Бес жүз жолдың құрылысы әлі басталмаған

15822

Бұл  "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында жүзеге асырылуға тиіс болатын. 

Бес жүз жолдың құрылысы әлі басталмаған

Жалпы, биыл Жамбыл облысында "Нұрлы жол", "Ауыл – Ел бесігі", "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламалары аясында жол құрылысына 30,2 миллиард теңге бөлінсе, бұл қаржыға 1145 жоба іске асырылуда. Алайда, үшінші тоқсанның бел ортасына жақындаса да "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бойынша жоспарланған 843 жобаның 500-і әлі бастаусыз тұр. Ал жол құрылысының сапасын тексеру үшін "Жол активтерінің Сапа орталығына" бюджеттен 66,6 миллион теңге қаралған.

Жобаларды мемлекеттік сатып алу арқылы ұтып алған аймақтағы санаулы компаниялар енді қай шаруаны бастарын білмей, кейбірінің мұрты да бұзылмаған. Мұндай жағдай тек Тараз қаласында ғана емес, облыстың барлық ауданында кездеседі. Мәселен, Т.Рысқұловтағы "Құлан жолдары" ЖШС жергілікті жол құрылысы саласы бойынша жарияланған 94 жобаның бәрін жеңіп алған. Жалпы құны – 814 млн 926 мың теңге. Бүгінде 12 жолды ғана жөндеп біткен, 58 көшеде жұмыстар басталған. Ал жергілікті әкімдіктің өкілдері "Жұмыс өз мерзімінен кешіккен жоқ, тірліктің бәрі өз уақытында бітеді" деп отыр.

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың сөзінше, кейбір құрылыс компаниялары 22-ден 35 нысанға дейін мемлекеттік конкурсқа қатысып, тендерде жеңіп алған.

"Атап айтсам, "Асыл инвест" ЖШС – 23, "Берік-Дастан" ЖШС – 35 нысанның құрылыс жұмыстарын ұтып алыпты. Ал 39 нысанның құрылыс жұмысын ұтып алған "Ая Сервис" ЖШС тиісті құрылыс жұмыстарын өз деңгейінде атқара алмауда. Жалпы алғанда Тараз қаласында құны 17 млрд теңгені құрайтын 43 жобаның құрылыс жұмыстары әлі басталған жоқ", - дейді ол.

Шу ауданындағы "Арқат-Өткендеу" ЖШС 70-тен аса жобаны жеңіп алса, "РЗДИ-Құрылыс" ЖШС 30-ға жуық жол құрылысын міндетіне алған. Ал тұрғындардың осынша ауқымдағы жұмысты уақтылы өткізу үшін оның сапасы өз деңгейінде болмай қала ма деген күдіктері басым.

"Шамаларыңа қарамай жобаларды үйіп-төгіп аласыңдар. Сөйтіп соңында үлгере алмай жүргендерің. Бұлай болмайды. Жұмыс істеу керек. Керек болса, екі ауысыммен жұмыс істеңдер. Жұрттан ұят! Тұрғындарды аясаңдар, күнделікті тіршілігіне, көлік қозғалысына қаншалықты кедергі келтіріп жатқандарыңды білесіңдер ме?" – деген болатын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бұл жайында.

Жуалы ауданы, Шақпақ ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылының тұрғындары да мердігер компанияның жауапсыздығынан жапа шегіп отыр. Маусым айының басында "Байсын-А" ЖШС ауылда су құбырын жүргізу жұмыстарын бастаған. Бірақ, жол бойы қазып, біршама тірліктің бетін қайырған соң мердігер компания ізім-ғайым жоқ болған. Яғни, жұмыс жарты жолдан тоқтап, аяқсыз қалған. Ауыл тұрғындары бұл мәселені ауылдық округ әкімі Қанат Қайыповқа, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашевке, одан әрі аудан әкіміне айтқан. Бірақ, әзірге ешқандай нәтиже жоқ.

Жалпы, соңғы кездері мұндай жағдайлар өңірде жиі кездесуде. Жұмысты уақтылы бастамау және сапасыз атқару сияқты мәселелер барлық ауданға тән.  

Жергілікті әкімдіктің мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы Алмаз Бердібаевтың айтуына қарағанда, барлық проблема мердігер компаниялардың жауапкершілігінде.  

 "Басқарма тарапынан мемлекеттік сатып алу жұмыстарын ұйымдастырып, жүргізіп береміз. Ұсынылған жобаларға қатысушы компаниялар өздерінің әлеуетіне, мүмкіндігіне қатысты сол тендерге қатысып жатады. Ал туындап отырған бұл жағдайда көбіне аудандарда, қалаларда бұрыннан келе жатқан, сол жергілікті жерде үлкен көлемде жұмыс атқарып жүрген мердігерлер қатысып, жеңіп алып отыр. Олар тендер шарттарында көрсетілген барлық талапқа сай келіп тұрған соң біз оларға жобаны бермей қоюға қақымыз жоқ. Бірақ, компания басшылығы онда көрсетілген жұмыс көлемі мен оның аяқталуы тиіс мерзімін көре тұра оны өз мойнына ала береді. Яғни, мәселе мемлекеттік сатып алудан кеткен кемшіліктен гөрі, сол мекемелердің ашкөздігіне, қанағатсыздығына келіп тіреледі", – дейді Алмаз Бердібаев.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу