Бес жылдан соң астаналықтар ластаушы заттарды 39%-ға аз жұтады

1829

Сарапшылар ауа ластанған сайын жұртшылық арасында өзіне өзі қол салу талаптары артуы мүмкін деп ескертіп отыр. 

Бес жылдан соң астаналықтар ластаушы заттарды 39%-ға аз жұтады Фото: the-village-kz

 

Суицидтер тақырыбын ұзақ жылдардан бері зерттеп келе жатқан медицина ғылымдарының докторы, профессор Всеволод Розанов бір маңызды жайтқа назар аудартады: қалың түтін (смог), қоршаған ортаның деградациялануы, экологияның ластануы тұтастай алғанда, суицид деңгейінің жоғарылауына ықпал етеді. 

"Адам табиғатқа билігін жүргізеді деп ойлаймыз. Шынында, біз сол бұрынғыдай қоршаған ортаға, экологияға, циркадианды, инфрадианды, ультрадианды сияқты түрлі биологиялық ырғақ-ритмдерге қатты тәуелдіміз. Сондықтан ғалымдар суицидтер санының артуы не кемуі экологиялық факторларға да байланысты екеніне назар аудартады. Мысалы, адам ластанған ортада өмір сүрсе, оның стреске төзімділігі төмендейді, созылмалы соматикалық аурулары ушығады, психикалық бұзылушылықтары өршиді. Мысалы, Кеңес кезінде Чернобыль атом станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан қазақстандықтар арасында олар елге оралған соң суицидтер санының күрт өскені тіркелген", – деді профессор В.Розанов.

Оның байламынша, суицидалдылық құбылыстарының белең алуына әсіресе, қалалық түтіннің, кен орындары шаңының, өнеркәсіптің айналаны ластауының кесірінен кардиоваскулярлы жүйенің, тыныс алу, өкпе, басқа да ағзалардың түрлі созылмалы ауруларының күшеюіне соқтыруы сияқты факторлар әсер етеді. 

Осы орайда қазақстандықтардың, соның ішінде астаналықтардың алаңдайтын жөні бар. 2022 жылдың соңында, желтоқсанда Қазақстанның астанасы әлемдегі ауасы ең лас қалалардың бестігіне кіргені жарияланды.

Бұл рейтингті IQAir ауа сапасын бақылау компаниясының мамандары жариялады. Дүниежүзіндегі барынша лас ауа Пәкістанның екі және Үндістанның екі қаласында тіркелген. Ал Астана тіпті химиялық кәсіпорындардың улы шаңына қақалған Қытайдың өнеркәсіптік қалаларын да артта қалдырыпты.

Сорақысы сол, елордада алып мұржасынан түтін будақтаған бірде бір ірі зауыт немесе шикізаты алынып, шаңы бұрқыраған бірде бір кен орны жоқ.  

Қазгидрометтің ресми есептерін талдаған IQAir мамандары Қазақстанның бас қаласының кейбір аудандарында өмір сүру денсаулыққа қауіпті деп тапқан. Мамандар астаналықтарға қаладан алыс, орманға, далаға жиі шығып тыныстауға, немесе қаланы қою түтін-смог жапқанда, бетперде тағып жүруге кеңес береді. 

Мысалы, Нұрлы жол вокзалының жанында ауаның ластануы рұқсат етілген ең шекті межеден он есеге асып түскен. Ауадағы PM2,5 ластауыштарының шоғырлануы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен жылдық нормативтік шамадан 26 есе асып кетті.

Астананы күз, қыс пен көктемде басатын түтінді еш құрылғысыз, көзбен көруге болады. Заңғар үйлердің қаптап тұрғызылуы нәтижесінде олар желдің соғу бағытын жауып, ық тудырды, соның кесірінен қала жел арқылы түтіннен толық арыла алмайды.

Осының бәрі Астана қаласының әлем алдында беделден жұрдай қылуы мүмкін. 

Сондықтан әкімдік "Астана қаласының қоршаған ортасын қорғау жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының" жобасын жариялады. 

Бұған қоса, "Астана қаласы қоршаған орта сапасының 2023-2027 жылдарға арналған нысаналы көрсеткіштері" ұсынылды. 

Құжаттарға сәйкес, бас қалада атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың жалпы шығарындыларын биылғы 95 636 тоннада бес жылда 58 436 тоннаға дейін азайту жоспарланды.

Соның ішінде:

  • күкірт диоксидінің жалпы шығарындылары (SO2) 2027 жылға дейін 39 190,7 тоннадан 27 270,7 тоннаға;
  • азот диоксидінің жалпы шығарындылары (NO2) 44 611,3 тоннадан 42 611,3 тоннаға; 
  • тоқтатылған бөлшектердің (зиянсыз немесе жоғары залалды болуы мүмкін шаң, тозаң, күл, күйе, түтін, сульфат, нитрат және басқа қатты заттардың) жалпы шығарындылары 29 945,8 тоннадан 6 745,8 тоннаға дейін кемітілмек.

Елорда "Астана" (бұрынғы Вячеславка резервуары) су қоймасынан кәусар ішіп отыр. Басқа өзен-көлдер әбден ластанғаны сонша, ішуге жарамайды. 

Классификация бойынша су сапасына қарай 5 сыныпқа бөлінеді: 1-ші сынып – шартты түрде таза, 2-ші сынып – шамалы ластанған, 3-ші сынып – ластана бастаған, 4-ші сынып – лас, 5-ші сынып – экстремалды (өте) лас. 

