Еуропаның басты клубтық додасы – UEFA чемпиондар лигасының 2025/2026 маусымындағы 1/8 финал кезеңінің алғашқы матчында мадридтік "Реал" өз алаңында "Манчестер Ситиді" қабылдап, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Испания астанасындағы "Сантьяго Бернабеу" стадионында өткен кездесу 3:0 есебімен "корольдік клубтың" пайдасына аяқталды.
Матчтың басты қаһарманы – уругвайлық жартылай қорғаушы Федерико Вальверде болды. Ол кездесуде хет-трик авторы атанып, командасының жеңісіне зор үлес қосты. Ойынның 20-минутында Вальверде есеп ашып, "Реалды" алға шығарды.
Араға 7 минут салып, Вальверде тағы да мергендігімен көзге түсіп, дубль жасады. Ал бірінші таймның 42-минутында жартылай қорғаушы үшінші голын соғып, хет-трик авторы атанды. Осылайша, "Реал" үзіліске дейін-ақ ойын тағдырын шешіп қойды.
Екінші таймда мадридтік клуб есепті ұлғайтуға мүмкіндік алды. 58-минутта Винисиус Жуниор пенальти орындағанымен, "Манчестер Сити" қақпашысы Джанлуиджи Доннарумма соққыны қайтарып, командасын тағы бір голдан құтқарып қалды.
Айта кетейік, матчтың бас төрешісі италиялық Маурицио Мариани болды.
Екі команда арасындағы қарымта кездесу 17 наурыз күні Манчестер қаласындағы "Этихад" стадионында өтеді.
Еске сала кетейік, мадридтік "Реал" плей-офф кезеңіне жолдама алу үшін "Бенфиканы" екі матчтың қорытындысы бойынша 3:1 есебімен жеңген болатын. Ал "Манчестер Сити" топтық кезеңде 16 ұпай жинап, турнир кестесінде 8-орынға тұрақтаған еді.