Құрлықтық хокей лигасында ойнайтын "Барыс" бұл жолы сырт айдында "СКА" командасына қарсы шықты. Кездесу фавориті Санкт-Петербор қаласының командасы болатын. Олар сол басымдылықтарын бірден көрсеткісі келіп, есепте алға шықты. Иван Морозов бірінші периодтағы жалғыз шайбаның авторы атанды. Ал екінші кезеңде ойын өте тартысты болды.
Кертис Уолк таразы басын теңестіріп еді, айдын иелері бірден жауап қатты. Дегенімен, "Барыс" азуын көрсетіп, қатарынан екі шайба салды да, ресейліктерді есеңгіретіп тастады. Қос шайбаның авторы - Никита Михайлис. Екінші кезең аяқталар тұста Подколзин соққан шайба таблодағы көрсеткішті 3-3 қылды. Соңғы шешуші үшінші периодта айдын иелері белсенді болды. Кезең бастала салысымен екі шайба салып, жергілікті жанкүйерлер үрейлерін басты. Алайда, Корбан Найт "Барыстың" шабыулын нәтижелі аяқтап, ойынның тартысын қалпына келтірді. Ал одан кейінгі екі шайба "СКА" командасына сенімді жеңіс сыйлады.
Ермұхамед Мәулен