Әкімдіктің жоспарлауынша: 

  • бүгінде 5-ші сыныпқа жататын Есіл өзенінің су сапасын бес жылда 4-ші сыныпқа (хлоридтер көлемін 490 мг/дм3-ден 350 мг/дм3-ге); 
  • Ақбұлақ өзенінің су сапасын 5-ші сыныптан 4-ші сыныпқа (хлоридтер көлемін 600-ден 475 мг/дм3-ге);
  • Сарыбұлақ өзенінің су сапасын 5-ші сыныптан 4-ші сыныпқа (хлоридтер көлемін 500 мг/дм3-ден 400 мг/дм3-ге) дейін жоғарылату көзделген;

Қала ауасы қалай тазартылмақ?

Астана қаласының қоршаған ортасын қорғау шаралары қабылданады.

Біріншіден, жасыл екпелердің үлесі қала аумағының қазіргі 21%-ынан 25%-ына жеткізіледі.

Өнеркәсіптік қалдықтарды сұрыптау көлемі 2023 жылғы 15%-дан 2027 жылы 25%-ға, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау көлемі 17%-дан 30%-ға арттырылады.

Ағаш-бұта өсімдіктерін отырғызу есебінен елордада СО2 сіңіру көлемі жылына 1 190,7 мың тоннадан 2 131,5 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. 

Азаматтарды экологиялық ақпаратпен қамту ауқымы, яғни экологиялық сауаттылығы артқан астаналықтар саны 20%-дан 40%-ға дейін өсуге тиіс.

Елордадағы зиянды заттар негізінен түтінін аспанға атқан жылу-электр орталықтарынан және пеш жағатын үйлердің мұржасынан тарайтыны жасырын емес. Мысалы, коттедждердің өзі резеңке жағады.

Бұдан тек қаланы толық көгілдір отынмен қамтамасыз ету арқылы құтылуға болады. Бұған мұнайдан түсетін валюталарды тарту да көзделіп отыр. Атап айтқанда, Астананы газдандыруға Ұлттық қордан 2023 жылы 17 млрд 507,634 млн, ал 2024 жылы 6 млрд 131,1 млн теңге бөлу қарастырылған. 

Бұдан өзге, қала бюджетінен дәл осы мақсатқа биыл 1 млрд 43,1 млн теңге бағытталады. Сонда-ақ республикалық бюджеттен 2024 жылы – 999,9 млн, ал 2025 жылы – 7 млрд 995 млн теңге бөлу ұсынылды.

"Газдандыру – ауқымды және үлкен жұмысты қажет ететін процесс. Қазір мысалы, Шұбар шағын ауданы бойынша жобалау жұмысы жүріп жатыр. Биыл жеткізуші газ құбырының құрылысы басталады. Ал кварталішілік желілердің құрылысын келесі жылы бастаймыз, осының арқасында шағын аудан тұрғындары үйлерін көгілдір отынға қоса алады. Осыған дейін Алматы мен Сарыарқа аудандарының тұрғындарына газға қосылу мүмкіндігі жасалған", – деп мәлім етті Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Әкімдіктің дерегінше, қала ауасын тазартып, оттегімен қанықтыру үшін бұрынғы әкім тұсында жоспарланған құрылыс нысандары орнында енді бақтар пайда болады.

Нақтыласақ, биыл Есіл ауданында Тельман тұрғын алабының оңтүстігіне қарай 2,3 шақырым жерде парк салынады. Сарыарқа ауданында, Ш.Айтматов пен С409 көшелерінің қиылысында, Ырыскелді қажы мешіті ауданында сквер жасақталады. Абылай хан даңғылы, 15 мекен-жайы бойынша "ТЖОҒЗИ" ауруханасы аумағында және басқа да жерлерде сквер бой көтермек.

Жалпы, әкімдік бір парк не скверді салу 17-35 миллион теңгеге түсетінін хабарлады. 

Нұра-Есіл арнасының акваториясы мен жағалау аумағын тазартуға 70 миллион теңге жұмсалады. 

Алтай Көлгінов Талдыкөлді тездетіп көміп тастауға жанталасқаны жасырын емес. Жаңа әкім оған тоқтау салды. Оның орнына 2023 жылы Кіші Талдыкөл көлінде су қорғау белгілерін орната отырып, су қорғау аймақтары мен белдеулерін анықтауға 30 миллион теңге бағытталады. 

Осы жылы Кіші Талдыкөлде, нақтылағанда Есіл ауданындағы Сығанақ, Қазыбек би, Р.Бағланова көшелерінің шаршысында орналасқан рекреациялық аймақтың құрылысын жүргізуге қалалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге шығындалмақ.

Астананың экологиясын жақсарту ісін ғылыми сүйемелдеу де қомақты қаржыландыруға ие болмақ. Осы саладағы ғылыми-зерттеу, іздестіру және басқа да әзірлемелерге 2023 жылы – 30 млрд 693,6 млн, 2024 жылы – 17 млрд 536,9 млн, ал 2025 жылы – 18 млрд 564,3 млрд, яғни үш жылда жалпы сомасы 66,8 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалады.

Осының нәтижесінде Қазақстанның бас қаласы әлемдегі ең лас елдердің қара тізімінен құтылса, жақсы. Сонда суицид оқиғаларына түрткі болатын бір фактор жойылар еді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу