Бес жыл күткен, 3 ай өткен ЕХРО

3352

Нұрсұлтан Назарбаев ЕХРО-2017 көрмесінің жабылуында Қазақстан халқына алғыс айтты. 

Бес жыл күткен, 3 ай өткен ЕХРО

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕХРО-2017  халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылуына орай ұйымдастырылған салтанатты жиында сөз сөйледі. 

Президент әлем көз тіккен айтулы шараны қорытындылап, оның жоғары деңгейде және зор табыспен өткенін баяндады.

Тәуелсіз Қазақстанның беделін бекітіп, даңқ-дәрежесін асқақтатқан көрме ұлттық экономиканың дамуына оң әсер еткенін тілге тиек еткен елбасы: "Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 млрд теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10%-дан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды, – деді.

Нұрсұлтан Назарбаев ЕХРО-2017 көрмесінің жабылу рәсімі Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитімен тұспа-тұс келіп тұрғанын ерекше атап өтті.

"ЕХРО-2017 аясында 6 мыңнан астам түрлі іс-шара өткізілді, – деді президент.

Қазақстан басшысы "болашақ энергиясын" темірқазық тұтқан халықаралық көрме жарқын жобаларға жол ашқанын айтты.

"ЕХРО-2017 көрмесі бүкіл әлемнің интеллектуалдық және технологиялық әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік берді. Мұнда жаңартылатын энергия көздері саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көпшілік назарына ұсынылды, – деді елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінше, ЕХРО-2017 көрмесі күн тәртібінде тұрған жаһандық мәселелерді оңтайлы орайластыру үшін ұсыным әзірлегенімен ерекшеленді.

"ЕХРО көрмесін өткізу арқылы біздің ел "жасыл" технологияларды дамыту идеясына берік екенін тағы да дәлелдей түсті. Жалпы, біздің көрме "таза энергетиканы" жаһандық деңгейде дамытуға айрықша үлес қосатынына сенімдімін, – деді президент.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, көрмеден кейін ЕХРО нысандары көздің қарашығындай сақталады.

"Нұр әлем" және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар "ЕХРО мұрасы" ретінде сақталады. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен мұнда "Астана" халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Болашақта елімізде елімізде "жасыл" технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық және ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі құрылады екен. Бұл туралы президент: "ЕХРО көрме кешені толығымен инновациялық және орнықты дамудың мақсаттарына одан әрі қызмет ететін болады. Баршаңызды жаңа орталықтардың жұмысына белсенді атсалысуға шақырамын, – деді.

Президент ЕХРО-2017 көрмесін жабық деп жариялаған тұста халықаралық шараға қолдау көрсеткен Қазақстан халқына ризашылығын білдірді.

"Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысып, еңбек етті. Баршаңызға Қазақ жеріндегі айтулы шараға белсене қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын! – деп қорытты сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.

Шара шеңберінде "Астана ЕХРО-2017" ҰК" басқарма төрағасы Ахметжан Есімов халықаралық көрмелер бюросы бас ассамблеясының президенті Стин Кристенсенге Қазақстанда 90 күн сақталған халықаралық көрмелер бюросының туын табыс етті.

Басқосу барысында Алматы мен Астана аралығын 45 минутта жүріп өтетін вакумды пойыз жобасы таныстырылды. Сағатына 1300 шақырым жылдамдықпен жүретін көлікті америкалық өнертапқыш Илон Маск ойлап тапқан. Пойыз АҚШ-та сынақтан өткен. Қазір пойызды қолданысқа енгізу жобасы қарастырылып жатыр.

Халықаралық көрменің жабылу салтанатында "Адам қуаты" деп аталатын ерекше акция өтті. Елбасы бастаған 2 232 адам бір бірімен қол ұстасып, пайда болған қуат арқылы сфераға сәуле сыйлады. Тізбектің 2 232 адамнан құралуы бекер емес, себебі елімізде өткен ЕХРО-2017 көрмесі осынша сағатқа созылған.

Айта кетейік, 10 маусымнан 9 қыркүйекке дейін көрмеге 4 млн-ға жуық адам келген. Айтулы шараға 180 мемлекет қатысып, 640 млрд теңге жұмсалған. Көрменің негізгі орталығы "Нұр әлем" сферасын 1 млн 300 мың адам тамашалаған. Ал келесі халықаралық көрме 2020 жылы Дубайда ұйымдастырылады.

Біле жүріңіз, Қазақстан 1997 жылдан бері халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) мүшесі болып табылады және 2005 жылдан бері EXPO көрмелеріне қатысып келеді.

2012 жылдың 22 қарашасында Парижде өткен  ХКБ EXPO халықаралық бюросы бас ассамблеясының 152-ші сессиясында Қазақстан EXPO көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. Жасырын дауыс беру қорытындысында Астанаға ХКБ-ның 103 мүше-мемлекеті қолдау білдірді, ал Бельгияның  Льеж қаласы 44 дауысқа ғана ие болды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу