Бердібек Сапарбаев: Уағыз заман талабына сай болуы керек

3203

Тұрақтылық болса, халықтың тұрмысы жақсарады.  

Бердібек Сапарбаев: Уағыз заман талабына сай болуы керек

Елордада өткен "Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі" атты ІІІ республикалық имамдар форумда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қабылданған құжаттардың маңыздылығын айта отырып, адами құндылықтарды сөз етті.

"Осыдан екі жыл бұрын Елбасы "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласын жариялады. Содан бері көптеген бағдарламалар қабылданды. Елбасы "Экономиканың дамуынан бес жыл қалып қойсақ, оны он жылдың ішінде қалпына келтіруге болады. Ал егер рухани жағынан бес жылға қалып қойсақ, оған ең кем дегенде жиырма-отыз жыл керек" деп айтқаны бар еді. Форумның "Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі" аталуы өте дұрыс. Біздің ұлтымызда "Бірлік барда, тірлік бар" деген жақсы сөз бар. Екінші маңызды мәселе – тұрақтылық. Тұрақтылық болса, экономика дамиды, халықтың тұрмысы жақсарады. Адамның сана-сезімі жоғары болуы керек, өзінің ұлттық құндылықтарын сақтамаса, алысқа бармайды. Адам үшін ең бастысы, бала-шағасына тәрбие беру. Әкелік, аналық борышын балаларының алдында орындаса, өз міндетін толық атқарған болар еді", – деді Бердібек Сапарбаев.

Бердібек Мәшбекұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) жылы лебізін де білдірді.

"Ел ішінде бірлікті сақтауға, тәлім-тәрбие беруде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарып жатқан еңбегінің маңызы зор. Мемлекет сіздерді қолдайды. Халық, әсіресе, ауылды жерлерде уағыздарыңызды көптеп тыңдайды. Мешіттерге жастар барып жатыр. Қалталы азаматтар мешіт тұрғызып, қасына медресе, ас беретін орындар салып жатқаны өте жақсы. Сіздер адам өмірге келгеннен бастап, өмірден озғанына дейін қасында боласыздар. Сіздер айтатын уағыз заман талабына сай болуы керек. Ең негізгісі – арамызға іріткі салушылардан аулақ болуымыз қажет. Олардың айтатын сөздерін, не үшін іріткі салып отырғандығын, мақсаттары қандай екендігін жастарға түсіндіру керек. "Жеті рухани қазық" Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасында отаншылдық жақсы айтылған. Отанымыздың абыройы үшін бірлесе жұмыс жасайық. Тұғырнамада еңбекқорлық, білімділік туралы айтылған. Бұлардың барлығы өте маңызды. Форум жұмысына Қазақстан Үкіметі атынан алғысымды білдіремін", –  деді ол.

Еске сала кетейік, бүгін "Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі" атты ІІІ республикалық имамдар форумы өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы форум барысында "Жеті рухани қазық" Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы", "Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі" және "ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері" атты үш құжат қабылдады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу