Бес көлік соққан LEXUS-тың иесі "қатты мас болмаған"

2526

Зардап шегушілер сараптама қорытындысына сенбейді. 

Бес көлік соққан LEXUS-тың иесі "қатты мас болмаған"

Қарағанды көшесінде бес бірдей көлікті қиратқан LEXUS-тың иесі жазадан жалтарудың амалына кірісті. Апаттан зардап шеккен көлік иелері  әлеуметтік желі арқылы осылай деп дабыл қағуда. Олардың айтуынша, мас күйінде көлік тізгіндеген Серікбол Сәрсеновке қатысты тергеу материалында "ішкен ішімдігі аз деңгейде" деген мәлімет жазылыпты. Ал зардап шеккен жақ оның оқиға кезінде өле мас болғанын айтып отыр.  

Еске салсақ, 20 қазанда Қарағанды қаласының Степной ықшам ауданындағы үй ауласында тұрған бес темір тұлпарды  LEXUS-ты басқарған Серікбол Сәрсенов қағып өткен.  Куәгерлердің айтуынша, ол апаттан кейін ес жиюдың орнына ұйқыға бас қойған. Онымен қоймай,  келген полиция қызметкерлерін елемей, көлікте ұялы телефонымен сөйлесіп отырып алған. Оны сақшылар көліктен күшпен алып шыққан. Полиция Серікбол Сәрсеновті полицияға әкетпек болғанда, таныстары келіп полицияға қарсылық танытқан. Апат салдарынан 25 жастағы жігіт пен 29 жастағы әйел ауруханаға түскен. Ер адам көп ұзамай аурудан жазылса, Ирина Ситникова екі аптадан соң қайтыс болды. Ал бүлінген бес көліктің екеуі қайта жөндеуге келмейді. Апаттан қаза тапқан марқұмның анасы бұзақы жүргізуші заң бойынша жазаға тартылса деп отыр.

"Қазір бұл іске қатысты нақты ештеңе айта алмаймын. Төреші – бір құдай. Заң аясында тиісті жазасын алар деп отырмыз. Өлген адамды ешкім қайтара алмайды.", – дейді Римма Карчаускайте.

Бүгінде 49 жастағы күдікті Серікбол Сәрсенов қамауда отыр. Бұл іске қатысты тергеу жүріп жатыр.

"Ішімдік деңгейінің көрсеткішін наркологиялық сараптама анықтаған. Ішімдік жеңіл деңгейде деп көрсетілгенін растаймыз. Дегенмен, бұл істің ауырлығына әсер етпейді", – деп мәлімдеді Полиция департаментінің Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Жанатай Сембеков.

Айта кету керек, Серікбол Сарсенов – диірмені бар кәсіпкер.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу