалар солай оқып жатыр. Ешқандай кедергісі жоқ,

Әрине, біздің міндет – мұндай кезде оқушыларды бірінші интернетпен, екінші компьютер, планшеттермен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда 70-80%-дай қамтамасыз еттік. Оларды алып беретін өзіміздің келісілген компания бар. Сол компания осы айдың аяғына дейін қалғандарын алып келеді. Бізге шамамен 80-100 мыңдай компьютер керек. Егер соны осы айдың аяғына дейін алып келсе, бәрін толығымен қамтамасыз етеміз. Бірінші кезекте аз қамтылған, көп балалы отбасыларға беріп жатырмыз. Әр отбасына 1 компьютер беріледі. Бір үйде 5 бала болса, бесеуіне де компьютер алып бере алмаймыз. Оқу процесі солай жүріп жатыр.  Егер екінші тоқсанда дәстүрлі форматқа көшетін болса, бірден кірісіп кетеміз.

Таразда медициналық университеттің филиалы ашылады

– Денсаулық сақтау министрлігі әлі де қауіп бар екенін, екінші толқын келсе, бәлкім желтоқсан мен қаңтар айында карантин мүлде қатаңдатылатынын ескертіп отыр.  Вирустың екінші толқынына өңір қаншалықты дайын?

– Ең бастысы дәрі-дәрмек. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының барлық өңір басшысына берген тапсырмасы бар. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін "СҚ Формация" деген компания бар. Қазіргі таңда негізгі керек дәрінің 1,5 айлық қоры бар. Олар бізге тағы да алып келуі керек. Тапсырма бойынша бізде ең кем дегенде 2 айлық қор болуы керек. Бірінші толқын кезінде, әсіресе, шілде-тамыз айында аурудың көп болғаны, қайтыс болғандардың көп болғаны – әуелі дәрі-дәрмектің жетіспеуінен туындады. Ол туралы бізге айтылды ғой. Сол кемшілікті ескеруіміз керек. Содан бір нәтиже шығаруымыз керек. Оған қосымша біз енді өзіміздің демеушілеріміз бар, олардың көмегіне жүгінеміз. Дәрі-дәрмекпен айналысатын үлкен-үлкен компаниялар бар. Солармен жұмыс істеп жатырмыз.  

Екінші мәселе – ертең сол науқастардың жататын төсек орны. Біз қазір 2530 төсек дайындап қойдық. Екі аурухананы жабдықтадық. Бұрын перзентхана ғимаратты күрделі жөндеуден өткіздік. Оған керекті құрал-жабдықтың бәрін алып келеміз. Бізге керек нәрсе – компьютерлік томограф. Одан кейін өкпені тыныстандыратын ИВЛ-аппарат қажет. Соны алуымыз керек. Оның барлығына ақшасын төлеп қойдық. Жартысынан көбін алдық. Қалғанын қараша айында толығымен аламыз. Бізге 4 мыңнан астам дәрігер керек. Зейнеттегі, жоғары оқу орнындағы студенттер бар, содан кейін Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік университетімен келісімшартымыз бар. Бұйырса деп айтайын, біз сол университеттің филиалын ашайық деп жатырмыз. Келешекте дәрігерлерді өзіміз дайындамаймыз. Олармен келісіміміз бар, 210 дәрігер мен медбикені бізге береді.

– Пандемия біраз салаға кері әсер етіп жатыр. Өңірдегі бизнеске келген зардабы қандай?

– Жалпы пандемияның бизнеске тигізген әсерін, жақсы деп те, жаман деп та айтуға болмайды. Өйткені ресторандар, түнде істейтін клубтар, ойын сауық орталықтары тоқтап тұр. Қазір мемлекет тарапынан оларға қандай көмектің болып жатқанын білесіз. Олардың кейбіреулері тапсырысқа жұмыс істеп, бейімделіп жатыр. Олардың қожайындарына айтып отырмыз. "Осы уақытқа дейін жинаған қорларыңыз бар ғой. Бұйырса, ертең бұл да өтеді. Сол кезде жоғалтқан табыстарыңыздың орнын толтырасыздар" деп отырмыз.

– Жалпы бұл дотацияда отырған облыс қой. Пандемия жағдайында инвестиция тарту қалай жүріп жатыр?  

– Экономиканың дамуы, сол экономика салынатын инвестицияға байланысты. Егер өзіңде қалталы азаматтар көп болса, ол жақсы. Бірақ бізде ондай қалталы азаматтар көп емес. Ал табиғи байлығымыз жетеді. Байлықтың бәрі жердің астында, оны шығару керек. Өңдеу керек, сату керек. Індетке байланысты, әрине, кейбір инвесторлар келе алмай жатыр. Жоспарлар мерзімінен кешігіп жатыр. Былтырғымен салыстырғанда инвестицияның көлемі кеміген жоқ. Бізде қазіргі ең үлкен жоба – "Еурохим" деген, Ресейдің минералдық тыңайтқыш өндіретін компаниясымен бірге қолға алынып жатыр. Екіжақты үкіметаралық келісімге қол қойылды. Енді екі елдің Парламенттерінен өтуі керек. "Еурохимнің" бізге салатын инвестициясы – 1 млрд доллар. Одан кейін Түркияның Yildirim Group  компаниясымен келісіп отырмыз. Бізде сода шығаратын "ҚазСода" деген мекеме бар. Сол кәсіпорынмен бірге жұмыс істеп, 300 млн доллар инвестиция салуы керек.

– Сіз қанша дегенмен үлкен қызметте жүрген адамсыз. Бай манап достарыңыз да болады ғой.  Соларды инвестиция  салуын сұрап, шақырып көрдіңіз бе?

 – Міндетті түрде. Мен 90-шы жылдары Оңтүстік Қазақстанда әкім болып жүргенде "Туған жерге тағзым" деген жоба бастағанмын. Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан азаматтарды түгел шақырдық. Сол қиын кездің өзінде 100-ге жуық,  20-ға жуық мәдениет ошақтарын салдық. Соның бәрі қалталы азаматтардың көмегімен болды. Одан кейін оны біз басқа өңірде де жалғастырдық. Бұл өңірде де солай жұмыс істеп жатырмыз. Әрқайсысымен онлайн байланыс орнатып,  хат жолдадық.  

Біздің пияздың пайдасын ресейліктер көріп жүр

– Облыстың жері бай деп отырсыз. Ол байлық неге игерілмей жатыр сонда?

 – Қанша дегенмен біздің облыс агро-индустриялық өңірге жатады ғой. Өкінішке қарай, қазір экономикамыз жақсы емес. Дотацияда отырған облыспыз. Орташа жалақы жөнінен республикадағы ең төменгі жалақының бірі бізде. Өткенде Экология министрлігімен онлайн режимде кездесу өткіздік. Бізде жұмыс істеп жатқан жер қойнауын пайдаланушылар бар ғой. Соларға алған міндеттемелерін орындатқызу керек. Геологиялық барлауларға сүйенетін болсақ, мұнда мұнай көздері бар. Қаратау, Сарысу деген жерлерден шықты. Соларды біз пайдалануымыз керек. Бұл жерде күміс те, мыс та, мырыш та, алтын да жеткілікті. Бірақ оған инвестиция тарту керек. Қазір соны бірге өткізіп, ары қарай жұмыс жасау қажет. Ал ауыл шаруашылығына келсек, бізде енді жер жеткілікті. Бай өнім бар деуге болады. Мысалы, қант қызылшасын Қазақстанда екі-ақ облысы шығарады. Оның біреуі – Алматы облысы. Қазір екі облыс бірігіп, ішкі нарықты шамамен 56%-ға ғана қамтамасыз етеміз.  100 пайыз қамтуға да мүмкіндік бар. Ол үшін бірінші мемлекеттің көмегін пайдалану қажет. Мысалы, бір келі қант қызылшасына жергілікті бюджеттен 12 теңге, республикалық бюджеттен 8 теңге төленеді. Ол – қызылша егушілер үшін үлкен көмек. Бізге жаңа технология енгізу қажет. Меркі мен Таразда екі қант зауыты бар. Екеуі де ескірген, технологиясының бәрі ескі. Бір сөзбен айтсақ, шығыны көп. Түркиямен, көрші Қырғызстанмен бірге қазіргі заманның талабына сай қант зауыттарын салсақ деген ойымыз бар. Шу ауданында арнайы экономикалық аймақ салынған. Ол жерде барлық инфрақұрылым бар. Сол жерде "Қызылша" деген кәсіпорын жұмыс істейді. Солармен де қазір жоба дайындап жатырмыз. Осы зауыттар салынса, шығын азайып, пайда көбейеді.  

Биыл бізде қант қызылшасы өте жақсы шықты. Гектарынан 800-900 центнер алып жатырмыз. Жылына 1 млрд текше метрдей суды көрші Қырғызстан мемлекетінен аламыз. Соңғы екі жылда қуаңшылық болды. Тек бізде емес, оларда да су аз. Соның салдарынан деп айтуға болады, былтырмен салыстырғанда 1,5 мың гектардай қызылшаны аз ектік.

– Меркі демекші, ондағы шаруалар зауытқа өткізген қызылшаның ақшасын алды ма? Осы мәселе қалай шешілді?

– Ол мәселе қазіргі таңда толығымен шешілді деп айтуға болады. Қант қызылшасын өңдейтін зауыттар санын көбейтуіміз керек. Әйтпесе, монополия болған соң осылай болады. Басында зауыт тұрғындарға 1,2 млрд теңге қарыз болатын. Қазір ол қарыздардың негізінен құтылды. Біз былай деп келістік. Қызылша өткізген әрбір шаруамен жеке-жеке келісімшартқа отырды. Сол құжат бойынша қаңтар, ақпан айынан бастап ақшасын төлеуге міндеттелді.  

– Пиязды Жамбыл облысының брендіне айналдыру керек деп жүрсіз. Неге пиязды? Қант қызылшасы бренд емес пе?

– Себебі біз пиязды көп егеміз. Пиязды қазір де экспортқа шығарамыз. Қазақстандағы жері пиязға қолайлы өңір – Жамбыл облысы. Екінші бұл жердің диқандары да үйренген. Одан кейін бұл жердің пиязының сапасы жақсы. Оны сақтауға болады. Тек сақтайтын қойма жағы проблема болып тұр. Қазір пияздың негізгі бөлігі егіс басынан сатылып жатыр. Алатындардың көбі Ресейден келген. Олар қазір 40-45 теңгеден алады да, қыс бойы қоймада сақтап, көктемде өзімізге 100-150 теңге сатады.  

– Бұған дейін қойма салу ешкімнің ойына келмеген?

– Ойда болған ғой. Бірақ ынталандыру жағы жетпеген.

– Іргелеріңіздегі Қырғызстанның жағдайы өзіңізге белгілі. Қордай бекеті қазір ашық па?

– Қазіргі таңда Қордай бекеті жабық. Онда ауқымды күрделі жөндеу жүріп жатыр. Бұйырса деп айтайын, жылдың аяғына дейін толығымен бітеді. Өткенде Үкімет басшысы келгенде өзі барып көрді. Ол жердегі бекеттің бәрі қазіргі заманның талабына сай болады. Өйткені ары-бері өтетін көлік өте көп.  Бізде Қырғызстанмен шекарада 5 бекет бар. Қазір төртеуі жұмыс істеп тұр. Карантинге, одан кейін Қырғызстандағы болған жағдайға байланысты көліктің өтуі азайтылды. Қазір тек қана жүк көліктері өтеді. Кісілердің өтуіне тыйым салынған. Қазақстандықтар бері кіретін болса ғана өткіземіз. Өйткені Қырғызстанда да коронавируспен ауырғандар кейінгі кезде өсіп бара жатыр.  

– Осы кедергілердің барлығы кедендегі салықтық түсімді азайтып жіберген жоқ па?

– Көп азайтпайды. Өйткені айналым көп. Ертең-ақ орны толады. 1-2 ауылға бола шақырымдық құбыр салмаймыз

– Газ, су, жарық мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Қазіргі таңда халықтың санына салып есептегенде ауыз сумен қамтамасыз ету – 70%, газбен қамтамасыз ету – 74%. Ендігі міндетіміз – соны жыл сайын кем дегенде, 5%-ға өсіріп отыру керек. Ал енді кейбір алыс ауылдар бар. Оларға газ, су құбырларын тарту үшін 100 шақырымдық құбыр салу керек. Ертең оның бағасын алтыннан бетер болады.  Ондағы халыққа түсіндіріп жатырмыз. Ондай ауылдарға құдық орнатамыз. Ал жылуға бұрынғыдай отын, көмір жағады.  

 – Сіз бес өңірде әкім болып, Үкімет басшысының орынбасары ретінде жұмыс істедіңіз. Осы жұмыстарыңызды саралайтын болсақ, қай өңір көңіліңізге жақындау, басқаруға тиімділеу?

– Маған барлық өңір бірдей. Әр өңірдің ғасырлар бойы қалыптасқан өз ерекшелігі бар. Шығыс пен Оңтүстікті салыстыра алмайсыз ғой, мысалы. Не болмаса, Оңтүстік пен Батысты салыстыра алмайсың. Бес өңір де ыстық, бірақ әрқайсысының өз орны бар.

– Мысалы, Тараз сізге несімен ерекше көрініп жүр?  

– Тараз халқының ниеті мен пейілі ерекше. Қанша дегенмен оңтүстік қой. Екінші тұрған жері қолайлы. Бір жағынан, транзиттік әлеуеті бар. Екінші жағынан, байлығы бар. Бірақ сол байлықты пайдалануымыз керек. Халқы еңбекқор. Оны да мойындау керек.

 – Осы тәжірибеңізді пайдаланып, жас әкімдерге қандай кеңес бересіз?

– Кабинеттен шықпай, телефонмен жұмыс істеуге болмайды. Біріншіден, халықты, жағдайды білмейсің. Екіншіден, халық сені білмейді. Қасым-Жомарт Кемелұлының халықтың мұңын мұңдайтын мемлекет құруымыз керек деп жүргені бекерден-бекер емес қой. Халықтың жағдайы жақсы болса, мемлекеттің де жағдайы жақсы. Одан кейінгі ең үлкен мәселе –дүниеге қызықпау керек. Егер арың таза болса, дүниеге қызықпасаң, жалпы жұмыс істейтін болсаң, халық сені әр уақытта қолдайды. Өзің жұмыс істемейтін болсаң, халық сенің айтқаныңды тыңдамайды.

– Осы уақытқа дейін аттан түсіп көрген жоқсыз. Не жинай алдыңыз? Жеке мүлкіңізге қатысты сұрап отырмын.

– Меншігімде Астанада үйім бар, көлігім бар. Одан кейін бағана айтқан немерелерім. "Мына Сапарбаев бес облысты басқарған шіріген бай" деп ойлайтындар бар шығар. "Егер мен шіріген бай болсам, бес облысты басқармас едім. Онда маған сенім болмас еді.  Әр уақытта "құдайға шүкір", "тәубә" деп  айтамын. Мүмкін, сол тазалығым шығар. Егер мен таза болмасам, осындай жасымда бесінші облысқа әкім қылып жібермейді ғой. Мемлекет басшысы осының бәрін есептеп, сенім артқан шығар.

Димашқа менің де қатысым бар

 – Сіз Ақтөбеден әкімдіктен кетіп жатқан кезде әуежайда бүкіл халық әндетіп тұрып шығарып салды. Сол кездегі сезіміңіз қандай болды?

– Әрбір азамат үшін ең бір қымбат ұмытылмас сезім халықтың саған деген көңілі. Мысалы, мен ойлаған жоқпын. Аэропортқа келіп, солай шығарып салуы мен үшін бір жағынан үлкен ғанибет. Кішкентай болса да еңбегімді ақтөбеліктер бағалап жатыр ғой. 3,5 жыл жұмыс істегенде кішкентай болса да халыққа көмегім тиген шығар. Осындай жағдай Шығыс Қазақстан облысында да болды. Адам өзі жұмыс істесе, халық оны бағалайды. Кейде айтамыз ғой, халық анау, халық мынау деп, негізі халық жақсы.  Әрине, аласы да, құласы да болады.

– Сұхбатты жалпы жастардың тәрбиесімен аяқтағым келіп отыр. Сіз Қордайдағы жағдайдан кейін де осы жерге келдіңіз. Жағдай қалай өзгерді, Сіз бірде ата-аналар өздерінің балаларына қарамайды деп айтқан едіңіз?

– Бәрі деп айта алмаймын, бізде ақылды, білімді, ойлы, жастар көп. Бірақ арасында жалқаулар бар. Дүниеге қызығатындар да бар. Түк істемей ақша тапқысы келетіндер де бар. Жас жігіттер келеді, жұмысқа шақырсаң, мені әкім қойыңыз деп сұрайды. Тағы бір ойландыратын нәрсе ол – ата-аналардың жауапкершілігі. Кейбір ата-аналар бала-шағасына қарамайды. Әсіресе, қыздарға. Мен шешесіне сұрақ қоямын. Арақ ішіп келді, темекі тартып келді. "Әй, айналайын, сен ертең ана боласың" деп неге айтпайсыз? Не болмаса қызыңыз бір-бірімен шашын жұлып төбелесіп жатыр. Неге дұрыс тәрбие, бағыт бермейсіз?

– Олардың жауабы қандай ?

– Оның жауабы жоқ қой. "Білмей қалдым", "байқамай қалдым"... Алыс кетпей-ақ қояйық, өткендегі анау біздің Қасқабұлақтағы жағдайдың ертеңінде мен ата-аналармен кездестім. Жылайды, "ертерек ойлану керек еді" дедім. Әрине, кейбіреулердің балаларына қарауға, тәрбиелеуге уақыты болмайтын шығар. Жалғызбасты әйелдер бар, ол жағын да ойлау керек. Бірақ жалпы ата-аналардың жауапкершілігін күшейтпей болмайды. Мектеп бар ғой, мұғалім бар ғой деп отыруға болмайды. Қай уақытта келді, кетті, сабағын оқыды ма, оқымады ма біліп отыруымыз керек.

– Немерелеріңіздің болашағын қалай елестетесіз?

– Мен жалпы жастарымыздың болашағы жаман болмайды деп ойлаймын. Көріп отырмыз ғой 30 жыл бұрын қалай болды, қазір қалай? Анау жоқ, мынау жоқ деп айтамыз ғой енді. Жұмыс істеп, еңбек етіп жатқанымыз солар үшін.  Ең негізгісі, Қазақстанда бірлік бар, тыныштық бар, достық бар, бейбітшілік бар. Соны ары қарай сақтауымыз керек. Бізде Бішкектегі сияқты болмауы керек. Тек сонда біздің немерелеріміздің, балаларымыздың болашағы жаман болмайды. Қазақ – текті халық. Біздің балаларымыздың көбісінің басы жақсы істейді.  Қазір қарасаңыз, бәрі Америкадан бастап, Қытайға дейін университеттерде оқып жатыр. Математиканың олимпиадаларында жүлдегер болып жатыр. Мына біздің Димаш Құдайбергенді қараңыз, бүкіл дүниежүзіне қазақтың атын шығарып жүр. Қытайға барса да, Америкаға барса да, міндетті түрде қазақша сөйлейді, қазақша өлең айтады.

– Димаштың әндерін өзіңіз тыңдайсыз ба?

– Әрине, тыңдаймын. Димашты тыңдамайтын қазақ жоқ шығар.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Құралай Пионер


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу