Бес басым бағыт

15553

"Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында жаңа жобаларға қолдау көрсетіледі. 

Бес басым бағыт

Премьер-министрдің орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауы қалай жүзеге асырылатынын айтты.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, жолдаудың "Заман талабына сай тиімді мемлекет құру" атты I бағытын жүзеге асыру барысында мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компания  қызметкерлерінің саны 2024 жылға дейін кезең-кезеңімен 25%-ға қысқарады. Ал "Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету" деген II бағыт аясында сот практикасының сандық аналитикасы атты жүйе сынақтан өткізіледі. Шара шеңберінде сот шешімдерінің мониторингі жасалып, судьялардың жұмысы сараланады.

"Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру бойынша 15 іс-шара іске асырылады. Жеке адамға қарсы бірқатар ауыр қылмысты­­- браконьерлік, әкімшілік Әділет, сыбайлас жемқорлыққа қарсылық бойынша 5 заң қабылданады. 2020 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін Қарулы күштер мен әскери құрылымдарды дамыту тұжырымдамасы жаңа редакцияда қабылданады", – деді үкімет басшысының орынбасары.

Жолдаудың "Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика" атты III бағытында экономиканы әртараптандыруға, бизнес пен банк секторын дамытуға, салық және бюджет заңнамасын орындауға күш жұмсалады.

Бұл туралы Әлихан Смайылов: "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында жаңа және әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетіледі. Микро және шағын бизнес 3 жыл табыс салығынан және тексеруден босатылады", – деді.

"Әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі" атты IV бағыт "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша тұрғын үйге несие беру мәселесін шешеді. Бұған қоса жоғары оқу орындарына талдау жүргізіп, педагогтардың, мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы ұлғайтуға ықпал етеді.

"Осы бағыт бойынша атаулы әлеуметтік көмек беру жүйесі жетілдіріліп, табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізіледі", – деді Әлихан Смайылов.

Жолдаудың "Мықты өңірлер – мықты ел" атты V бағытында жергілікті атқарушы органдарды бағалау жүйесіне екпін түсіріледі. Іс барысында 3 ірі қала әкімдігінің құзыреті кеңейтіледі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу