Бокстан әлем чемпионатында қыздарымыз қарсылас шақ келтірмей жатыр

246

Бүгін шаршы алаңға 4 боксшымыз шығады. 

Бокстан әлем чемпионатында қыздарымыз қарсылас шақ келтірмей жатыр Фото: Бокс федерациясы

Бокстан Сербияда өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында 66 келідегі дебютант Жасмин Қизатова 1/8 финалда Париж Олимпиадасының қатысушысы, Кабо-Верде өкілі Ивануса Морейрадан айласын асырып кетті. 2-раундта Жасмин тіпті қарсыласын нокдаунға жіберіп үлгерді. Енді жерлесіміз 13 наурыз күні ширек финалдық айқасын өткізеді.

81 келідегі Гүлсая Ержан ширек финалға шыға алмады. Ол 1/8 финалда Хиаоменг Вангпен алма-кезек соққы алмасса да, Қытай спортшысы жылдамдық жағынан басым болды. Есеп: 0:5.

54 келідегі тәжірибелі Жайна Шекербекова 1/8 финалда мексикалық Ариадна Гил Алонсомен жолықты. Қос спортшы да жеңіске үшін аянып қалмады. Алайда жерлесіміздің соққылары қарсыласынан қарағанда дәл әрі көп болды. Есеп: 5:0.

Бокстан Сербияда өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының үшінші жарыс күнінің күндізгі сессияда өнер көрсеткен 63 келідегі Аида Әбікеева 1/8 финалда Қытай спортшысы Шиоио Жуды 5:0 есебімен жеңді. Осылайша, тағы бір боксшымыз ширек финалда. Аида келесі айналымда Түркия спортшысымен кездеседі.

60 келіде өнер көрсеткен Виктория Графеева да ширек финалға шықты. Жаһандық додада дебют жасаған отандасымыз 1/8 финалда Грекия спортшысы София Легакиден бір жоғары өнер көрсетіп, төрешілердің бірауыз шешімімен басым түсті.

Алуа Балқыбекова (50 келі) екінші жекпе жегінде жеңіске жетті. Ол марокколлық боксшыдан басым түсті. Ширек финалда Алуа түрік Айсен Таскинмен кездеседі. Бұл жекпе жек 13 наурызға жоспарланған.

Осылайша жарыстың үшінші күні шаршы алаңға шыққан алты боксшымыздың бесеуі ширек финалға өтті. Ал бүгін, 12 наурыз күні 4 боксшымыз сынға түседі.  Күндізгі сессияда Қазақстан уақыты бойынша 18:00-де Карина Ибрагимова, Надежда Рябец, Назым Қызайбай, ал кешкі сессияда 22:00-де Наталья Богданова шаршы алаңға шығады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу