Бокстан ұлттық құрама мүшесі Әйгерім Сәттібаева 5 баланың анасы болса да, арманына жету үшін шаршы алаңға қайта оралған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ұзақ уақыт үзіліс жасаған ол Азия чемпионатының жартылай финалына шығып отыр.
Ширек финалда Әйгерімнің қарсыласы филиппиндік Магно Офелия болды. Жартылай финалда өзбек қызы Фарзона Фазиловамен қолғап түйістірмек.
Әйгерім Сәттібаева – бокстан Азия чемпионы Олжас Сәттібаевтың жұбайы. Бала күнгі арманын жүзеге асыру үшін бокс қолғабын әлі күнге дейін тастамай келеді. Жақында ғана Қарағанды қаласында өткен "Мықтылар турнирінде" төбе көрсетіп, жеңімпаз атанған болатын.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін 10 боксшымыз 2024 жылғы Азия чемпионатының жартылай финалына шығып отыр. Олар – Дулат Бекбауов, Диас Молжігітов, Абылайхан Жүсіпов, Әйгерім Сәттібаева, Аида Әбікеева, Елдана Талипова, Милана Сафронова, Ұлжан Сәрсенбек, Айбек Оралбай, Бекзад Нұрдәулетов.