Бесінші турдың қызығын төрешілер белінен басты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2949

Қазақстан премьер-лигасының бесінші туры өте қызықты өтіп, төрешілер бес пенальти беріп, екі голды есепке алмады.

Бесінші турдың қызығын төрешілер белінен басты Фото: fcastana.kz

"Жетісу" – "Қайрат" – 3:0

Биыл да алтыннан дәмелі Алматының "Қайраты" Талдықорғанда "Жетісу" клубымен кездескен. Бұл ойында алаң иелері қонақтарын ойсырата жеңді. Қақпашы Стас Покатилов болмағанда, есеп бұдан да сорақы болар ма еді?! Ол осы ойында екі пенальти тойтарды. Рас, екіншісін Храмцов қайыра теуіп, гол соғып кетті.

Есепті "Жетісудың" сұрмерген қорғаушысы Никита Наумов ашты. Беларусь футболшысы ойынға бұрыштан қосылған, әуелеп келген допты кеудесімен қақпаға енгізіп, өзі де қоса кіріп кетті. Екінші таймның басында Болгария шабуылшысы Ивайло Димитров пенальти соға алмады. Оның тепкен добын Покатилов тойтарып, әрі ұстап алды.

Көп ұзамай төреші "Қайраттың" қақпасына тағы бір пенальти берді. Бұл жолы 11 метрлік айып соққысын Олег Храмцов орындады. Оның да тепкен добын Покатилов тойтарғанымен, шабуылшы допқа бәрінен бұрын жетіп, қақпаға қайыра бағыттап үлгерді.

Ал матч соңында Камо Оганесян қонақтардың жайбасарлық танытқан сәтін пайдаланып, сытылып кетті. Әрі қақпашыны да алдап өтіп, үшінші голды соқты. "Қайрат" осылай ойсырай ұтылып, жанкүйерлерін жерге қаратты. Жас бапкері Алексей Шпилевский шежіресі мол команданың ойын өрнегін үйлестіре де, жатілдіре де алар емес...

"Оқжетпес" – "Тобыл" – 1:2

Маусым басталғалы "Оқжетпес" клубының бағынан соры асып жығылып тұр. Алғашқы ойындарын көшбасшылармен бастады. Бірінші турда "Жетісудан" оңбай ұтылғаны болмаса (1:5), намысты қолдан бермейтін ұжым екендігін көрсетіп жүр-ақ. Бірақ...

Екінші турда "Астанадан" ұтылғанда (1:2), төрешілер обалына қалды. Біріншіден, соққан голдарының бірін есепке алмады. Екіншіден, қақпашысы жарақаттанып қалғанда, ойынды тоқтатпай, елордалықтардың жеңіс голын соғуларына мүмкіндік беріп қойды...

Үшінші турда жағдайы қоңды "Ордабасы" клубымен кездесіп, тең түсті (0:0). Ал Алматыда тағы да әділетсіздікке тап болды. Матч басталған бетте төреші

"Қайраттың" ойын ережесін өрескел бұзған қорғаушысын алаңнан қумады. Кім білсін, алаң иелері кем құрамда қалса, ұтылмас та ма еді?

Ал бүгін "Тобылға" дес берген жоқ болатын. Бірақ төрешілерге деген өкпелері – тағы да қара қазандай. Қостанай клубы екінші голын соққанда, шынымен де офсайд болған секілді. "Тобыл" болса, бесінші рет жеңіске жетіп, қоржынына маңызды үш ұпайды салды. "Астананың" өкшесін басып, көш басында ойқастап жүр.

"Тараз" – "Қайсар" – 1:2

Бұл ойында да төрешілер ерекше көзге түсті. Олар алаң иелерінің бір емес, тіпті екі голын есепке алмады. "Қырағы" лайнсмендер әрбір милиметрді назарларынан тыс қалдырар емес. Соның кесірінен "Тараз" өз алаңында ұтылды. Өкінішке қарай, орталық қорғаушыларының екеуінен де (Касрадзе және Йованович) айырылып қалған тараздықтар стандартты жағдайда жаза басты.

"Шахтер" – "Ертіс" – 4:0

"Ертіске" не болғанын түсіну қиын. Үшінші турда, өз алаңында "Қайсардан" ұтылып, таң қалдырып еді. Бүгін ойыны үйлеспей жүрген кеншілер клубынан күйрей ұтылды. "Шахтер" бұл ойынға дейін бір-ақ гол соғып, әлі жеңіске жеткен жоқ болатын. Ал керекуліктер 19 минуттың ішінде өз қақпаларына үш гол жіберіп алып, бұл ойынның тағдыры бірінші тайм ортасына жетпей-ақ шешілді.

"Ақтөбе" – "Атырау" – 2:0

Биылғы маусымды "–12" ұпаймен бастаған "Ақтөбе" алғашқы жеңісіне қол жеткізді. "Атырау" болса, бірінші турда ғана, түзде "Қайсарды" жеңіп (1:0), жанкүйерлерін қуанышқа бөлеген. Содан кейін кежегелері кері тартып, төртінші рет ұтылып отыр. Арасында "Шахтермен" тең түскені болмаса, мұнайлы өлкенің клубы атыраулықтарды мұңайтып жүр.

"Астана" – "Ордабасы" – 2:1

Шыны керек, бұл ойын "осы турдағы ең қызықты матч болуы керек" деп, асыға күткенбіз. Бірақ екі команданың негізгі құрамы жарияланғанда, көңіліміз су сепкендей басылды. "Ордабасы" сапында негізгі қақпашысы Непогодов жоқ. Малый, Быстров, Диакате, Досмағанбетов, Коробкин және Щеткин сынды белді ойыншылары да көрінбейді. Төлебек пен Механович те хаттамаға тіркелмеген...

Үш ойында үш гол соққан сұрмергені Жоао Пауло – қосалқы құрам орындығында. Әйтсе де, шымкенттіктер намысты қолдан берген жоқ. Дорин Ротариудың алыстан соққан әдемі голына Тоқтар Жаңғылышбай одан да өткен тамаша әрекетімен жауап берді. Оның бұл добына Нидерланд жұлдызы Денис Бергкамп та таңдай қаққан шығар.

Бірақ матч тағдырын пенальти шешті. 66-минутта Марин Томасов 11 метрлік айып добын мүлтіксіз орындады. Төрешілер матч соңында тағы бір пенальти берген. Бірақ Роман Муртазаев "Ордабасы" қақпашысы Бекжан Шайзададан айласын асыра алмай, жаза басты. Әйтсе де, "Тобылды" қуып жетіп, "Астана" қайтадан көш бастады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу