Бес қазақстандық боксшы финалда

1423

Дубайда өтіп жатқан Азия чемпионатының финалында әйелдер арасында тоғыз боксшы, ал ерлер арасында бес боксшымыз алтын жүлде үшін сынға түседі.

Бес қазақстандық боксшы финалда

49 келіге дейін жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық Даниял Сәбит БАӘ-де өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатының алғашқы финалисті атанды. Құрлықтық турнирдің жартылай финалында 18 жастағы боксшы филиппиндік Марк Лестер Дурсансты тізе бүктірді.

Ал 2019-жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 52 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Сәкен Бибосынов БАӘ-де өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жегінде қарсыласына жол берді. Қазақстандық боксшы төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен әлемдік рейтингтің көшбасшысына және осы Азия чемпионатында бірінші нөмірлі үндістандық Амитке есе жіберді.

69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жүсіпов жартылай финалда моңғолиялық Баттумур Мишелтті жеңді - 5: 0 (30-27, 30-27, 30-27, 29-28, 30-27).

Жүсіпов әр раундта қажетті ұпай жинап отырды. Әрине, кейбір сәттерде қарсылас қазақстандықтың осал тұстарын тапқанымен, бірақ соған қарамастан төрешілер лайықты жеңісті Абылайханға берді. Ол 2017 және 2019 жылдары өткен әлем чемпионаттарының қола жүлдегері болып табылады.

Сонымен қатар Қазақстандық Әбілхан Аманқұл Азия чемпионатының финалына жолдама алды. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жартылай финалда ол ирандық Сейедшахин Мусавиден басым түсті - 5: 0 (29-28, 29-28, 29-28, 29-28, 30-27).

Естеріңізге сала кетсек, Аманқұл әлем чемпионатының (2017) және Азия ойындарының (2018) күміс жүлдегері. Сонымен қатар Азия чемпионатының "қола" жүлдесін жеңіп алды (2017). Ол сондай-ақ Олимпиада лицензиясын иегері және 2020 жылы Токиода өтетін ойындарда Қазақстанның намысын қорғайды.

91 келі салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Василий Левит Азия чемпионатының финалына шықты. Жартылай финалда ол қырғызстандық Рустам Ырысбек уулын жеңді. Ырысбек тегеурінді қарсылық көрсетті. Бірақ Левиттің соққылары дәлірек болды. Осыдан кейін-ақ кімнің жеңіске жететіні бірден байқалды.

Сондай-ақ бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Қамшыбек Коңқабаев Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан Азия чемпионатының финалына бесінші жолдаманы жеңіп алды. 91 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Коңқабаев 1/2 финалда екінші раундта нокдаунға түскен ирандық Пурия Амириді жеңді - 5: 0 (30-27, 30-27, 30-27, 29-27, 30-27).

Финалда Қамшыбек өзбекстандық Баходир Джалоловпен кездеседі. Ол қазақстандық боксшы сияқты кәсіпқой рингте өнер көрсетеді. Джалолов осыған дейін өткізген сегіз жекпе-жегінің барлығын да нокаутпен жеңген. Кәсіпқой ретінде үш кездесу өткізген қазақстандық боксшы да барлық жекпе-жектерінде жеңіске жетті. Әуесқойлар арасында екі боксшы алты рет кездесіп, 3:3 есебімен тең тарқасқан.

Айта кетейік, осыған дейін әйелдер арасында да барлық финалистер анықталған болатын. Енді тоғыз қазақстандық спортшы қыз "алтын" медальді сарапқа салу үшін рингке шығады. Жекпе-жектер 30-мамырда, ал ерлер аарсында финалдық жекпе-жектер  31-мамыр күні өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу